- Advertisement -

Жануарларға жауапкершілікпен қарайық

64

- Advertisement -

Елімізде барлық жануарға, атап айтқанда жабайы, ауылшаруашылық және үй жануарларына жауапкершілікпен қарауға байланысты Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97-VII «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы 2022 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енген болатын. Аталған заң аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үйдегі және хайуанаттар бағындағы жануарларды күтіп-ұстауға қойылатын талаптар қатаңдатылып, жануарларды қорғау жөніндегі азаматтық бастамалар қолға алынбақ.

Осы Заңның аясында қолданыстағы заңнамаларға біраз өзгерістер енгізілді. Жануарларға жауапкершілікпен қарау бойынша «Үй жануарларын асырау және серуендету», «Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» қағидаларының ережелері 2022 жылдың 5 қазанында облыстық мәслихатпен бекітілді. Осы қағидалардың талаптарына сәйкес, қаңғыбас иттерді аулау гумандық әдістерді, құрық және торларды қолдана отырып жүргізіледі. Тек ерекше жағдайларда, егер жануар адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтыру ауруына күдік болса, ұйықтататын препараттар пневматикалық шприцтермен енгізіледі.

Облыс көлемінде 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Заңының 10-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру функциясы берілген, оны облыстың жергілікті атқарушы органдары құрған ветеринариялық ұйымдар осы Заңның 11-бабына сәйкес, мемлекеттік сатып алу бойынша келісімшарт негізінде орындауда.

Сонымен қатар, өңірде «Жамбыл-109» диспетчерлік орталығына түскен азаматтардың өтініштері бойынша қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстары жүргізіледі. Ветеринариялық станциялардан басқа мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер де қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру бойынша қызмет көрсете алады. Ауланған қараусыз иттер мен мысықтар уақытша ұстау орнында ұсталады, осы уақытта олардың иелерін немесе асырап алушыларды іздестіру мақсатында уақытша ұстау орны мен жеке панажайлардың жауапты мамандары «Таңба» жануарларды есепке алу порталына тіркеу жұмыстарын жүргізеді.

«Таңба» порталына үй жануарларын тіркеуге алу иелері есебінен қаржыландырылады, тек әлеуметі төмен отбасылардың иелігіндегі үй жануарлары бюджет есебінен іске асады. Үй жануарларын тіркеуді мемлекеттік және жеке мал дәрігерлік мекемелері мен клиникалар жүзеге асырады. Еске сала кететін жайт, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарлары міндетті түрде тіркеуге жатады.

Осы заңның 9-бабы, 2-тармағына сәйкес облыстардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жануарларға арналған панажайларды салу мен күтіп-ұстауды ұйымдастыруға, жануарларға арналған жекеше панажайларды қоса қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы. Осы мақсатта заңнаманы басшылыққа алып өңірде аудандардың жергілікті атқарушы органдары үй жануарларын уақытша ұстау пункттерін және панажайлардың құрылысын жүргізу және жалға алу жұмыстарын жүзеге асыруда.

Сондай-ақ, қоғамда қаңғыбас иттердің жай-күйі тұрғындарды қашанда алаңдататыны белгілі. Бұл жағдайда жоғалған иттер иелері табылған уақытта ерекше талаптарға сәйкес беріледі. Сұраныс болмаған иттер мен мысықтар айналасына қауіп төндірмейтін, жұқпалы аурулардан таза болған жағдайда стерилизациялау жүргізіліп, құтырма ауруына қарсы егілгеннен және сәйкестендіруден өткеннен кейін ауланған ортасына жіберіледі. Азаматтар мен жануарларға нақтылай қауіп төндіретін және ауруға күдікті иттер мен мысықтар ізгілік жолмен жансыздандырылып, зарарсыздандырылады.

Қаңғыбас иттердің көбеюі иелерінің жауапсыздығынан да орын алады. Заң талаптарына сәйкес, жануардың иесіне немесе жауапты адамға бірталай жауапкершіліктер жүктелген. Атап айтқанда, олар иелігіндегі жануарларын ветеринариялық- санитариялық, гигиеналық талаптарды сақтай отырып, асырауға және ұстауға, облыстық мәслихатпен бекітілген арнайы қағидаға сәйкес есепке алуға, уақытылы вакцинация жасатуға, жануарына жауапкершілікпен қарауға және қатыгездік көрсетпеуге міндеттелген. Сондай-ақ, ит иелері басқа адамдар мен жануарлардың өміріне немесе саулығына қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік шараларын қабылдауға, қоршаған ортаның, қоғамдық орындардың ластануына жол бермеу қағидаттарын сақтауы қажет.

Жануарларға жауапсыздықпен қарап немесе қатыгездік көрсетілген жағдайларда «Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің» 407-1 бабына сәйкес, қылмыстық белгілері болмаса жеке тұлғаларға 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Бұдан бөлек, «Қылмыстық Кодекстің» 316-бабы бойынша жануарларға қатыгездікпен қарау мертігуге алып келсе, 120 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салуға немесе 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартуға немесе 30 тәулікке қамауға алуға жазаланады. Егер жануар өліміне алып келсе, белгілі лауазыммен айналысуға 1 жылға шеттетіледі немесе онсыз 200 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Бұл талаптармен келіспеген жағдайда жазаланушы 200 сағатқа жұмысқа тартылады, немесе 50 тәулікке қамалады. Бір жыл ішінде қайталанса екі есеге қатайтылады. Аталған заң бұзушылық түрлері бір жыл ішінде екі рет қайталанса, жаза да екі есеге қатайтылады.

Сондықтан да облыс тұрғындарына иеліктеріңіздегі жануарларыңызды жауапкершілікпен қарап, оның ішінде үй жануарларын бос жібермей, талаптарға сай күтіп ұстауды және чиптеу арқылы сәйкестендіріп, «Таңба» порталына тіркеу қажет екенін назарларыңызға саламыз.

 

Ануарбек ҚАЛТАЕВ,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support