Үшкемпіровтің ізбасарлары екі салмақта чемпион атанды

Үшкемпіровтің ізбасарлары екі салмақта чемпион атанды
ашық дереккөз
Үшкемпіровтің ізбасарлары екі салмақта чемпион атанды

5Грек-рим күресінен Қарағанды облысы, Сәтпаев қаласында 1999-2001 жылдары туылған жасөспірімдер арасында ел чемпионаты болып өтті. Қазақстан чемпионатына қызу дайындалған балғын балуандарымыз аталмыш додада өңір намысын абыроймен қорғап қайтты. Айтулы додаға еліміздің он төрт облысы және Астана, Алматы қалаларының балуандары қатысқанын да айта кету керек. Ұзын саны үш жүзге тарта спортшы бақ сынаған сыннан жерлестеріміз екі алтын, екі күміс, екі қола медальмен оралды. 35 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ж. Ошақбаев қарсыластарына қарағанда десі басым болды. Боз кілемде еркін ойқастаған жамбылдық өрен чемпион атанды. Қарсыластарының бәрін оңай жеңе білді. Сонымен қатар 42 келі салмақ дәрежесінде белдескен Н. Айтжан да өзінің шын мықты екенін айқындады. Боз кілемде ширақ қимылдаған ол да тартысты өткен кездесулерді өз пайдасына шешіп, өңіріміз үшін екінші алтын медальды қоржынға салды. Осылайша, ел чемпионатында екі бірдей балуанымыз алтыннан алқа тақты. Грек-рим күресі шеберлерінің жетістігі мұнымен шектелген жоқ. 32 келі салмақта сынға түскен Д. Қошқар ақтық сынға дейінгі қарсыластарынан айласын асыра алды. Дегенмен, финалдық кездесуде мықты балуанға жол беріп, екінші орынды місе тұтты. Оның жетістігін 66 келі салмақтағы Н. Тахиров та қайталады. Қос күмістен бөлек жамбылдық балуандар екі қола медальды да еншіледі. 38 келіде боз кілемге шыққан З. Асылқадір жартылай финалда ғана сүрініп, қола медальға қол жеткізсе, 47 келі салмақта белдескен Б. Абсадықов та қола жүлдегер атанды. Бір сөзбен айтқанда, жамбылдық жас балуандар әр медальды қос-қостан иеленіп қайтты. Бұл – біздің өңір үшін үлкен жетістік.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар