Әйелі бақытты қоғамның басқа бақыты да бүтін
Тіршілікте тұтас адамзат үшін мейірімнің бұлағына айналған бір ғана жан бар. Ол – ана. Қоғамда жар, келін немесе қызметкер сынды қаншама рөлі болса да, ананың перзенті дегенде көңілі мен ықыласы бөлек. Кез келген әйел затының аналық махаббаты теңізден де терең, таудан да биік екені сөзсіз. «Ананың алақаны балаға айдынды қоныс» демекші, ардақты аналардың баласына берген тәлімімен-ақ бүкіл тіршіліктің тыныштығына, кемел келешегіне үлесі зор. Десе де, ұлттың ұйытқысына, шаңырақтың шырақшысына айналған аналар қауымы онымен ғана шектеліп жатқан жоқ. Қазіргі таңда қоғамдық істерде де, саясат пен өнерде де әйелдер қауымының көш бастап жүргені жасырын емес. Ол әрине, ана деген ардақты есімнің атына кір келтірмей, ізінен ілесіп келе жатқан қызына үлгі болайын деген ізгі ниеттен туған қадамдар. Қоғамда ана өмір сыйлаған қыздың да сол үлгі- өнегемен ұлттың тағдырын өркендету жолында қосқан, қосар үлесі аз емес. Тіпті, ол бағзы заманнан бері жалғасын тауып келе жатыр.
Мәселен, қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, «Судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» деген мақалға сай келетін жағдайлар мен оқиғалар легі көп. Иә, халқымыз түрлі қилы кезеңдерді бастан кешкенде өзінің ақыл-парасатымен ұлтты ұйытып, қажет кезде ерінің жоқтығын білдірмей, тұтас әулеттің түтінін түтеткен әжелеріміздің ерлігі әлі де тарих тақтасында жазулы тұр. Дана Абайды өмірге әкелген Ұлжан анамыз, тәлім-тәрбиесімен сусындатқан Зере анамыз, Домалақ ана, Жұбан ана, Нұрпая ана, Ақтолыс ана және тағы да басқа көреген аналар шоғырының жібі әлі күнге дейін үзілген жоқ. Жаугершілік заманда араздасқан екі елді татуластыруға себепкер болған қыздар болса, бүгінгі бейбіт заманның қыз-келіншектері халықтың мүддесі үшін қызмет етіп жүр. Нақтырақ айтсақ, қанатын кеңге жайған іскер әйелдер қауымдастығының еселі еңбектері өңіріміздегі жалпақ жұртқа аян.
2021 жылдың қазан айында іргетасы қаланса да, аз уақыттың ішінде қаламыздың қақ төріндегі «Анаға тағзым» орталығы тыңнан түрен салған жобалардың ошағына, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын орталыққа айналып үлгерді.
Осы тұста тек отбасы, ошақ қасында ғана емес, қоғамның қыз-қыз қайнаған ортасында өз заманында ұлттың жүгін арқалаған Лидия Абылғазықызы, Нілзия Алғазықызы, Надежда Врублевская, Надежда Нестерова, Күлімхан Тоғызбаева апайларымызға үлгі-өнегесі үшін алғысымды білдіремін. Сондай- ақ, киелі Жамбыл жерінің қыздарының қайсарлығы мен еңбекқорлығынының үлгісіне айналған Гүлдара Алданышқызы, Сұлушаш Сәтбекқызы, Рахия Сейтбекқызы, Дәмеш Шайхықызы, Мүбарак Қасымқызы сынды замандастарыма даналықтың даңғылын жалғап, адалдықтың ақ туын көтеріп жүргендері үшін құрметім бөлек. Ықылым заманнан бері келе жатқан аналар өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, құндылығын арттырып отыратын асыл мұра. Замандастарым ардақтап жүрген сол құндылықты кейінгі буынның қыз-келіншектері жалғап, ұлттың ертеңі де әйелмен әдемі боларына сенімім мол.
Шын мәнінде, уақыт өткен сайын қызы құрметтелген, бақытты болған елдің басқа да бақыты бүтін боларына көзіміз жетіп отыр. Сондықтан, қоғамда әрбір қыз баласының болашақ ана, жар ретінде құрметке лайық екендігін ұмытпайық. Сөз соңында барша аналар мен қыз-келіншектер қауымын көктемнің шуақты мерекесімен, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Арқасүйер азаматтарымыз аман болып, әйел бақыты қоғамның тыныштығы мен шаттығына айналсын!
Сара МАДИЕВА, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді