Абыз тұлға, аңыз тұлға

Абыз тұлға, аңыз тұлға
ашық дереккөз
Абыз тұлға, аңыз тұлға
Тұлға болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған тағдыр. Туабітті талант, тураби атанған әділ, шыншыл адам ғана тұлға болмақ. Бір дәуірдің жүгін арқалаған, заманалар көшінде өз қолтаңбасын қалдырған бірегей тұлғаның бірі – Баттал Жаңабайұлы. Қазақтың сөз ұстаған игі жақсыларының жалғасы, тіршілікте темірдей тәртіп пен тазалықты ту еткен тұғырлы тұлға ретінде де ел есінде сақталады. Ғасырға жуық жасаған ғұмырында кісілік келбетіне қылау түсірмеген, азаматтық болмысына адал болған ардақты жанның өмірі өзінен кейінгі қалам ұстаған барлық буынға өнеге болды. Қазақ өзі жақсыны да, сөзі жақсыны да әрқашан сыйлайды, құрметтейді. Жақсының жолын ырым етіп, өзінің өмір жолына өнеге қылады. Бұл да қазақтан өзгеге жараса қоймайтын ерекшелік. Біз Баттал Жаңабайұлымен қатар қызмет атқармасақ та, жақсы сөзін естідік, батасын алдық. Ал, қатар жүрген, қызметтес болған аға буынның айтары да Баттал Жаңабайұлының адалдығы мен адамгершілік қасиеті. Бұл да бір бақ, абырой. Абыройды ешкім де биік мансаппен, мол дүниемен және өзге де нәрселермен сатып ала алмайтынын өмірдің өзі әлдеқашан көрсетіп берген. Қазақта «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген сөз бар. Баттал Жаңабайұлы ұзақ жасаған, көпті де көрген, көргенінің бәрін көркемдік кеңістігінен тұлғалық биікке көтерген көшелі кісі болды. Өзін де, өзгені де сыйлайтын, сыйлата алатын, соңынан сөз ертпеген азаматтың болмысына қызыға қараудың өзі керемет дүние. Облысқа басшы болып келген көптеген азаматтардың абыз ақсақалдың шаңырағына арнайы барып сәлем беріп, батасын алғандарын да талай көрдік. Аймақ руханиятының алтын діңгегіндей болған абыздың батасы дарыған азаматтар да аз емес еді. Бұл біріншіден, абыз деңгейіне көтерілген ақсақалдың қоғамға сыйлы болғанынан болса, екіншіден, атқамінер азаматтардың жасы үлкенді сыйлаған үлгілі ісі еді. Сол үлкен басшыларға өзінің жеке басының шаруасын айтпай, елдің, халықтың мәселесін айтуы да туабітті тектіліктің бір көрінісі. Үйренетін үрдіс пен ұстанатын ұстаным-ақ. Жас күнінен көшбасшы, қайраткер болған тұлға өмірінің соңына дейін сол қасиетін сақтап қалды. Қайран қалдыратын көрініс. Кезінде қайраткер Баттал Жаңабайұлы сол кездегі облыс басшысы Хасан Бектұрғановқа айтып жүріп, абырой-беделін салып, қаланың орталығындағы бүгінгі Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйінің ғимаратын алып бергені де шындық. Бүгінде сол қасиетті қарашаңырақтан талай қаламгер шыңдалып шығып, руханият әлемінде биік белестерді бағындырып келеді. Одан бері де арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол ғимарат таланттардың темірқазығындай болып тұр. Көпті көрген абыз Баттал Жаңабайұлымен дидарласып, сұхбаттасудың өзі де біз сияқты жастарға бір ғанибет еді. Сәлем беріп бара қалғанымызда, ақсақал елдің, халықтың әңгімесін айтып, басылымдардың бүгінгі жай-күйін сұрайтын. Өзі туралы сұрасақ қана жауап беретін, атқарған қызметін, алған атағын тізбелеп отырмайтын қасиетінің өзі бекзаттық еді. Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Әзілхан Нұршайықов және өзге де қазақтың қайраткер тұлғаларымен сыйлас, сырлас болғанын сұраған кезімізде ғана айтып берген. Бірде облыстық «Сталиндік жол» газетіне басшылыққа бекітілетін кезінде Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болыпты. «1965 жылы Дінмұхамед Ахметұлының қабылдауында болып, батасын алдым. Ол кісі маған «Енді жүре бермей, жұмысыңа кіріс» деп айтты», дейді. Ол кезде облыстық газеттің басшысының орталықтан бекітілетінін бірінші рет сол кісіден естідік. Кеңес өкіметінің билеп- төстеп тұрған уақытында білдей бір облыстық газетті шығару да оңай емес еді. Түрлі тапсырма, нұсқау, әр әріптің артында тұрған саясат, бәрі де бір-ақ сәтте басқа арнаға бұрылып кетуі әбден мүмкін түсініксіз құбылыстар болатын. Сол қиындыққа қарамай Баттал Жаңабайұлы облыстың бас газетін жиырма жыл абыроймен басқарды. Мылтықсыз майданның ішінде жүріп, бейнет кешіп осы абырой биігіне жетті. Тура жол, темірдей тәртіп, терең білім Баттал Жаңабайұлын осы биігіне жеткізді. Бұл жол – жақсының жолы, бәрімізге де үлгі. Кейде қаламгер ағалармен әңгімелесе қалғанда, кешегі күрделі кезең, біз көрмеген беймәлім уақыт туралы сұраймыз ғой. Расында да, қазақтың қилы тарихында ұлттың басынан талай аласапыран өтті. Арғы тарихымыздағы жан алып, жан беріскен қанқасап қырғындарды айтпағанда, бергі тарихтағы қызыл өкіметтің саясаты, астыртын әрекеттері, бәрі де біздің тарих. Ұлы уақыттың кеңістігіндегі, тарихи заманалар көшіндегі бір-бір сәт болатын. Сол кешегі қызыл өкіметтің саясатын Баттал Жаңабайұлы көрді, тіпті, бел ортасында болды. Мұндай кезде ол кісінің турашылдығы, әділдігі айтылмай қалмайды. Белгілі жазушы- драматург Елен Әлімжанның ілгеріде айтқан бір сөзі Баттал Жаңабайұлының болмысын да, сол кездегі уақыттың көрінісін де дәл береді. «Жиырма жыл бас редактор болу оңай шаруа емес. Ол кезде талай басшылар өзгеріп жатты. Бірақ, ол кісінің тұрақты жұмыс істеуі жеке басының қасиетіне көп байланысты болды. Жеке басының қасиеті дегенде, ең бірінші ол кісі ұжымды дұрыс басқара білді. Ол кісінің басты қасиеті – біреуді тым жақын да жібермейтін, тым алыс та жібермейтін. Бұл – үлкен қасиет». Осы бір ауыз сөзде бір дәуірдің жүгі бар, бірегей тұлғаның болмысы бар. Бас редактор болу дегеннің шалқайып жүру емес екенін, беделі мен жауапкершілігі қоса жүретін міндет екенін ұғындырады. Белгілі жазушы Не сіпбек Дәут айұлын жұмысқа қабылдап, облыстық газеттің Қордай ауданы бойынша тілшісі еткені де бір тарих. Облыстық басылымға ауданнан түрлі тақырыпта мақалалар мен шағын хабарлар жіберіп тұратын жас жазушының ізденісіне қолдау білдіргені де көреген басшының қасиеті болса керек. «Адам деген көп қой. Соның ішінде кісілері болады. Баттал аға мәдениетті, байыпты, білімді, адамгершілігі зор, ешкімге қиянат жасамайтын кісі болды», деген Несіпбек Дәутайұлының сөзі де жадымызда. Кезінде Шерхан Мұртазаның Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Оралхан Бөкей сияқты сол кездегі жастарды жұмысқа қабылдап, қолдау білдіргені де т арихт ан белгілі. Кейіннен Шерағаң сенім артқан сол азаматтардың бәрі де шығармашылықта шыңдалып, қазақтың руханият кеңістігіндегі бір-бір алып бәйтерекке айналды. Сол сияқты, Баттал Жаңабайұлының да шығармашылық шеберханасында Әлдихан Қалдыбаев, Арғынбай Бекбосын, Елен Әлімжан, Несіпбек Дәутайұлы және өзге де талантты тұлғалар қалың қазаққа қаламгер ретінде т анылды. Сол ке здегі облыстық газеттің жұлдызды шағы да осы кезеңдер болғанын аға буын әлі айтады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде сол кездегі Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» (бүгінгі «Aq jol») газетіне Баттал Жаңабайұлы бас редактор болып келді. Күнделікті қым-қуыт тіршілік, газеттің жұмысы, түрлі жиындар, бәрі де артылған үлкен жауапкершілік. Қазіргідей қаптаған газет-журнал, сайттар, әлеуметтік желілер деген атымен жоқ. Аймақтың жалғыз руханият айнасы, ақпарат кеңістігі, идеологиялық құралы бір ғана облыстық газет еді. Сол кездегі «Сталиндік жол» газетінің атауы Баттал Жаңабайұлы қызмет атқарып жүрген жылдары «Еңбек туы» болып өзгерді. Хакім Абай, дана Шәкәрім, ұлы Мұхтар туған Семей топырағында, облыстық «Екпінді» газетінде журналистік жолда еңбек етіп, шыңдалып келген азамат Жамбыл қаласында еңбек жолын жалғастырды. Әуелі облыстық газеттің үгіт-насихат бөлімін басқаруға келген азамат бас редакторлыққа дейінгі жолдың бәрінде абыройлы болды. Әрқашан бірінші кезекте абыройлы болуды тілейтін қазақы таным тұрғысынан қарасақ та, бұл да екінің біріне бұйырмайтын бақыт еді. Өзіне дейін аймақтың бас басылымында еңбек еткен Ғайса Сармурзин, Жайық Бектұров, Төленді Оңғарбаев және өзге де өнегелі азаматтардың жолын лайықты жалғастыра білді. Бас редактор беделінің, білімі мен білігінің қандай болуы керектігін көрсетті. Әйгілі Шерхан Мұрт азаның редакторлық қыры аңызға бергісіз әңгіме. Елдің, халықтың мәселесін қырағылықпен зерттеп, өзі басқарған басылымдарға жариялап отырғаны тура лы көп айтылады. Батт а л Жаңабайұлы да өзінен кейінгі буын үшін, біз үшін сондай турашыл, әділ редактор болған азамат деп білеміз. Ол кездегі жағдай елдің бәріне белгілі. Түрлі қиындықтан жол тауып, сөз өнерінің бейнетін көтеріп жүріп өзінің биік деңгейін бағындырды. Мұндай жақсының жолы әрдайым барша қалам иелеріне үлгі. «Aq jol» газетінің бас редакторы ретінде жұмысқа кіріскенімізде біз де Батт ал Жаңабайұлының бат асын алдық. Осы қызметке шақырылғанымызды да жақсылыққа жорыдық. Себебі, сара жолды, дара жолды лайықты жалғастыру міндеті оңай жауапкершілік емес. Абыз ақсақал бірде хабарласып, газетке бір мақала жазу керектігін айтты. Тарихи Тараз қаласында Дінмұхамед Қонаев көшесі бар. Сол көшеде Дінмұхамед Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бар және Дінмұхамед Қонаев қорының облыстық бөлімшесі орналасқан. Тура сол жерде көрнекті қайраткердің еңселі ескерткіші тұр. Шынында да бір-бірімен үйлесім тапқан керемет көрініс. Бәрі бір жерде. Ойланып қарасақ, бір ғажап көрініс, тамаша рухани кеңістік. Міне, осы туралы жазуды тапсырды. Жампоз журналист, қырағы редактордың болмысы, әрине, мұндайда таңдандырмай қоймайды. Баттал Жаңабайұлы тек қана журналист емес, «Сөз құдіреті», «Жақсылардың шуағы» сияқты рухани тәлімі мол кітаптар жазған қарымды қаламгер де болды. Тіршілікте темірдей тәртіпке бас иген, текті тұлғаның жазуы да сондай талғаммен әрі шеберлікпен өрілген. Бір сөз шашау шықпайды, бір ой қиыс кетпейді. Бәрі орнында, дәл. Көпті көрген, көңілге түйген, салиқалы жанның ой-өрісі бірден аңғарылады. Ақыл айту, артық көлгірсу, болмаса өзінің кім болғанын, не істегенін көрсетіп қалғысы келетін ешқандай нәрсе жоқ. Қай кезде де байыпты, сабырлы, салиқалы қаламгердің өмірдің сабақтарын алдыңа тосқан, ой саларлық дүниесі ұрпақтың рухани игілігі болып қала беретіні сөзсіз. Ұрпақты адам тек ақыл айтумен ғана емес, өзі жүріп өткен өмір жолымен, болмысымен, мінезімен, қайраткерлігімен де тәрбиелей алады. Абыз тұлға, аңыз тұлға Баттал Жаңабайұлы халықтың жадында сондай бекзат, текті, сырбаз қалпында қалды. Енді өзі көрмеген буынды да жақсы қасиеттерімен тәрбиелей бермек. Біз ылғи да айтатын бақыт деген ұғымның ішінде мұның бәрі де бар...  

Хамит ЕСАМАН

Ұқсас жаңалықтар