- Advertisement -

«Тірі тауар» сатуға тосқауыл бола ма?

46

- Advertisement -

Жуырда Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясында өткен форумда адам саудасына қатысты адам сенгісіз жайттар баяндалды. Жарияланған мәліметтер бойынша Қазақстандағы адам саудасының әрбір жетінші құрбаны бала екен. Соңғы жылы балаларды құлдықта ұстау бойынша 30 дерек анықталған. Күні кеше Ұлытау облысында еңбекке заңсыз жегілген жасөспірімдердің жайы бұл статистикаға әлі ене қойған жоқ.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы адам саудасына қатысты 124 дерек тіркелген. Мұндай сипаттағы қылмыстар көбінесе «Stop трафик» жедел алдын алу шараларының нәтижесінде әшкереленетін көрінеді. Өзін зайырлы, тәуелсіз мемлекет санайтын біздің елдің құқық қорғау саласы үшін бұл үлкен сын. Адам саудасы – жалпы адамзаттың сүйегіне қара таңба болған, адам құқығын ең арсыз, ең аяусыз аяққа таптаудың түрі. Өкінішке қарай, адам саудасы құрбанының үстінен еріктен тыс мәмілелер жасалып, ол меншіктегі «тірі тауарға» айналады. Көп жағдайда азаматтар зорлықпен, түрлі алдап-арбау тәсілдерімен шекара асып, мәжбүрлі еңбекке жегіледі, сексуалдық, физикалық, психикалық зорлық-зомбылыққа душар болады. Әлемдік статистика бойынша адам саудасының негізгі құрбандарын әйелдер мен жас қыздар құрайды.

ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясы жыл сайын республиканың ішкі істер органдары адам саудасына қатысты 100-ден астам қылмысты тіркейтінін мәлімдеді. Қазақстан азаматтарын экспорттаудың негізгі арналары – Бахрейн Корольдігі мен Оңтүстік Корея. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтың айтуынша, елімізде жақында кезекті рет «STOP трафик» жедел шарасы өтті. Соның нәтижесінде 39 қылмыс анықталған. Екі келіншек туған баласын сатқысы келген. Біреуі Шымкентте ұсталған. Ал, Орал қаласында 35 жастағы әйел үш ай бойы кәмелет жасқа толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Барлық ақшаны өз қалтасына басқан. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, 17 жастағы қыз туған-туыстарына тапсырылған.

Өңіріміздегі ахуал да аса мәз емес. 2023 жылдың 12 айында облыс аумағында адам саудасына қатысты жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық жасаудың 5, кәмелетке толмағандар саудасының 2, еңбекке мәжбүрлеу бойынша бас бостандығынан айырудың 2 қылмыстық дерегі анықталған. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының есебіне 70 жезөкше, 4 транссексуал және 3 жеңгетай тіркелген. Сонымен қатар, көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсынған 9 азаматша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және қоғамдық орындарда тиісудің 196 дерегі анықталып, әкімшілік іс қозғалған.

Сәби саудасы қызып тұр

Қазақстанда адам саудасының ең көп таралған түрі – сәби саудасы. Сорақысы сол, әлі дүниеге келіп үлгермеген құрсақтағы баланы тағдыр талайына тастайтын безбүйрек аналар да бар. Қоғамда үлкен резонанс туғызған оқиға 2022 жылдың соңында болды. Іс Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Тараздағы көпсалалы аурухананың екі акушері алдын ала сөз байласу арқылы кәмелетке толмаған баланы саудалады деп айыпталған. Тергеу барысында 2022 жылдың қарашасында 35 жастағы әйел жүктілігінің жетінші айында түсік жасатқысы келген. Алайда, дәрігер оны райынан қайтарған. Әйел нәрестені дүниеге әкелгенімен, тамақтандырудан бас тартып, перзентхана қызметкерлерінен сәбиді алып кетуді сұрайды. Әйелдің жағдайын өз отбасынан жасырғанын түсінген акушер баланы сатуға көмек сұрап, әріптесіне жүгінеді. Өздерінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру үшін акушерлер жәбірленушіні алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы жаңа туған нәрестені біреуге 1,5 миллион теңгеге сатып жіберген. Сатып алушы баланы заңды түрде өз фамилиясына тіркеуге тырысқан.

Бұл ретте барлық төлем сомасының бір миллионы биологиялық анаға берілуі керек болса, 500 мың теңгесі құжат рәсімдеуге жұмсалады деп жоспарланған. Ресми емес деректер бойынша, сәбиді сатып алмақшы болғандар он жыл бойы өз бетінше балалы болуға тырысқан. Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметіне сүйенсек, прокурор сотталушыларды 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесін, сондайақ Қылмыстық Кодекстің 55-бабы 2-бөлімінің талаптарын ескере отырып, сот оларды 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жалпы тіркеліп, жария болып, заңды түрде шара қабылданған оқиғаның бірі ғана. Ал, шын мәнінде ресми органдар жыл сайын 5-7 сәбидің заңсыз сауда құрбаны болатынын айтып дабыл қағып келеді.

Өкінішке қарай, қолдаусыз қалған аналарға пана болған дағдарыс орталықтары мен перзентханалар сәби саудасының «қара базарына» айналғаны жайлы деректер ақпарат айдынында еркін жүзіп жүр. 2016 жылы бала саудасында әккіге айналған 30 адамнан құралған қылмыстық топтың заңнан аттап кете алмағаны әлі күнге дейін жымысқы ойлары барларға сабақ болмай тұр.

Мұндай өрескел қылмыстарды алдын алу жұмыстары өңірде біршама жолға қойылған. Өңірімізде облыстық полиция департаментіне қарасты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция басқармасының, көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлерімен және мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп облыс аумағында орналасқан шаруа және фермерлік қожалықтарды, ауыл шаруашылығы алқаптарын, қыстаусаяжайларды, алқаптарды, құрылыс нысандарды мәжбүрлі еңбекке қанау фактілерін анықтауға бағытталған тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Адам қалай «тірі тауарға» айналады?

2000-жылдары азаматтардың еңбегін қанаудан гөрі жыныстық қанау мәселесі бірінші орында болатын. Тиісінше, адам саудасының негізгі құрбандары – әйелдер еді. Қазір жағдайдың тұтастай сипаты біршама өзгерген. Бүгінде әйелдерге қарағанда, ерлер адам саудасының потенциалды құрбанына айналып отыр. Яғни бұл азаматтардың еңбегін қанау фактілерінің, құлдықта ұстау деректерінің көбейгенін аңғартады.

Көбінесе ерлерді ауыл және мал шаруашылығына немесе құрылыс жұмыстарына жегеді. Мұның басты себебі – елдегі әлеуметтік ахуалдың төмендеуі. Қаржы жағынан тығырыққа тірелген адам түрлі тәуекелге баруға дайын. Кейде азаматтарымыз заңды түрде Қазақстаннан Ресейге аттанады, ал ары қарай заңсыз түрде өзге шет мемлекеттердің шекарасын кесіп өтеді. Бөтен елде қанаушылар олардың құжаттарын тартып алып, еріксіз еңбекке жегеді.

Қылмыскерлерді құрықтау неге қиын?

Адам саудасының иіріміне көбінесе шетелдік азаматтар жұтылып кетеді. Себебі, олар барған елдерінің тілін білмейді, тәртібі, заңы бейтаныс. Ал, кейбір құрбан болған азаматтар өздерінің арыз-шағымдарын қайтарып алады.

Мұның бірінші себебі – құқықтық процестердің ұзақтығы. Азамат бұл елде әрі қарай қалуға қорқады, жақындарын сағынып, еліне оралуға асығады.

Екіншісі, дәлелдерді жинау үлкен құлшынысты қажет етеді. Алайда, істің әрі қарай жүруіне жәбірленушінің жалғыз арызы аздық етеді.

Үшіншісі, сексуалды қанаудың құрбандары намысының аяққа тапталғанына қорланады. Жәбірленуші арыз жазған жағдайда қоғам тарапынан моральдық қысымға душар болады. Ал, құқық қорғау органдары мамандарының істі тоқтатудағы жалғыз классикалық себебі – қылмыс құрамының болмауы екен. Мигранттар контрабандасының қызмет көрсету нарығында қолға «тірі тауарды» оңай түсіру үшін онлайн сервистер пайдаланылады. Ал, Internet World Stats мәліметтері бойынша Қазақстанда интернет арқылы адам саудасын жүзеге асырудың, ақпарат табудың аса қиындығы жоқ.

Бұл киберқауіпсіздіктің нашар екенін айғақтайды. Егер Қазақстан азаматы елден заңсыз шығарылса және қанауға ұшыраса, мемлекет ол азаматты қайтаруға, аудармашы мен адвокат қызметіне және басқа да шығындарға арнайы қаражат бөледі. Мұны жүзеге асыру үшін жәбірленуші немесе оның туысы өтініш жазу керек.

Сонымен қатар, зорлық-зомбылық, заңсыз әкету және басқа да қылмыс фактісін растайтын құжаттарды қоса беру керек.

Заң не дейді?

Қазақстан Конституциясының 1-бабында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал, адам саудасымен айналысқандарға көзделген жаза қаншалықты жұмсақ? 2020 жылдың 1 қаңтарында Қылмыстық заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Олардың арасында адам саудасы, кәмелеттік жасқа толмағандарды сатуға байланысты баптар бар. «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сату» деп аталатын 135-бап бұрынғыдан да қатаң жаза қолдануды қарастырды.

Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалады. Бұрын осы баптың 4-тармағы бойынша қылмысы дәлелденген тұлға 15 жылға түрмеге қамалатын. «Адам сату» деп аталатын 128-бапқа қатысты жаза күшейтілді.

Бұдан былай мұндай қылмыс жасаған адам 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ең ауыр жаза бұрынғы қалпында қалды – 15 жыл қатаң тәртіптегі колонияға қамау. Алайда, адам саудасының жазасына байланысты тартыстар көп. Былтыр көктемде Мәжілісте адам саудасына байланысты заң жобасына түзетулер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыланған еді. Бірақ, оның қорытындысы қойыртпаққа айналып, нақты нәтиже болған жоқ. Ал, заңсыздықтар бәсеңситін емес.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support