Тұрмыстық қатты қалдықтарды игерудің тиімділігі мол
Өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қашанда өзекті мәселе екені белгілі. Әсіресе, күнделікті өмірде пайда болып отыратын тұрмыстық қалдықтарды игеру, оларды сұрыптау мен өңдеу ісі бүгінде күн тәртібінде жиі қойылатын сұраққа айналған. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде аталған мәселені шешу жолдары талқыланды. Бүгінгі таңда қоқыстарды басқару саласында кәсіпкерлерді субсидиялау, олардың материалдық-техникалық базасын жарақтандыру бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан бағдарлама әзірленуде. Осыған байланысты әр өңірден министрлікке ұсыныстар беру міндеттелген болатын. Жиында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев баяндама жасап, аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Басқарма басшысының сөзінше, әзірге тек Сарысу, Байзақ аудандары мен Тараз қаласынан өтінімдер берілген.
– Бүгінгі таңда министрлікпен тығыз байланыс орната отырып, кәсіпкерлік нысандарынан өтінімдер жинақталуда. Мәселен, Байзақ ауданында «Алди и К» ЖШС сұрыптау белдеуін қалыптастыру үшін 60 миллион теңге қаражат керектігін айтып отыр. Аталған қаражат көлемінің 12 миллионы компания тарапынан қаржыландырылса, қосымша 48 миллионы қордан сұратылып отыр. Сонымен қатар, аталған кәсіпкерлік нысанынан 1 миллиард теңгеге қоқыс тасымалына қажетті арнайы техникаларды алу үшін министрлікке жоба дайындалуда. Сондай-ақ, Сарысу ауданында «Таза қала-Қаратау» ЖШС 19 миллионға 1 техника алуды жоспарлап отырса, Тараз қаласында 1,3 миллиард теңгеге «Жасыл Ел-Тараз» тарапынан қатты тұрмыстық қалдық өңдеу мақсатында қаражат сұратылып отыр, – деді Олжас Елебекұлы.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қоқыс қалдықтарын тек тасымалдау ісімен ғана шектелмей, оны өңдеу мен сұрыптау ісін өңірдің барлық аудандарында жүзеге асыру мүмкіндігі бар екендігін айтты.
– Әзірленіп жатқан бағдарлама аясында кәсіпкерлік нысандарына 3 пайызбен несие беру жоспарланған. Бұл өте тиімді жоба. Сол үшін барлық аудандық әкімдіктердің бөлімдерімен байланысқа шығып, аталған бағытта қызмет атқарып жатқан кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын кешенді түрде жүргізу керек. Өзге облыстарда басқарма басшылары аудандағы ахуалды жіті қадағалап, министрлікке өтінімдерін өткізіп жатыр. Сондықтан біз де осы бағыттағы жұмысымызды жеделдетіп, жобаларды тезірек жинақтап алуымыз қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Айта кетерлік жайт, бүгінде Тараз қаласында 7 мердігер компания қоқыс қалдықтарын жинаумен айналысады. Оның ішінде жалпы жұмыстардың 60 пайызы «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-не тиесілі. Ал, инвестиция тарту ісі тариф бағамының төмен болуына байланысты жүзеге аспай отырған көрінеді.
Жиын соңында аймақ басшысы аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына баса назар аударып, алдағы уақытта қала аумағында қалдықтарды өңдеу ісін бір мекемеге жүктеу керектігін айтты. Сондай-ақ, облыс әкімі тұрмыстық қатты қалдықтар тасымалында жүзеге аспаған инвестор тарту ісін қоқыс өңдеудің келесі кезеңдерінде жүзеге асыру қажеттілігін жеткізді.
Нұрболат АМАНБЕК
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН
Ұқсас жаңалықтар
Бақылаушы болу – жауапкершілігі мол міндет
- 4 қазан, 2024
Жастар - халқымыздың болашағы
- 3 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді