«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ербол Қарашөкеев: Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты талап

Ербол Қарашөкеев: Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты талап
ашық дереккөз
Ербол Қарашөкеев: Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты талап
Ауа-райының қолайсыздығына қатысты кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Қандай да бір мәселе болса, жасырмай ашық айтып, талқылап, шешу жолдарын қарастыру – маңызды. Су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары пысықталған облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев осылай деп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
- Облыстың су тасқыны қаупі бар аумақтарда барлық алдын-алу шаралары дер кезінде атқарылуы тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігі – басты талап. Өткен жылы желтоқсан айында орын алған жағдай бізге сабақ болуы керек. Тиісті алгоритм бойынша жауаптылар өз міндеттерін жіті білуі тиіс. Сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде нәтиже қажет, - деді облыс әкімі.
Басқосуда баяндама жасаған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Руслан Орынбековтің айтуынша, 34 елді мекеннен су басу қаупі алынып, 2 елді мекенге төнген қауіп барынша төмендетілген. Сондай-ақ облыс аумағында су тасқыны жағдайының күрделенуіне жедел ден қою мақсатында 1459 адамнан тұратын авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдар топтамасы құрылған. Оларға 364 арнайы техника берілген. Бұдан бөлек, 396 қабылдау пункті, 6900 тонна инертті материалдар мен 16 140 тонна жанар-жағармай қоры дайындалған. Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының болжамды деректері ескеріле отырып, талдау жасалады. Облыс бойынша 1739 шақырым канал, 1794 шақырым арық, 428 шақырым дренаж жүйесі мен 946 су өткізгіш нысандар тазартылды. Басқосу барысында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев су қоймаларының тасқын суларды қабылдауға және жинақтауға дайындығы жөнінде баяндады. Ербол Қарашөкеев мол жауын-шашынның су басу ықтималдығын арттырғанын атап өтіп, су тасқынына қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізуді жүктеді. Аймақ басшысы жауаптыларға Тасөткел су қоймасын жаңғырту барысы мен Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын қатаң бақылауды, су қоймалары мен оған жақын елді мекендерге халықты хабардар ету жүйесін орнатуды тапсырды. Сондай-ақ арнайы техникалардың дайындығын тексеруді, су басу қаупі бар аудандарда күштер мен құралдардың қосымша резервтік топтарын әзірлеуді міндеттеді.

Ұқсас жаңалықтар