Өз ісінің шебері

Өз ісінің шебері
ашық дереккөз
Өз ісінің шебері
Өңірімізде қоғамдық және мемлекеттік жұмыстарға белсене араласып, гендерлік саясатқа үлесін қосып жүрген қыз-келіншектер аз емес. Олардың қатарына қашанда басшылық жұмыстарда табандылық көрсетіп келе жатқан Мүбарак Жинақбаеваны қосуға болады. Қай кезде де жастарға қолдау көрсетіп, өзінен кейін қызметке келіп жатқан сіңлілеріне қамқор болып жүретін Мүбарак Қасымқызы еңбек жолын 1983 жылы Шу қалалық комсомол комитетінде есеп секторының меңгерушісі болып бастаған. Тараз педагогикалық университетінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен қызмет көрсету саласының бакалавры дәрежесін алған. 2002 жылы Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясына директор болып барғанға дейін Шу қалалық әкімшілігінде бас маман, бөлім меңгерушісі сияқты қызметтерде болып, шыңдалу мектебінен өткен ол бірқатар тәжірибе жинақтаған еді. Сондықтан, мың бала білім алатын гимназияны басқарудағы шеберлігін алғашқы айлардан-ақ көрсетті. Мұғалімдердің балаға алаңсыз білім беруіне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді алғашқы күннен оң жағынан шешті. Іскер директордың ақылын тыңдаған жас мамандар өз жұмыстарына құлшына кірісетін. Нәтижесінде оқу оазттары көбейіп, қиын балалар азайған еді. Аталған қаладағы Төле би мектеп-гимназиясын басқару кезінде де Мүбарак Қасымқызы осындай тиімді басқару мәнерінен, батыл қадамдарынан айныған жоқ. Нәтижесінде мектеп-гимназияның көрсеткіші жақсарып, аз уақытта үлгілі ұжымның қатарына қосылды. Мүбарак Жинақбаева 2008 жылы Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалып, арада екі ай өткенде Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болды. Осы жылдары өзге іс-шаралармен бірге қалалық ақындар айтысын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұратыны есімізде. Онан соң алдынан мерзімдік басылымдар үзілмейтін. Бұл – басшының жан-жақтылығын көрсетсе керек. Осы қызметте табаны күректей алты жылдан астам уақыт отырып, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары болып жоғарылады. Үш жылға жуық осы қызметте болды. Онан соң Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы болып тағайындалған Мүбарак Қасымқызының іскерлігіне сенгендердің қарасы өте көп болды. Қалалық білім бөлімін 2 жыл 5 ай басқарғанда көпшіліктің талап-тілегіне құлақ асты. Тіпті, жекеменшік балабақшалар есебінен мәселе шешімін тапты. Мұннан соң бірқатар жауапты қызметтерде болған Мүбарак Қасымқызы 2020 жылдың қарашасында Шу ауданы әкімдігі білім бөлімін басқарса, 2022 жылдан облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесіне директор болып тағайындалды. Бұл мекеме өзге ұлт өкілдерімен бірлесіп, халықтар достығын нығайту бағыттары бойынша еңбек етеді. Мұндай жауапты қызметке Мүбарак Жинақбаеваның басшы болып келуі дұрыс жасалған таңдау екенін уақыт өзі дәлелдеп келді. Қазіргі таңда біздің өңірде ұлт өкілдерінің берекелі ісі, жарасымды тірлігі байқалады. Әр жылдардағы елеулі еңбегі ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Облыс және Тараз қаласы әкімінен алған марапаттары да аз емес. Ең бастысы – қандай қызметке барса да абыройға бөленумен келеді. Жалпы, адамдар мен адамдардың арасын жақындату, әр түрлі ұлт өкілдерін татулыққа шақыру, бірлікті бекем ұстау оңай емес. Мүбарак Қасымқызы осынау пышақтың жүзіндей жұмыстардың үдесінен шығып отыр. Оның мемлекеттік қызметке жаңадан келіп жатқан жастарға үйретер үлгісі көп. Өз еңбегімен танылып жүрген Мүбарак Қасымқызы құрметтеуге лайық. – Бізді әжем Бибігүлшім тәрбиеледі. Әжемнің бойындағы асыл қасиеттердің бірқатарын алып қалдым. Оның ең үлкені – шындық пен адалдық. Міне, осы екі қасиет менің өмірімде әлі де аса маңызға ие болып отыр. Бұйыртып, бірқатар басшылық қызметтерде болдым. Ешқашан асып, тасып, шектен шығып кеткен жоқпын. Қарапайым қалпымда қалдым. Өңірдің гендерлік саятсатына үлес қосып жүрген кісілердің бәрімен байланысым бар. Барлығына құрметпен қараймын. Мемлекеттік қызметте атқарған жүмыстарыма көңілім толады. Бастысы – тазалық болды. Сол тазалық жолы әркез мені көтеріп келеді, – дейді Мүбарак Қасымқызы.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар