- Advertisement -

Қант қызылшасын өсірудің қарқыны жоғары

39

- Advertisement -

Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымы күннен күнге кеңеюде. Әсіресе, отандық тұқым мен өнімді оңтайландыру және жетілдіру ісі жолға қойылуда. Осы бағытта өңірде қант қызылшасын өндіруге ерекше ден қойылып отыр.

Жамбыл облысында өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап қант қызылшасы өндіріле бастағаны белгілі. Кеңес дәуірінде орта есеппен әр гектардан 300 центнерге дейін өнім алынып келді. Кейіннен тәуелсіздік жылдары тұралап қалған шаруашылық түрін қайта қолға алып, бүгінде осы бағытта нақты көрсеткішті арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асып келеді. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің мәліметінше, 2023 жылы қант қызылшасы дақылы 10,8 мың гектарға егілген. Биыл бұл бағытта көрсеткіштер қуаңшылық салдарынан азайып отыр.

– Былтыр облыстағы қуаңшылық жағдайына байланысты біраз жер жарамсыздыққа ұшырап, қалған 4,6 мың гектарынан 192,2 мың тонна өнім жиналып, 190,5 мың тоннасы қант зауытына өткізілді. Ал, 2024 жылы қант қызылшасы алқабын 9,8 мың гектарға отырғызу жоспарланып, болжаммен 384,8 мың тонна өнім алу көзделуде. Қызылша дақылының егіс алқабына қажетті тұқым көлемі 14,7 мың себу бірлігін құрайды. Ал, қажетті тұқымды облысымыздағы тұқым сатуға аттестатталған 5 шаруа қожалығы тарапынан қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – дейді басқарма басшысы.

Жоғарыда аталғандай, былтыр облыста су тапшылығы салдарынан бірқатар шаруалар тәтті түбірден табысқа кенеле алмаған. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданысқа енгізу. Осы мақсатта бүгінгі күні облыста жаңбырлатып суару технологияларын жинайтын сервистік орталық құрылуда. Сондай-ақ, басқарма дерегіне сүйенсек, Шу ауданында алдағы уақытта су үнемдеу технологияларын шығаратын арнайы зауыт құрылысы жоспарлануда. Өткен жылы осы бағытта 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары қолданысқа берілген. Оның 38,9 мың гектар алқабына тамшылатып суару, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілген.

Жалпы, өңірде аталған өнім түрін өсірумен 137 шаруа қожалығы айналысады. Оның жартысына жуығы бүгінде ылғал сақтағыш технологиясын қолданып отыр. Былтыр жаз айларында су тапшылығы сезілген уақытта шаруалар осы жаңбырлатқыш қондырғылар мен тамшылатып суарудың арқасында қызылшаны қуаңшылықтан құтқарып қалыпты. Мұндай заманауи суару әсілін уақытында кәдеге жаратқандардың бірі – Сәкен Әбітаев.

– Бұрынғы арықтық суару жүйесімен бір- екі гектар суаратын сумен қазір 20 гектардай алқапты суарып отырмыз. Негізі қазіргі жағдайда бізге өте тиімдісі – тамшылатып суару. Осы тәсіл арқылы былтыр 20 гектар алқапқа егіс егіп, қуаңшылыққа қарамай 80 тоннадан астам өнім алдық, – дейді шаруа.

Биыл да диқан көктемгі дала жұмыстарына дайындығын пысықтап, тыңайтқыштар мен техникаларды сайлап, көктем шыға 30 техника жұмылдырып, дала жұмыстарына кіріспек.

Жалпы, егіншілікте озық технологияларды қант қызылшасына енгізу қолға алынуда және осы арқылы мол өнім алуға болатынына көз жеткізіліп келеді. Бұл бағыттағы, яғни жүннен өндірілген аграрлық биотыңайтқышты пайдалану, рентабелді дақылдардың тиімділігін арттыру сияқты жұмыстар заман талабына сай біртіндеп қолданысқа еніп отыр. Сондай-ақ, мамандар биыл қызылша өсіретін 5 ауданда шығым мол болатынын айтуда.

– Биыл ауа райының қолайлы болуына байланысты көктемгі дала жұмыстарына аймақтарда дайындық жұмыстары пысықталып, Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Меркі, Қордай аудандарының шаруалары қант қызылшасы бойынша тұқым себу науқанына дайындық үстінде. Осыдан кейін егіс алқаптарын өңдеп, ауа райының жылынып, топырақтың қызуын күтетін боламыз, – дейді агроном Нұрғиса Қалғожаев.

Жалпы, қант қызылшасын өсіруді қайта дамыту бойынша ел аумағында бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Осы бағытта мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша қызылша жинайтын комбайндарды сатып алуға 50 пайыздық мөлшерін өтеу жұмыстарын жоспарлау мен шаруаларды субсидиялау ісі Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қарастырылуда.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support