- Advertisement -

Жас прозашылар буыны көрінбей келеді

80

- Advertisement -

Кез келген шығармашылық еңбек уақытпен және ізденіспен бірге келетін тәжірибе арқылы дамиды. Осы тұста шығармашылықты шыңдауда түрлі конкурстардың рөлі зор екенін айтпай кете алмаймыз. Әсіресе, әдеби туындыларға арналған байқауларда қатысушы жүлде алмаса да басқалардың жазу стилін, әр образды ашып беру әдісін көре отырып, өз кемшілігін түзеп, білмейтін тұстарын ұғынады. Міне, осы жағынан қарасақ, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан байқаулар шығармашылық еңбекті қалыптастыруда үлкен үлес қосады. Алайда, бізде неге екені белгісіз, аудандық, облыстық деңгейде прозалық байқаулар болмайды. Болған күнде де оған қатысатын жас прозашыларды табу қиын. Мүмкін, прозашы жас толқынның шықпауының бір салдары осында жатыр ма деген ой келеді.

Олай дейтініміз, түрлі тақырыпта немесе атаулы күндерге байланысты жазба ақындарының мүшәйралары, ақындар айтысы ұйымдастырылып жатады. Ал, прозалық байқаудың өткенін естімегелі көп болды.

Әрине, республикалық деңгейде өтетіндер бар. Бірақ, оған лайықты туынды жазу үшін әуелі аудандық, содан соң облыстық деңгейде өзін сынап, тәжірибе жинауы керек емес пе? Ешкім де бірден шедевр жаза алмайды, бәрі де тәжірибемен келеді. Әрине, ешкім де шығарманы жүлде алу үшін жазбайды.

Алайда, қоғамда қаламгерді ынталандыратын дүние көп болса, солай жақсы шығармалар жазылады. Бұл ойымыздың қаншалықты жөн екенін білу үшін белгілі жазушыларды сөзге тартып көрдік.

– Әдебиеттің өскен-өркендеген кезі кешегі кеңес кезеңі ғой. Мен мұнда Әуезовтерді емес, кейінгі уақытты айтып отырмын. Қай кезде де проза поэзияның алдында жүрді, оған дәлел – кеңес заманында республикалық «Жалын» баспасының қасында комсомол ұйымымен бірлескен байқау жыл сайын өткізіліп тұратын. Ол өте беделді конкурс болды. Сонда бәйге алған ақындардан гөрі прозашылар көп шығатын. Ауданда, облыста проза жазатындардың да қатары көбейген болатын. Жамбыл облысынан сол конкурста бәйге алған Несіпбек Дәутай, Пернебай Дүйсенбин, Көсемәлі Сәттібай, үшеуі де прозашылар және сол конкурстан тек Жамбыл облысынан бір ақын емес, үш бірдей жазушының жүлделі болуы да сөзімнің дәлелі. Байқаудың шығармашылықты шыңдап, талантты танытатынын осыдан-ақ аңғара беріңіз. Қызылордадан Серік Асылбекұлы, Сайлаубай Жұбатырұлы жүлделі болған, екеуі де жазушы. Бұлар – алдыңғы буын. Қазіргі буында жақсы жазуымен көрініп жүрген Айгүл Кемелбаева мектеп бітірмей тұрып-ақ сол конкурс арқылы танылды. Проза кеңес кезінде алда болды. Ақындар көп десек те, мықты прозашыларымыздың болғанын сол конкурс дәлелдейді. Қазақстанда одан басқа конкурс болған жоқ, қазір сол дәстүр үзіліп қалды. Жергілікті жерлерде мерейтойларда мүшәйра көп өтеді. Абай Құнанбаевтың, Жамбыл Жабаевтың тағы да басқа белгілі әдебиетшілердің мерейтойларында көбіне мүшәйра ұйымдастырылады. Кейін прозадан да бола бастады. Мысалы, Талдықорғанда жақында Кемел Тоқаев атында детектив жанры бойынша байқау өткізілді. Бірақ, бәрі де республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Аудандық, облыстық деңгейде тек мүшәйра емес, проза байқаулары да ұйымдастырылса, құп болар еді. Әдебиеттің қаншалықты дамығанын көрсететін поэзия емес, проза деп әдебиет сыншыларының өзі айтып жүр қазір. Сол себептен де жергілікті жерлерде прозаға ден қойған жөн, – дейді белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек.

Байқағанымыздай, бүгінде аймақта жүрсе де танылған жазушыларымыз шығармашылық байқауда сынға түсіп, сүбелі сөзімен, озық ойымен топ жарып, жүлдегер атаныпты. Бүгінде Жамбыл облысының танымал жазушылары атанып жүрген аға буынның бірі Көсемәлі Сәттібайұлы біз қозғап отырған тақырыбымыздың төңірегінде бір жайтты баян етті.

–Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын атап өтуге жоспарланған іс- шаралардың ішінен «Ақындар мүшәйрасын ұйымдастыру» дегенді көріп қалдым. Бірден ұйымдастырушыларға «Шерхан ақын емес, жазушы. Прозашының мерейтойында неліктен прозалық байқау емес, ақындар мүшәйрасы өтеді?» деп ойымды ашық жеткізіп, сол жоспарды өзгертулеріне с еп болдым. Шынында да үнемі мүшәйралар мен айтыс ұйымдастырылып, байқаулар бірыңғай болып кетті. Қазір расымен де проза жазатын жастар көрінбей қалды. Егер аудандардан бастап, облыста жалғап, проза байқаулары өткізілсе, ел ішінде көрінбей жүрген көркем шығарма жазуға қабілетті жас дарындар шығар еді, – дейді Көсемәлі Сәттібайұлы.

Негізі біздің облыстан шыққан жазушылар ретінде ел Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Мұса Рахманбердиев, Не сіпбек Дәутаев, Кәрібай Ахметбеков, Марал Ысқақбай, Елен Әлімжан, Сансызбай Сарғасқаев, Пернебай Дүйсенбин, Көсемәлі Сәттібайұлын таниды. Енді солардың ізін жалғайтын прозашы жастардың көрінбей қалғаны ойландырады.

Жас жазушылардың көрінбеуі әлде, жазу өнеріне келгендердің бәрі де өлеңмен бастап, прозаға қабілеттілер кейін келе жазушылыққа түсетіндігінен бе екен?..

Мүмкін, «Махаббат поэзиямен басталып, парасатпен аяқталады» дегендей, жас кезде әдебиетке құмар жандар махаббатты өлеңмен жырлап, кейін келе жазушылыққа ойысатындықтан ба екен, әйтеуір жас жазушыларды кездестіре бермейміз. Әйткенмен, шығармашылық байқаулар қаламгерлердің қаламын ұштайтыны рас. Былтыр жыл соңында облыс әкімінің қолдауымен жергілікті 24 ақын- жазушының кітаптары шыққан болатын. Алдағы уақыттарда облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен ішкі саясат басқармасы біз қозғаған тақырыпты назарға алса дейміз. Ендігі өткізілетін қаламгерлердің мерейтойларында проза байқауын өткізуді де ұмыт қалдырмаса екен…

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support