- Advertisement -

Кітапхана аудиокітап шығаруда

38

- Advertisement -

Техника ғасыры кітап оқуда қиындық туғызатын зағип жандарға да көп мүмкіндіктердің есігін ашты. Көзі көрмейтін немесе әлсіз көретін адамдар үшін брайль қарпі бар. Бірақ, барлық кітаптың брайль қарпіндегі нұсқасын табу оңай емес. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында қазір кітапхана қызметкерлері арнайы өз оқырмандары үшін аудиокітап дайындап, әлеуметтік желілерде топ құрып, сонда жаңа әдеби шығармаларды бірге оқып жүр.

Жаңа заман талабына сай бәсекеге қабілетті болу, өндірісте өсімділікті арттыру мақсатында цифрландыру үлкен үлес қосып отырғанын көз көріп жүр. Сол үрдістен қалмай, кітапханалардың да кітаптарды электронды нұсқаға көшіргендері бұған дейін де айтылған. Ал, арнайы кітапханалардың өз оқырмандары үшін әдеби кітаптарды дыбыстандырылған нұсқаға көшіруі – нағыз жанашырлық.

– Бүгінде облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында дыбыстандырылған әдебиеттер кітап қорында 400 мыңнан аса жинақ бар. Дыбыстандырылған кітап саны 6905 болса, электронды басылымдар CD-ROM дискіде 182-ге жетті. 2022 жылы жоспар бойынша 4 аудиокітап шығарылды. Олар – Мұхтар Шахановтың, Төлеген Айбергеновтің, Ескен Елубаевтің өлеңдер жинағы және Ахмет Байтұрсынұлының мысалдар жинағы. Өткен жылы 3 аудиокітап таспаға басылып шықты. Атап айтсақ, Совет Әлімқұловтың «Көзмоншақ» атты, Мұзафар Әлімбаевтың «Балдәурен» атты өлеңдер жинағы және танымал ақын-жазушылардың өлеңдерінен үзінділер үнтаспаға көшірілді. Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағы да аудиокітап түрінде оқырмандарымызға жол тартты. Ал, биыл ақын, журналист Хамит Есаманның өлеңдер жинағы аудиокітап ретінде жарық көрді. Алдағы айларда Маралтай Райымбекұлы мен Үміт Битенованың және тағы басқа жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары мен өлеңдерін аудио таспалауды жоспарлап отырмыз.

Кітап – ғылым мен білімнің бұлағы. Кітапхана ісі еліміздің мәдени саласы ретінде ақпараттық білім беру қызметінің жемісі. Сондықтан Жаңа Қазақстанда кітапхана ісі қайта жанданып, мәдени мекемелер арасында жоғары дәрежеге ие болып, мәртебесі биіктей түссе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері Гүлзада Қырықбаева.

Бүгінде бұл кітапхананың 3000 тұрақты оқырманы бар. Күнделікті келетіндердің қатары да қалың. Бұдан бөлек, жоғарыда айтқанымыздай, кітапхана қызметкерлері әлеуметтік желілерде оқырмандармен арнайы топ ашып, сол жерде де жаңа кітаптарды бірге оқиды.

– Бүгінде облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы озық технологиямен жұмыс жүргізіп, оқырмандар назарын аударуда. Еңбектеген сәби мен еңкейген қарияларымыздың барлығында ұялы телефон болатындығы ескеріліп, ондағы «WhatsApp» желісі кез келген уақытта жаныңнан табылатын платформа болғандықтан, сол арқылы аудан мен қала оқырмандары арасындағы байланысты нығайтып отырмыз. Күнделікті мазмұны жоғары, қызықты шығармаларды дыбыстап, «WhatsApp» желісінде ашылған оқырмандар чатына жолдаймыз. Әдеби шығармаларды тыңдап, ой бөлісеміз. Аталған жұмыс барысы 2023 жылдан бастау алып, бүгінде өз оқырман санын арттыруда. Мәселен, жыл ішінде 300-ге жуық шығарма таратылып, оқырман ықыласына бөленіп, кері байланыс орнатуда. Демек, әрбір оқырман кез келген уақытта шығарманы тыңдай отырып, кітапқа деген қызығушылығы арта түспек. Бұл қазіргі кітап оқуға «уақыт жоқ» замандағы өте оңай әрі тиімді жолы деп білеміз, – дейді аталған кітапхананың тифлология бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Құрақбаева.

Бұл кітапхана тек күнделікті келетін оқырмандарына ғана қызмет көрсетумен шектелмей, алыс-жақын аймақтағы азаматтарды да әдеби туындылармен таныстырып, рухани азықпен сусындатып келеді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support