- Advertisement -

Балалар бағының бағбаны

93

- Advertisement -

Дінмұхамед Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Бердібек Соқпақбаев – балалар бағының бағбаны» атты автор бенефисін ұйымдастырды.

Бүгінде туғанына ғасыр толып отырған жазушы алғашқы шығармашылығын поэзиядан бастаған екен. Жазып та көрдім мен де өлең, Жазып та көрдім қара сөз. Ерте ме, кеш пе, мен де өлем, Өлмейді тек дана сөз, – деп балалар әдебиетіне қалам тербеп жүріп, сценарий жазудан да алдына жан салмаған. Сөйтіп, бүгінгі таңда балалардың сүйікті фильміне айналған «Менің атым – Қожаның» сценариін жазушының өзі қолға алған екен.

Қаламгер туындылары «Лениншіл жас», «Қазақ пионері», «Пионер», «Балдырған» журналдарында жарық көрсе, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым – Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» атты шығармалары – жазушының шоқтығы биік туындылары. Жазушының 100 жылдық құрметіне орай өткен бенефисте «Менің атым – Қожа» әңгімесінің балаң кейіпкерлері Жанар, Қожа және Сұлтан образындағы кітапханашылар жүргізді. Балаларды кітап әлеміне жетелейтін іс-шараға «Ұста-групп Бүркітәлі» мектебінің оқушылары қатысты.

Жас оқырмандар автордың «Менің атым – Қожа» шығармасының желісі бойынша түсірілген, қазақ киноөнерінің жауһарына айналған фильмнің үзінділерін көрініспен әсерлі етіп жеткізді. Кеш кейіпкерлерінің бірі Қожа болып көрерменді күлкіге қарық қылса, бірі Жанар болып Қожаға жанашырлық танытты. Сондай-ақ, кеше мен бүгінді жалғаған бірі заманауи Сұлтан образында қобдишадай үлкен сиқырлы ұялы телефонмен өнерпаздарды суретке түсірді. – Мен кітап оқығанды ұнатамын. Балалар кітапханасында өтіп жатқан кештен ерекше әсер алдық.

Бердібек Соқпақбаев атамыздың әңгімелерін оқып жүр едік, енді міне, қойылымын көрдік. Қожаның кітабы да, киносы да өте қызық шыққан, – деді «Ұста-групп Бүркітәлі» мектебінің оқушысы Жайдар Абдалимов. Көңілді кеште түрлі ойын ойнатылып, байқау да ұйымдастырылды.

Көрермендер арасынан «Қожа» мен «Сұлтан» тобы болып екіге бөлінген топ шығарма желісі бойынша сұрақжауап ойынын ойнады. Сондай-ақ, бенефис барысында Бердібек Соқпақбаевтың өмірбаяны таныстырылып, классиктің өміршең шығармалары әлі күнге дейін сұранысқа ие екені айтылып, арнайы жасақталған кітап көрмесіне шолу жасалды.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support