- Advertisement -

Құдайдан қорықпағаннан қорық

25

- Advertisement -

Құдайға деген сенімі зор адамдар «Құдай жоқ!» немесе «Құдайға сенбеймін» деген сөзді естігеннің өзіне бойын үрей билейді. Мәселен, Ислам дінінде міндеттелген 40 парызды толық орындамағандардың өзі «Иман жүректе» деп иланып, Құдайдың бар екеніне кәміл сенеді.

«Жер мен көктің арасындағы небір кесір-кесапатты Құдайға сенбейтін адамдар жасайды», деген түсінік те бар. Расында, адам баласына артық іс жасатпай, жамандыққа бой алдырмай, үмітін сөндірмей ұстап тұратын күш – сенім. Мәселен, дертті адам жазыламын деп сеніп, Құдайға жалбарынып, үміттенеді. Ұрпақсыз адам үрімбұтағының көбейгенін күтіп, тілек-дұғамен ғұмыр кешеді.

Иә, жақсылықтан үміткер, нанымсенімі бәрінен биік, жоғары жандардың жүрегі де мейірімге толы болатыны бар. Жалпы, кез-келген дін адамды қылмысқа апармай, жамандықтан аулақ, адал болуға тәрбиелейді. Құдайға және жалпы дінге сенбейтін адамдарды атеист деп атайды. Атеизм сөзі көне грекше «құдайға сенбеушілік», «құдайсыздық» дегенді білдіреді. «Жалпы, атеизм туралы Ислам дінінде не айтылған?» деген сұрақты көлденең тартып, Тараз қалалық «Әулиеата» мешітіне бас сұққан едік.

– «Құдайға сенбеймін» деп айтқан атеистердің сенімі «Құдай жоқ» деген ұғымға сенуі. Олар «Дін – апиын, ол адамның миын улайды, еркіндікті шектейді», деп ойлайды. Мүмкін Құдайға сыйынғысы келмейді, әр нәрседен тыйылғысы келмейді, құлшылық еткісі келмейді. Сондықтан Исламды қабылдамайды. Бірақ, олар да түптің түбінде бір табынушының бар екеніне сенеді, – дейді «Әулиета» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев.

Негізі ел ішінде атеистердің екі түрі кездеседі.

Бірі – тыныш атеистер болса, екіншісі – соғысшы атеистер. Бірінің өмірінде дінге деген сенімін оятатын жағдай болмағандықтан діннен үзілді-кесілді бас тартса, екіншілері – өз пікірін өзгеге тықпалап, ел ішіне іріткі салып, өзгені де атеистік көзқарасқа шақыратындар. Оларды зерттеушілер «діни сауатсыздар» деп атаған. Соңғылары қоғамға қауіптірек екені анық. Себебі, қазақта «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бар…

Шетел ғалымдары адамдар «Қандай жағдайда және неліктен Құдайға сенуін тоқтатады» деп зерттегенде, адамның атаанасымен қарым-қатынасы, тұрмысы, психикасына зиян келтіретін құбылыстар әсер ететінін дәлелдеген.

Яғни, бұл ішкі күйзелістен, түрлі жағдайда орын алған сәтсіздіктерден туындаған түсінік. Ең сорақысы, ата-анасы діндар бола тұра, жасаған істерінің сөйлеген сөзімен сәйкес келмеуі олардың мүлде діннен бас тартуына себепші болған. Кейбірінің отбасы діни түсінік қалыптастырмаған, мүлде діннен алшақ ғұмыр кешкен. Өз арамызда да жоғары білімді бола тұра, «Құдайсыз» адамдар бар. Олардың бірі атеистік отбасында өскендіктен болса, енді бірі
шектен тыс табынып жүріп, әлдененің септігімен діннен бас тартып кеткенінің куәсі болдық. Оған түрлі факторлар мәселен, реніш, өкпе, көңілі қалу немесе орындалмаған арман себеп болуы мүмкін.

– Әлемді бір тылсым күш ұстап тұрғанына, әлдене басқарып тұрғанына сенемін. Алайда, ешқандай дінге мойынсұнбаймын. Өз пікірімді біреуге тықпалаудан аулақпын. Әркімнің сенімі өзіне. Менің білетінім, ата-анам мені жақсы көреді, туған-туысым қиындыққа қалдырмайды. Олар бар, қасымда жүр. Шынайы. Ал, басқаның барлығына күмәнмен қараймын. Дін – ол адамдардың лағып кетпей, тәртіпті болып жүруі үшін ойлап табылған дүние деп ойлаймын.

Көбіне өз пікірімді жасырамын. Өйткені менің сөздерімді естігендер қарғап-сілеп соңымнан қалмайды. Жеккөріп кеткендер де бар. Жалпы, атеист болған қазақи ортада тым қиын. «Сені атып тастау керек» деген сөзді де жиі естіп тұрамын, – деді өзін Азико деген лақап атпен таныстыруды өтінген жігіт. Атеист болып дүниеден озған танымал тұлғалар жайлы да дерек көп. Ал, ең сорақысы олардың өлім сағаты жеткендегі жан күйзелісі еді…

Философ Фридрих Ницще – тор ішінде теңселіп жүріп, итше үре берген. Ұлы Вольтер түні бойы кешірім сұраумен азаптанған. Оның жеке медбикесі: «Еуропаның барлық ақшасын берсе де, мұндай өлімді қайта көрмес ем, имансыздың өлімін» деген екен. Танымал атеист Давид Хьюм өлім алдында зарлы үнмен бір сөзді қайталай берген. «Мен алаулаған от ішіндемін!» деп дамылсыз шыңғыра беріпті. Даңқты император Наполеон да атеист болған екен. Оның дәрігері өз естеліктерінде: «Император толық жалғыздықта жанын тапсырды. Өліммен айқасы тіпті үрейлі көрінді» деп мәлімет қалдырған. Ақын Иоганн Вольфганг Гете «Жарық жетіспеуде!» деп жанталасқан.

Әйгілі Владиимир Ильич Ленин соңғы секундтарда үстелдер мен орындықтардан тізерлеп отырып, кешірім сұраған. Ағылшын премьерминистрі Уинстон Черчилль «Неткен ақымақ едім!» деп дамылсыз дегбірсізденген. Ал, Бразилия саясаткері Танкредо ди Амейдо Невес сайлауалды бағдарламасында: «Егер мен 500 000 дауыс жинасам, Құдайдың өзі тақтан мені тайдырмас» деген. Әрине, ол бұл дауысты жинапты. Бірақ, президенттікті қабылдауға бір күн қалғанда дүниеден өтеді.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support