Жалпыхалықтық қасірет қайталанбасын
Қызмет бабына, отбасылық жағдайына немесе тағы басқа себептерге байланысты болмай тұрмайтын ауыс-түйіс болмаса, өздігінен ешкім жылы орнын суытқысы келмейді. Ал, туып-өскен жерінен бүкіл халықты тобымен қотара көшіру – трагедия. Сол халықтың трагедиясы осы солақай саясатты жүзеге асырған биліктің трагедиясы. Иә, биліктің де. Себебі, қай жағынан алып қарасаң да, бүкіл бір ұлтты қаралау ақылға қонымсыз. Сондықтан да КСрО-да жүргізілген депортациялау немесе күштеп қоныс аударту саясаты еліміздің тарихындағы қасіретті кезеңдердің бірі болды деп нық айта аламыз. Депортациялау саясатын қолдану басқарушы биліктегі саяси құрылымдар үшін анық немесе болуы мүмкін қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ретінде түсіндіріліп, осы тұрғыда легитимдендірілді. Азамат соғысы аяқталып, оппозицияның қалдықтары басылып тасталғаннан кейін 1920 жылдардың ортасына қарай, ел ішінде айтарлықтай маңыздағы қауіпқатер болған да жоқ. Тек, батыста «Кіші Антанта» немесе «Санитарлық кордон» елдері белдеуі мен Қиыр Шығыста Қытайға дейін жеткен жапон оккупациясына байланысты сыртқы қауіп-қатер барлығы анық болатын. Нақтылы және дәлелденген қауіп 1933 жылы Германияда фашистік диктатураның орнауы еді. Осыған байланысты зерттеліп отырған кезеңде сыртқы саяси қауіп-қатерлер ешбір қисынсыз ішкі саяси жағдайда араластырылды.
Міне, сондықтан да 30-шы жылдар кезеңінде депортацияға ұшырағандарға көп жағдайда бірінебірі ұқсас – «Польшаның немесе Жапонияның пайдасына жасалынған шпиондық әрекет», «фашистік ұйымның құрамында болды» деген және басқа да осыған ұқсас айыптар тағылды. Осылай депортацияға алғаш ұшыраған Украина мен Белоруссиядағы поляк халқының басым көпшілігі «поляк барлау органдарымен байланыста болды», «Польшада туыстары бар» деген айыптаулармен қуғын-сүргінге ұшырады. Нәтижесінде шекара маңындағы 118-123 мың поляк бұл жерлерден аластатылды. Солардың 61 мыңнан астамы Қазақстанға қоныс аударды.
Негізінен солтүстіктегі 6 облысқа табан тіреген поляктардың жағдайы тым ауыр еді. Павлодар облысы бойынша ІІХК (НКВД) басқармасының өте құпия түрдегі есеп беру хатында Павлодар облысына келген 11201 арнайы қоныстанушы – поляктардың 5 мыңдайы жұмысқа орналастырылмағаны, жұмыс тауып беруге еш мүмкіндік жоқ екендігі айтылады. Зерттеліп отырған кезеңге қатысты мән берерлік дерек ретінде, аталған жылдары ІІХК-нің Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасының бастығы болып жұмыс істеген, ұлты поляк С.Д.Пинтальдың «үштіктің» құрамында, талай боздақтарды «халық жауы» ретінде қансыратып, кейіннен өзі де репрессияға ұшырап, КСРО ІІХК-ның Ерекше кеңесінің 1937 жылғы желтоқсандағы үкімімен ату жазасына кесілгендігін айтуға болады.
Дегенмен, аталған ұлттың басым көпшілігінің жеуге тамақ, киерге киім таппай, тек жергілікті қазақтардың меймандостығының арқасында ғана аман қалғандығы тарихқа белгілі. Депортацияға ұшыраған этникалық кәрістердің басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан аймағына әкелінген еді. 1937 жылдың 27 тамызындағы БК(б)П ОК мен ХКК-ның қаулысында: «БК(б)П ОК Қиыр Шығыс өлкекомына, өлкеаткомына және Қиыр Шығыс өлкесі ІІХК басқармасына Қиыр Шығыс өлкесінің шекара аймақтарынан барлық кәріс тұрғындарын көшіру ұсынылсын.
Көшіру бірден қолға алынып, 1938 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталсын. Көшуге тиісті кәрістерге көшу барысында өзімен бірге мал-мүліктері мен шаруашылық құрал-жабдықтарын бірге алуына рұқсат етілсін. Көшетіндерге қалдырып бара жатқан жылжымалы және жылжымайтын мүліктері мен егістері үшін төлемақы қарастырылсын. Көшетін кәрістердің шетелге кету ниеті болса кедергі жасамай, шекарадан жеңілдетілген тәртіппен өткізілсін. Қазақ және Өзбек КСР ХКК-іне көшіп келетіндер орналасатын аудандар мен пункттерді тез анықтап және көшіп келушілердің жаңа орындарын игеріп кететіндей іс-шаралар ұйымдастырып, қажетті жағдайлар жасау міндеттелсін. Кәрістер көшетін аудандардағы шекараны нығайту үшін шекара әскерлерінің саны 3 мың адамға көбейтілсін» делінген. Берілген құжаттың ақпараттық жағы, оның құқықтық негізділігін қарастырмағанның өзінде, ешбір талаптілек немесе айыптауларсыз толық бір этникалық топты депортациялауды мемлекеттік қажеттілік деп қарастырады.
Дегенмен, Қазақстанға 1944-1945 жылдары көшірілген басқа этникалық топтарға қарағанда, кәрістерді көшіру біршама құқықтық тұрғыда жүргізілгені көрініп тұр. Негізгі себеп, айтылып өткен жапондардың жаппай шпиондық жүйесі мен Оңтүстік Шығыс Азия тұрғындарын сырт халық, оның ішінде еуропалықтар ажырата алмайтындай антропологиялық ұқсастығында болса керек. КСРО ХКК-нің 1937 жылдың 5 кыркүйектегі қаулысы көшіп-қонған кәріс тұрғындарымен есеп айырысудың жолын реттеді. Мұнда барлығы болмаса да, барлық дерлік колхоздың және жекешенің мүліктері ескерілді. Атап айтар болсақ, көшетіндердің барлық малын «мал дайындау кеңселері» қабылдап, оны көшіп барған жерінде сол қалпында қайтару керектігі нақтыланды. Республиканың және өңірдің партия және кеңес органдары, тиісінше, көшіп келгендерге көмек көрсетіп, жұмысқа орналасуын және бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін өз бақылауларына алады.
Партияның Қызылорда облыстық комитеті мен Қызылорда облысы бойынша ҚКСР Жоғарғы кеңесі ұйымдастыру комитетінің 1938 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Облыстағы көшіп келушілер колхоздары мен көшіп келушілерге тұрғын үй салу және қосымша қоныстандыратын колхоздардағы құрылыс барысы туралы» қаулысының преамбуласында көшіп келушілер поселкелері мен қосымша қоныстандырылатын колхоздардағы құрылыс қарқынының төмендігі атап көрсетіледі. Облыстағы нақты аты аталған аудандар бойынша құрылыс жүргізудегі сылбырлық, жұмыс күшінің жетіспеуі айтылады.
Құрылыс жұмысын жүргізушілердің жеткілікті дәрежеде техникамен және жанар-жағар маймен қамтамасыз етілмегендігіне мән беріледі. Ауком хатшылары мен ауатком төрағаларына аталған кемшіліктерді түзеу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып, көшіп келушілерге арналған тұрғын үйлер құрылысын осы жылдың 1 қазанына дейін аяқтау тапсырылады. Осылай республикадағы және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай онсыз да оңып тұрмаған кезде, орталықтың нұсқауымен, тағдыр тәлкегіне ұрынғандардың жағдайын түзеуге едәуір іс-шаралар жасалған еді. Осы кезде тек – Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарында қайтып келген қазақтар үшін 1400 үй және 600 мал қорасы салынуы керек болды. 1937 жылдың 15 қарашасындағы мәлімет бойынша, аталған 1400 үйдің тек 551-і ғана тұрғызылып, 620-сының құрылысы аяқталмаған, ал 229-ының тасы да қаланбаған болып шықты. Олай болса, кеңпейіл қазақ төрін емес, үйін де берген кез еді бұл. Әрине, депортацияға ұшырағандардың ұрпақтары мұны білсе керек.
Дәл осы кезде КСРО-ның оңтүстік шекараларынан Қазақстанға күрдтер, армяндар, түріктер және қырым татарлары жер аударылды. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1941 жылдың тамызында Поволжьедегі немістерді жер аудару туралы жарлық жарияланды.
Жер аударылғандардың өмірі қасіретке толы болды. Олардың біразы жол азабын көтере алмай қаза болса, көпшілігі ІІХК тарапынан жасалынған тегеуірінді теперішке шыдай алмай азап шекті. Айтар болсақ, 1944 жылғы мәлімет бойынша шешендердің, ингуштердің, балкарлардың, қарашайлардың 23,7 пайызы, қырым татарларының, болгарлардың, гректердің, армяндардың 19,6, қалмақтардың 17,4, түрік, күрд, хемшиндердің 14,6 пайызы қаза болған. Тек, пейілі кең, қонақжай, көрші-қоңсымен қолындағы барын бөлісетін қазақ халқының күшпен қоныс аударғандарға көмек қолын созуы ғана олардың басым көпшілігін осындай қиямет-қайымнан аман алып шыққан еді.
Сейдахан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы тараз өңірлік университетінің профессоры, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді