Жаңа мешіт ел игілігі үшін

Жаңа мешіт ел игілігі үшін
ашық дереккөз
Жаңа мешіт ел игілігі үшін
Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Нұрлыкент ауылында жаңарған мешіт қайта бой көтерді. Оның ашылуына жиналған халық Аллаға мадақ айтып, рухани кештің көркін қыздыра түсті. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының облыс бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің айтуынша, республикамызда заңды тіркелген 2142 мешіт болса, оның 70 пайызы ауылды жерде орналасқан екен. Ал, біздің облыста 343 мешіт жұмыс істеуде. Соның бірі – Нұрлыкент ауылындағы мешіт. Бұған дейін ауыл мешіті бұрынғы сауда үйі болған универмагтың ғимаратын пайдаланып келген еді. Ол мешітті уақыт талабына сай жаңғыртуды көздеген ауыл жастары бұдан бес жыл бұрын істі бастайды. Жаңарған жаңа мешіттің ашылу салтанатында облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев Құран оқып, дұға жасады. Сөз соңында «Халықты руханиятқа бастайтын мешіт елді бірлікке шақыратын, ынтымағын арттыратын, рухын көтеретін үйі болсын», деп құтты болсын айтты. Сөйтіп осы мешіттің жаңғыртылуына үлес қосқан бірқатар ауыл азаматтарына Алғыс хат тапсырды. Ал, мешіт имамы Қанатбек Ережепбайұлына Құран кітабын тарту етті. Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтаса келіп, мешіттің жаңғыруына үлес қосқан кәсіпкерлер Алмат Раханұлы, Сапархан Оразалыұлы, Нағима Әділбекқызы, Айбек Орынбасарұлы, Қанатбек Ережепбайұлы мен Ринат Раханұлына Алғыс хат тапсырып, мешіт имамына Қасиетті Құран кітабын сыйлады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын Нұрлыкент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Жүнісбайұлы құттықтады. Ал, Ақмола облысынан келген ақын Арман Бердалин өз арнауын жырмен жеткізді. Кеш барысында кәсіпкер Алмат Әбдірахманұлы ауылдың бас имамы Қанатбек Ережепбайұлына мешіт кілтін тапсырды. Соңынан қос азаматқа ауыл тұрғындары ат мінгізді. Жастардың осы бастамасына Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебекұлы ақ батасын берді. Көкке көк Ту көтеріліп, сұңқар ұшырылған сәтте ауыл тұрғындары жаппай орындарынан тік тұрып, алақандарын кеуделеріне басып, Әнұранды асқақтата шырқады.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар