- Advertisement -

Тұрғындарға тиімді жоба

27

- Advertisement -

Ауыл халқының әл-ауқатын көтеру бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені белгілі. Бұл бағытта өңірімізде бірқатар тиімді жобалар жүзеге асып келеді. Мысалы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыс аудандарында бірқатар ауыл тұрғындары өз кәсіптерін бастап отыр.

Мәселен, Сарысу ауданында былтыр аталған жоба Жаңаталап, Игілік, Жаңаарық және Түркістан ауылдық округінде пилотты негізде жүзеге асқан. 7586 халық саны тіркелген төрт ауылдық округте 447 адам несие алып, өз істерін бастап, жобаларын жандандырған.

–Өткен жылы жоспарланған 447 өтінімнің 439 өтінімі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылды. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан қабылданған 439 құжаттың ішінде азамат 2 миллиард 12 миллион теңге несие алды. Солардың ішінде, Жаңаарық ауылдық округінде 131 жоба, Игілікте 101 жоба, Жаңаталап ауылдық округінде 101 жоба, Түркістан ауылдық округінде 14 жоба қаржыландырылды, – дейді Сарысу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Молдабеков.

Аталған жоба ауыл шаруашылығы саласына басымдық береді. Осы бағытта ауданда былтыр мал шаруашылығын дамыту үшін 404 жобаға өтінім беріліп, 1 миллиард 539 миллион теңге көлемінде несие берілген. Ауданда бүгінгі күнде 290 кәсіпкер 6 716 бас мал сатып әкеліп, бірдейлендіру базасына енгізілген.

Жаңадан бизнес бастап, ата кәсіпке бет бұрғандардың бірі – Жаңаарық ауылының тұрғыны Ерлан Әміреев. Шаруа былтыр қараша айында өз бизнес-жобасы бойынша несие алып, өз жұмысын бастап кеткен.

– Жалпы, мал шаруашылығы ата кәсібіміз әрі ауылдағы жұрттың қажетін өтейтін саланың бірі болған соң осы бағытқа бет бұрып жұмыс жасап келеміз. Былтыр мамыр айында «Ауыл аманаты» жобасы аясында өтінім беріп, күзде 8 миллион 600 мың теңге шамасында қаражат бөлінді. Аталған жоба бойынша бүгінде 10 жылқы, 4 бұқа, 50 тауық алып, кәсіп жүргізіп отырмыз. Төрт түліктің жайкүйі мал азығының жеткілікті болуына да байланысты. Жоба аясында өтінім бергенде, мұны да ескеріп, бизнес жобамызда қамти отырып, жалпы қаражат есебінен биылғы жем-шөбімізді қамдап алдық. Көбіне ауылдағы жайылым жердің тастақты болуынан, малын қорада ұстап бордақылап отырған шаруалар да бар. Дегенмен, бұдан шаруалар күйі шайқалып тұрған жоқ. Бәрі де «Ауыл аманаты» жобасын тиімді жүзеге асыра білген, – дейді Ерлан Жаңабекұлы.

Шаруаның айтуынша, өтінімді мақұлдау мерзімінің ұзаққа созылғаны болмаса, өзге жұмыстар жүйелі жүзеге асқан. Тіпті, тұрғындарды арнайы оқытып, қаржылық сауаттылығын қалыптастыру мақсатында тиісті мамандар ауылға өздері келіп, бір апта көлемінде түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Жалпы, ауылдық округте былтыр 145 адам 854,2 миллион теңгеге құжат тапсырса, соның ішінде 135 азаматтың өтініші мақұлданған.

Сондай-ақ, аталған жобаның 3-бағыты бойынша бүгінде 4 кооператив ауыл сыртындағы егістік жерлерді өз қаражаты есебінен жүргізуде. Өткен жылы егін егіп, Жер-Ананың игілігін көрем деушілер қатарынан 2 кооперативке 94,6 гектар егістік жер берілген. Биыл бұл бағытта барлық ауыл шаруашылығы кооперативіне 500 гектарға дейін шабындық жерлер беру жоспарланып отырған көрінеді. Ал, шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 34 жобаның Жаңаарық ауылдық округінен 2 жоба өткен.

– Бүгінгі күнге 117 азамат 181 бас мүйізді ірі қара, 1804 бас қой, 597 бас жылқы, 1275 бас құс және 300 түп алма тал көшеттерін сатып алды. Алған азаматтар алдағы уақытта ауыл шаруашылығы жануарларын алып, тіркететін болады. Ауылдық округте 2023 жылы екі азамат бағдарламаның 5 бағыты бойынша наубайхана ашу мақсатында несие алды және алдағы уақытта іске қосуды жоспарлауда. «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Жаңаарық-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 2 дана трактор алған болатын. Биыл қосымша қосалқы қондырғыларын алуға өтінімдер берілді. 2024 жылы бағдарламаның бағыттары бойынша 4 азамат шаштараз, кондитерлік цех, монша және екі жылыжай ашуға құжаттарын жинақтауда, – дейді ауылдық округ әкімі Қуандық Алдабергенов. Жақсылығымен көп жанды қуантқан жоба бүгінде ауыл тұрғындарының әлауқатын көтеруге көп септігін тигізуде. Мәселен, жоғарыда аталған жобаға қатысушы төрт ауылдық округтегі атаулы әлеуметтік алушы отбасы саны 38 болса, соның ішінде жобаға қатысуға 14 отбасы өтінім берген. Сондай-ақ, бұған дейін 491 адам жұмыссыз болып танылса, жоба нәтижесінде 90 адам жұмыспен қамтылған. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 910-нан 1060 азаматқа артқан. Соның нәтижесінде ауылдық округтерде отбасындағы орташа айлық табыс көлемі артып, кәсіп бастауға ынталы жандардың қатары көбейген. Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылдан бастап өңірімізде пилоттық режимде бастау алып, Президент тапсырмасымен республика көлемінде жалғасын тауып келеді. Жоба аясында биыл облысымызға 24 миллиард теңге қаржы бөлініп, агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға, ет пен сүт өнімдерін өндіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support