Парасат биігіндегі педагог

Парасат биігіндегі педагог
ашық дереккөз
Парасат биігіндегі педагог
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, бойындағы бар білімі мен білігін баланың тұлға болу жолына сарп еткен ардақты ұстаз, көшбасшы мұғалім, мектеп тренері, педагог-шебер Гауһар Тәжікенова көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында зейнет жасына толып, әріптестері мен Жуалы ауданы халқының құрметіне бөленуде. Ұстаздың жолы – ұлы жол. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев мұра еткендей, Гауһар Жұматайқызы өз саласында қашанда абырой биігінде. Алпыстың асуын бағындырып отырған аяулы ұстаз тек, шәкірт тәрбиесінде ғана емес, отбасында балаға тәлім беруде де, ағайын арасын бауырластыруда да, ата дәстүрді берік ұстануда да әрдайым парасаттылықтың асқан үлгісін көрсетіп келеді. Қазақтың маңдайына сыймай кеткен маңғаз ақыны Бауыржан Үсеновтің ізінен ерген қос перзентін азамат етіп, қатарға қосқан аяулы ана кешегі Бопай, Домалақ аналардың ізімен жарға адалдық танытып, әрдайым айналасына жасампаздық жолын нұсқайды. Гауһар Жұматайқызы 1963 жылдың 3 наурызында қасиетті Қызылорда топырағында дүниеге келген. Сыр сүпейлерінің құдіреті дарыған қастерлі өлкеде сауат ашып, 1981 жылдың жазында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. 1985 жылы алаған оқу орнының журналистика факультетінің студенті, күллі ҚазМУ-ды әнімен әлдилеген сері ақын Бауыржан Үсеновпен шаңырақ көтереді. 1986 жылдың жазында қолына дипломын алып Жуалы ауданы, Қошқарата ауылындағы Абай мектебіне жас маман ретінде жолдама алады. Ұстаздықпен өрілген ұлағатты өмірдің іргетасы осылай қаланды. Гауһар Тәжікенқызының жас ғұмырына жаралы із қалдырған – Желтоқсан оқиғасы. Сүйген жары Бауыржан Үсенов қараша қазақтың тағдырындағы жолайрыққа ұқсас осы қан-қасап желтоқсанның бел ортасында азаттық үшін арпалысқан адуынды ақын еді. Гауһар Тәжікенова болған оқиғаны телеграмма арқылы естіп, Құдай қосқан жарының жайын білмекке Алматыға аттанады. Шаһарға табаны тие салысымен, Тимирязев көшесінің бойымен жолдасын тауып алу үшін жаяу бара жатқанда өрт сөндіру машинасы шашқан тастай судың астында қалады. Қытымыр қыстың қақаған аязында үстіне төгілген су мұз боп қатып, денесін қарыса да, оған қарамастан жолдасымен қауышуға асығады. Жарының амандығына көз жеткізген соң, ел іші тынышталғанымен Бауыржандай дара ақынның ізіне қоңырау байланып, ылғи аңдуда жүреді. Желтоқсан оқиғасына дейін де әйгілі «Қара машина» өлеңі үшін «үш әріптің» назарын өзіне бұрып алған ақынның аңсаған азаттық жолында көрмегені жоқ. Ақынның алғаусыз көңілінің жайын тауып, жанында айнымас серік болған Гауһар Жұматайқызы желтоқсаннан кейін бүйрекке тиген суықтан көп зардап шекті. Тағдыр маңдайға жазған теперішке көндікпей, қосағынан ерте айырылса да қос құлынын қатардан кем қылмай өсіріп, бүгінде немерелерінің былдырлаған тілін қызықтап жүрген ақ жаулықты әжеге айналды. Иә, мықтылар өмірден өткенімен, олардың ізін өшірмейтін ұрпақ қалады. Сол ұрпақтың саналы болып өсуіне өлшеусіз еңбек сіңірген Гауһар Жұматайқызы 1990 жылы аудан орталығындағы газетке күйеуінің жұмысқа орналасуына байланысты Орджоникидзе атындағы №1 мектепке жұмысқа қабылданады. Мұнда орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ береді. Арада бірнеше айлар өткен соң Н.К.Крупская атындағы мектепке ауысады. Бүгінде бұл мектеп Д.А.Қонаевтың атында. Содан бері аталған мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беріп, осы білім ұясында тапжылмай 34 жыл қызмет атқарып, зейнет жасына жетті. Үш мүшелді осы мекемеде өткерген ұстаз әріптестеріне сыйлы, басшылық үшін қашанда құнды кеңес алып отыратын ақылқалта іспетті. Гауһар Жұматайқызы осы жылдар ішінде қарапайым қатардағы мұғалімнен бастап, көшбасшы-мұғалім, мектеп тренері, педагог- шебер, серіктес мектептердің үйлестірушісі, іс-әрекетті зерттеу тренері, коуч-тренер бола жүріп, мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін арттыруға айрықша еңбек сіңірді. Жас мамандардан «lesson stady» деңгейі бойынша зерттеу топтарының құрылуына септігін тигізіп, оларды сыныптағы қолайлы ортаны қалыптастыруға үйретті. Әріптестері Гауһар Жұматайқызының қалтқысыз қызметін айрықша бағалайды. Зейнет жасына толған күні өзі қызмет ететін қазақ тілі мен әдебиет пәні кафедрасының мұғалімдері өздеріне үлгі болып жүрген ұстазды ерекше форматта құттықтап, мерейін тасытты. – Гауһар Жұматайқызы біздің мектебімізге тәуелсіздік жылдарына дейін жұмыс істеуге келген, арамыздағы ең ардақты қызметкерлердің бірі. Мектептегі әрбір бастаманың негізгі үйлестірушісі, жастардың кеңесшісі, кез келген мәселеде ақылмен жол таба білетін даналық иесі осы жылдар ішінде нағыз педагогтың қандай болуы тиіс екенін көрсете білді. Бүгінде ұжымымыздың анасына айналды. Талай қызметтің тұтқасын ұстап жүрген шәкірттері Гауһар Тәжікенова туралы әрқашан зор мақтанышпен, ыстық ықыласпен пікір білдіреді. Тек, қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша ғана емес, барлық педагогтарға құзіреттілік арттыру бойынша білім берді. Гауһар Тәжікенова өзінің көп қырлылығымен, жасампаздығымен, шәкірттері мен айналасына деген ерекше мейірімімен көзге түскен маман. Мектебіміздегі, ауданымыздағы кәрі-жастың бәрі де ол кісіге асқан құрметпен қарайды. Мен осындай парасатты педагогпен жылдар бойы бірге қызмет еткеніме мақтанамын және осы жылдар бойғы мектебімізге сіңірген еңбегі үшін зор алғысымды білдіремін,–дейді Д.А.Қонаев атындағы №19 гимназия директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Хабдуллаева. 2019 жылы облыстық тамыз конференциясында Гауһар Тәжікенова жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Білім және ғылым министрлігі тағайындағын Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалінің, «Желтоқсан оқиғасы» төсбелгілерінің иегері. Еңбектің еленгені әрбір педагогтың мерейін тасытып, абыройын асқақтататыны сөзсіз. Ұстаз үшін алдындағы баланың тұлға болып қалыптасып, қоғамнан өз орнын таба алғанынан асқан бақыт жоқ. Гауһар Жұматайқызы осы бақытқа ие бола отырып, парасат биігін бағындырған мұғалім. Өңірімізде осындай ізгілік жолын жалғаған ұстаздар қатары молая береріне сеніміміз зор.  

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар