- Advertisement -

Үлкен тенниске үлкен күмбез қажет

26

- Advertisement -

Үлкен теннис – ең қымбат спорт түрі. Алайда, Елена Рыбакина сияқты спорт жұлдыздарының жарыққа шығуымен Қазақстанда осы спорт саласына қызығушылардың саны едәуір ұлғайып келеді. Бағымызға орай облыс орталығында жасөспірімдер үшін үлкен тенниспен айналысуға барлық жағдай жасалған. Дегенмен, назарға алатын жайттар да аз емес.

Өңірде үлкен теннис базасы облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жасақталған. Бұл спорт түріне жүзге жуық бала тартылған. Олардың 84-і алғашқы даярлық тобында, қалғаны оқу- жаттығу тобында жаттығады. Жас спортшыларды төрт тәлімгер жаттықтырады. Олардың екеуі жартылай, екеуі толық жүктемемен жұмыс істейді. Аталған спорт мектебінің басшысы Нұрлан Саурықов үлкен теннистегі негізгі мәселе туралы пікір білдірді.

– Үлкен теннис спорт түрі 2023 жылдың наурыз айында спорт басқармасы басшысының бұйрығымен №6 спорт мектебінің қарамағына өткен болатын. Бірақ, негізгі базасы №4 спорт мектебінде қалды. Сол себепті бір жыл бойы бұл спорт түріне жауапкершілік бізде болған жоқ. Мен сол тұста басшылыққа келдім. Биыл қаңтар айынан бастап спорт басқармасы басшысының жаңа бұйрығының негізінде үлкен теннис біздің қарамағымызға қайта өтті. Спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызды қайтадан қанатымыздың астына алдық. Алдымызға қойып отырған негізгі міндетіміз – балалардың спортпен тиянақты айналысуы. Бұл үшін бюджет толық қарастырылған.

Спортшылар мен жаттықтырушылардың іссапарға барып келуі, қажетті спорттық құралдармен жабдықталуы жіті бақылауда. Техникалық жабдықтау тұрғысынан мәселе баршылық. Мәселе теннис корттарындағы күмбез болып тұр. Күмбез жайы әсіресе қыс мезгілінде күн тәртібінен түспейді. Бұл бойынша спорт басқармасына жылдық бюджетке өтінім ұсынғанбыз. Спорт басқармасы тиісінше облыс әкімдігінің экономика басқармасына тапсырды. Қаражаттың тапшылығына байланысты мәселе шешімін таппай жатыр. Күн жылығанда күмбезді алып тастаймыз. Жаздың күні күмбезге қажеттілік болмайды. Бірақ күн суыта бастағанда күмбезді қайта жауып, балалар тенниспен жылы жерде айналысады, – дейді Нұрлан Байұзақұлы.

Жарамдылық мерзімі өткен күмбезді көзбен көру үшін теннис кортына арнайы ат басын бұрдық. Қаланың қақ ортасында орналасқан спорт мектебінің аумағында 6 корт бар екен. Оның екеуі қысқы корт. Мұнда біз мектептің меңгерушісі Ғасыр Артаевпен аз-кем әңгімелестік.

– Бұл корттағы күмбезді 2009 жылы алдық. 15 жылдан бері пайдаланып келеміз. Жыртылған жерлерін желімдеп қойып, амалдап жатырмыз. «Ауа райы бұзылады, жел болады» деген хабарлама келген беттен бірден күмбезді түсіре бастаймыз. Ал, күн райы кенеттен құбылып кетсе ұйқы көрмей, күмбезді күзетіп шығатын күндер болады. Жаңа күмбез алуға өтініш берілді. Жауабын күтіп отырмыз. Мұндай күмбез алыс-жақын шетелдерде, Ресейде сатылмайды. Тек Еуропадан сатып алынады, – дейді маман.

Күмбезден бөлек, маманның айтуынша тенниспен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік беретін қажетті төсеніштің жоқтығы да қолайсыздық тудырып отыр. Стандарт бойынша үлкен теннисте екі түрлі төсеніш пайдаланылады. Бірі қатты, яғни «hard», екіншісі топырақ (грунт) төсеніш. Соққы кезінде екі төсенішке тиген теннис добының ұшу траекториясы екі түрлі болады. Спортшылар екі төсенішке де бейімделуі тиіс. Себебі, халықаралық бәсекелерде төсеніш таңдап тұруға мүмкіндік болмайды. Ал, бұл спорт мектебінде болашақ үлкен теннис жұлдыздары қатты төсеніштің үстінде жаттығуға мәжбүр.

Мұндай мәселелерге қарамастан спорт мектебінің бағындырып жатқан белестері де аз емес. Мәселен, дәл осы кортта жаттығатын Данир Қалдыбеков 2022 жылы Еуропа біріншілігінің жеңімпазы атанған. Ал, Анастасия Крымкова республикалық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Роман Коновалов есімді спортшы үлкен теннистен спорт шеберіне кандидат және республика чемпионы. Облыста үлкен теннистен өңір және қала біріншіліктері өтіп тұрады. Мамандардың айтуынша, өңірде жасөспірімдер мен жастардың үлкен тенниске деген қызығушылығы орта деңгейде. Себебі, корт саны жеткіліксіз. Ал, ауылдық жерлерде жасөспірімдердің үлкен тенниспен айналысуға мүлде мүмкіндіктері жоқ. Себебі, арнайы корттар қарастырылмаған. Таланттардың ауылдан шығатынын ескерсек, спорт басқармасы мен атымтай жомарт азаматтар бұл мәселеге де назар бұрса дейміз. Спорт – елді жер жаһанға танытудың төте жолы болғандықтан, арамызда жүрген келешек Рыбакиналар мен Шведовалардың жұлдызын жағуда кеш қалмасақ игі.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support