Ақ халатты абзал жан

Ақ халатты абзал жан
ашық дереккөз
Ақ халатты абзал жан
«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» дегендей-ақ, осыдан алты жыл бұрын сырқатқа шалдыққанда сау жүрген күннің нағыз бақыт екенін ұқтым. Оң жақ кеуде тұсымнан ісік пайда болып, шанши бастады. Әйелім Айжан мен кенже балам Айдос бірден облыстық онкологиялық ауруханадағы дәрігер Зүлфия Алиеваға алып барды. Сол сәттен бастап Зүлфия Абуғалиқызы мені өз бақылауына алды. Арнайы мамандардың тексеруіне жіберіп отырды.

Өзге дәрігерлер мені тіпті «Зүлфияның ағасы» деп ықылас, пейілдерін танытып, ем- домдарын аямады. Зүлфия расында да жақын қарындасымдай жанашырлығын көрсетті. 2019 жылдың ақпан айында Зүлфия жанына бір дәрігерді ертіп, палатама келді. Оған мені «Ағам» деп таныстырып, маған «Бұл кісі сізге ота жасайтын Ерасыл Арапов деген дәрігер, енді осы дәрігердің айтқандарын бұлжытпай орындаңыз», деп шегелеп тапсырды. Егер адам науқастанса, өз білгенімен кетпей, дәрігердің айтқан әр кеңесін мұқият орындаса, дертпен күресу оңайырақ болады екен.

Белгіленген күні ота жасалып жатқанда денем ешнәрсе сезбегенімен, дәрігерлердің өзара әңгімелерін анық естіп жаттым. Әлгі дәрігер маған «Терең тыныс алыңыз, жай демалыңыз» деп бұйырған сайын айтқанын орындадым. Арасында «Молодец» деп мені сөзбен қолпаштап қояды. Әуелі Құдай, содан соң дәрігерлердің ем-шарасы және ағайын- туыстың тілегі сеп болып, денсаулығым түзеле бастады. Бір күні тілеулес бауырларымның бірі түс мезгілінде ауруханаға халімді сұрай келіп, молынан ас-ауқат алып келіпті. Әйеліме «Мына ас ысырап болмасын, Зүлфия жанындағы әріптестерімен бірге ауыз тисін», – дедім. Асты беті ашылмаған күйінде Айжан алып кеткен. Біраздан кейін «Бүгін Зүлфияның туған күні екен, ұжымдастары құттықтап жатқан сәтке түстім. Рахмет айтып жатыр», – деп жүзі бал-бұл жайнап келді.

Дәрігердің алдына барған адамға мейірлене қарап, жылы сөзімен-ақ дертіңді емдейтін бейнесі көз алдыма келіп, шынайы разылық пейілмен мереке қарсаңында жүрегімнен шыққан өлең жолдары арқылы құттықтағым келеді.

Бекем болып дәрігердің сертіне, Әр науқастың шипа беріп дертіне. Екі өмірдің ортасында тұрған жан, Үміт билеп, қан жүгірді көркіне. Дертті бойды жылы сөзбен тербедің, Жан дүниеңмен дем бердің де емдедің. Ел алғысы аяқсыз қалмақ емес, Алла разы, ескерусіз емес еңбегің. Күдік бойын билегенде науқастың, Көңіліңнің кілтін тауып санастың. Ел тілегі отбасыңа жақсылық, Мол ризық, береке боп жанассын!

 

Жанбайбек ТҮГЕЛОВ,

Тараз қаласының тұрғыны.

Ұқсас жаңалықтар