Экономика
ҚАЗАҚСТАН МЕН ӘЗЕРБАЙЖАН: ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне қадам
- author «Ақ жол»
- 14 наурыз, 2024
- 507
ҚАЗАҚСТАН МЕН ӘЗЕРБАЙЖАН: ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне қадам
11-12 наурыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапармен барды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысын Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев «Загульба» резиденциясында қарсы алды. Алдымен екі елдің президенттері шағын құрамда келіссөз өткізді. Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени- гуманитарлық ынтымақтастық, сондай- ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беретін инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасы қарастырылды. Қорытындысында 14 құжатқа қол қойылып, Мемлекет басшылары Қазақстан мен Әзербайжан бұқаралық ақпарат құралдары үшін өткізілген брифингте бірлескен мәлімдеме жасады. Президент Әзербайжанды Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап өтіп, бауырлас мемлекетке жасаған сапарының мән-маңызына тоқталды. «Бұл мемлекеттік сапар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды. Менімен бірге бірқатар делегат келді. Бұл бауырлас Әзербайжан еліне жоспарланған осы мемлекеттік сапарға мейлінше тыңғылықты дайында лғанымызды білдіреді. Бүгін біз тиісті құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсіміне қатыстық. Ең бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалдастығы достыққа, сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге және ескеруге негізделген мемлекетаралық қатынастың озық үлгісі саналатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жоғары деңгейдегі байланыстардың бәрі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту үшін өте пайдалы. Президент Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысында талқыланған мәселелердің маңыздылығына назар аударды. «Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл – шын мәнінде, өте маңызды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік. Мұның бәрі – бірегей жобалар», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталып, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін айтты.
ЕКІ ЕЛ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНА СЕРПІН БЕРЕР КЕҢЕС
Осыдан кейін Мемлекет басшылары Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты. Мемлекет басшысы Астана мен Баку ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрс етіп, бірле скен жұмыстың жаңа бағыттарын дамытып отырғанын ерекше атап өтті. «Жаңа ғана біз сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа, халықаралық аренадағы өзара ықпалдастыққа қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және ортақ ұйғарымға келдік. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның, шын мәнінде, стратегиялық серіктес, одақтас мемлекеттер екенін көрсетеді. Осы орайда екі ел үкіметтері бүгін қол қойылған құжаттар, келісімдер түріндегі уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысатынын ескерсек, ынтымақтастығымыздың перспективасы өте зор. Мен COP29 саммитіне қатысуға шақыруыңызды ықыласпен қабыл аламын. Мұндай шараны өткізу – Әзербайжан мемлекеті мен оның дипломатиясы үшін айтулы тарихи жетістік. Саммит қазіргі климат мәселелерін реттеу және жаһандық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан өте маңызды. Баку бұл міндетті абыроймен атқаратыны сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысының тарихи мәніне тоқталды. Оның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары мен Мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы екі ел қарым- қатынасының алдағы күн тәртібін айқындайды.КӨЛІК-ТРАНЗИТ САЛАСЫНДАҒЫ ЫҚПАЛДАСТЫҚ
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Сиань қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың жаңа көлік-логистика орталығынан шығып, Транскаспий халықаралық көлік бағытымен Апшерон станциясына контейнерлі блок- пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға телекөпір арқылы қатысты. Мемлекет басшысы салтанатты шарада сөйлеген сөзінде қазіргідей жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Еуразияның жаңа көлік-логистика жүйесі құрылып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл процесте Қазақстан мен Әзербайжанның тығыз әрі табысты ынтымақтастығы басты рөл атқарады. Бірлескен күш-жігердің арқасында екі елдің сауда-экономикалық әлеуеті нығайып келеді. Президент Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастықтың көптеген бағыты, соның ішінде көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты нығайту үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты. Сондай-ақ, осы күні Президент Әзербайжан Милли Мәжілісінің төрағасы Сагиба Гафаровамен келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның қарым- қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Әзербайжан Милли Мәжілісінің төрағасы парламентаралық байланысты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Пре зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етіп, оның бейітіне гүл шоғын қойды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Шаһиттер аллеясындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.ФИЗУЛИДІ ДАМЫТУ БАС ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға мемлекеттік сапарының екінші күні Физули қаласында жалғасты. Бұл қала 2020 жылдың 17 қазанында екінші Қарабақ соғысы барысында Әзербайжан бақылауына өткен болатын. Мемлекет басшысы Ильхам Әлиевпен бірге Физули қаласындағы қираған жерлерді аралап көріп, шаһарды дамытуға арналған бас жоспармен танысты. Мемлекет басшыларына қаланы және оның төңірегіндегі аумақтарды қайта қалпына келтіру үшін қолға алынған шаралар туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ, шаһардың жаңа келбеті: келешек әкімшілік орталықтың, саябақтың және басқа да маңызды нысандардың эскиздері мен жобалары көрсетілді. Сондай-ақ, президенттер жергілікті халықпен кездесіп, алдағы уақытта салынатын Физули қалалық орталық ауруханасының жобасымен танысты.ҚАЗАҚСТАН ТАРТУЫ – БАУЫРЛАСТЫҚ НЫШАНЫ
2022 жылдың 24 тамызында Қазақстан Президентінің шешімімен Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының іргесі қаланған еді. Елдеріміздің достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың нышаны саналатын бұл нысанның ашылуы екі Мемлекет басшыларының қатысуымен өтті. «Бұл – Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын», – деді Қазақстан Президенті Физули жұртшылығымен әңгімелесу кезінде. Президент бұл Орталыққа Құрманғазының есімі кездейсоқ беріліп отырмағанын айтты. Өйткені, қазақ халқының дәулескер күйшісінің бай мұрасы бүкіл түркі дүниесінің асыл қазынасына айналды. Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты. «Бауыр ретінде осындай керемет сый жасағаныңыз үшін сізге алғыс айтқым келеді. Азат етілген жерлерде Балалар шығармашылығы орталығын салу сіздің бастамаңыз еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Әзербайжанға келген кезіңізде, аталған орталықтың жобасы таныстырылған болатын. Ол бір жыл ішінде салынды және бүгін ресми түрде ашылып отыр. Бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады», – деді Ильхам Әлиев. Қазақстан Президенті Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты.ШУША САПАРЫ
Мемлекет басшысының Әзербайжанға сапары Шуша қаласында жалғасты. Екі ел президенттері Қарабақ тау жотасының баурайында орналасқан қаланың бас жоспарымен танысты. Содан кейін олар аймақтың көрнекті жерлерін, оның ішінде орталық алаңды, «Саатлы» мешітін, тау қыратындағы «Джыдыр дюзю» алаңын, «Бюль-Бюль» мұражай-үйін, жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған фотокөрмені және тағы да басқа тарихи орындарды аралап көрді. Шуша шаһары ежелден әзербайжан мәдениетінің алтын бесігі саналған. Қала заманында гүлденіп, поэзия, көркемөнер және сәулет өнері дамыған орталық болған. Бүгінде мұнда инфрақұрылым салу және қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше қонақ үй, музей және мешіттер бой көтерген. Тұрғын үйлер, білім беру мекемелері, әлеуметтік нысандар, шіркеулер салынып, жөнделуде. Сонымен қатар, түрлі сала мамандарының қатысуымен нысандарды бағалау және түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорыта айтқанда, сарапшылардың пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Республикасына осы сапарынан кейін бауырлас екі ел арасындағы сауда-экономика, инвестиция, мұнай- газ, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық жаңа дәуірге қадам басады. Сондай-ақ, жаңғыратын энергия көздері, цифрлық коммуникация және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастық да дами түспек. Мәселен, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2020 жылдан бері бес есе артқан. Дегенмен, әлі де аз. 2023 жылдың қорытындысында өзара тауар айналымы 529,4 миллион долларды құрады. Ұлттық банктің дерегінше, 2005-2023 жылдары әзербайжандық инвесторлар Қазақстан экономикасына 380,8 миллион доллар қаржы құйған. Қазақ бизнесінің Әзербайжанға салған инвестициясы осы жылдары 116,6 миллион доллардан сәл асты. Мемлекет басшысының осы сапары аясында тараптар бұл көрсеткіштерді ауқымды арттыруға уағдаласты.Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді