- Advertisement -

Ел экономикасының діңгегі

30

- Advertisement -

Кез келген іргелі елдің экономикасын дамытатын – инвестиция. Бүгінгі таңда Қазақстан ұстанып отырған бірегей инвестициялық саясат ел аумағында көптеген ірі жобалардың жүзеге асып, халықтың табыс көзінің артуына сеп болып отыр.

Былтыр желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Құжат инвестиция тарту жөніндегі кеңеске ерекше өкілеттік беретін болды.

Бүгінгі таңда Үкімет алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 миллиард долларға дейін, яғни екі есеге дейін ұлғайту міндеті тұр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін елге кемінде 150 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарту қажет. 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 18043,7 миллиард теңгені құраған. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 13,7 пайызға көп. Экономикалық сарапшылардың айтуынша, 2023 жыл шетелдік инвестицияларды тарту тұрғысынан нәтижелі болған.

Мәселен, тек Қытай бағытында Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша, жалпы сомасы 16 миллиард долларға 30 құжатқа қол қойылды, бұл ретте 21 миллиард долларға 52 бірлескен жобаны іске асыру жалғасуда. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАӘ-ге сапары аясында жалпы сомасы 4,7 миллиард долларға 10 инвестициялық келісімге қол қойылған. Қарапайым сөзбен айтқанда, инвестиция – белгілі бір пайда әкелетін іске ақша салу.

Инвестиция құятын инвестордың мақсаты – салынған қаражатты біршама уақыттан кейін қайтару әрі үстінен пайда көру. Тиісінше салынған инвестицияның арқасында экономика алға жылжып, табыс көзі артады. Осындай оң үдеріс былтыр облысымызда байқалған. Өңір инвестициялық өсім жағынан айтарлықтай жақсы нәтижеге жеткен. Санмен сөйлетсек, аймаққа өткен жылы 325 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артып отыр.

Ал, бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфелі 2,3 триллион теңгені құрап, 69 жобаны қамтиды. Аталған жобаларды 2026 жылға қарай толық аяқтау көзделген. Жұмыс жүйелі жүрсе 5,5 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ербол Қарашөкеев Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапарында атап өткендей, шетел инвесторларын облыстың қолайлы географиялық жағдайы, мол табиғи ресурстары, аграрлық және өнеркәсіптік зор әлеуеті қызықтыруда.

Өңірімізде экспортқа ыңғайлы жоғары технологиялық өнімдерді өндіру үшін барлық мүмкіндіктер жеткілікті әрі қолайлы инвестициялық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, суарудың қарқынды су үнемдеу әдістері мен облыстың өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жоғары қайта бөлу өндірістерін дамытуға баса назар аударылуда. Осындай жүйелі жұмыстар бүгінгі таңда Жуалы ауданында сәтті қолға алынып жатыр.

2023 жылы ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 миллиард 476 миллион теңгені құраған. Өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіш 17 пайызға өскен. 2024 жылға бірқатар жоба нақтыланып отыр. Бұл туралы бізге аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов баяндап берді.

– Өткен жыл Жуалы ауданы үшін жемісті болды. Биылға жоспарымыз нық. Бірқатар жобалар бастау алғалы жатыр. Жұмыс қызу. Ауданға инвестиция құюға мүдделі азаматтар аз емес. Мәселен, Қызыларық ауылдық округі Сұрым ауылында «Мол даму» агроөнеркәсіп кооперативінің сүт өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. 300 миллион теңгені құрайтын жобаның қуаттылығы күндігіне 7 тонна. Индустрияландыру картасы аясында жер мәселесі шешілді. Жоба іске қосылғанда 5 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары аяқталған. Қажетті құрал-жабдықтарды алу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылынан жеке кәсіпкер «Жанғараев» табиғи артезиан суын өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Бүгінгі күнге жер телімі рәсімделіп, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Жоба құны 80 миллион теңге. Аталған жобаның қуаттылығы күндігіне 2,5-5 тонна. Нәтижесінде 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, үлкен жаңалығымыздың бірі – ауданымызда алғаш рет құс фермасы салынбақ. Нұрлыкент ауылдық округі, Түктібай ауылы маңында «Алтын Ел-Груп» ЖШС-нің құс
фермасын салу бойынша келіссөздер жүргізіліп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталғалы жатыр. Индустрияландыру картасы аясында жер мәселесі шешілді. Жоба құны – 2,5 миллиард теңге. Жоба толықтай іске асырылғанда 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Жылына 5000 тонна құс етін өндірмек. Осыған дейін Байзақ ауданында қарқынды жұмыс істеп келе жатқан «Алель Агро» АҚ Жуалы ауданында да жаңғырмақ. Өз нысандарын Билікөл ауылдық округі, Қарабастау ауылы маңында салуды көздеп отыр. Келіссөздер жүргізіліп, 140 гектар жер телімі қарастырылып, қазіргі уақытта құжаттары рәсімделуде. Құны – 2,5 миллиард теңге. Жоба толық іске асқанда 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілмек. «Асылжан» жеке кәсіпкерлігі Күреңбел ауылдық округінде 2 тонналық сүт өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қондырғыларды алуға ниеттеніп жатыр. Жоба іске қосылғанда бес жұмыс орны ашылады. Құны – 40 миллион теңге. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында 195 миллион теңгеге жол сервисі кешенінің құрылыс жұмыстары жартылай аяқталды десек болады. Биыл толық аяқтап, пайдалануға берсек дейміз. Бұл жерде 17 кәсіпкердің орны болады. Одан да көбеюі мүмкін. «Чайно Пауэр» компаниясы жоба құны 5 миллиард 812 миллион теңге болатын жел электр станциясын салуды жоспарлап, қазіргі уақытта зерделеу, барлау жұмыстары жұргізілуде. Үш жылға жоспарланған жоба іске қосылған уақытта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, бірқатар ұсақ жобаларымыз бар. Жыл соңына дейін туризм саласын жандандыруға бағытталған жоспарларымыз жүзеге асады деген сеніміміз бар, – деді

Рақымғазы Құниязов. Жуырда ғана облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері баяндалған жиында «Әрбір кәсіпорын халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі маңызды. Негізгі міндет – халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру керек. Бұл жұмысты әлі нақты түсінбейтіндер бар», – деп баса айтқан еді.

Өңір басшысының сөзінің жаны бар. Аймақ дамуын алға бастауға бірден бір серпін беретін негізгі күш – инвестиция тарту. Бұл тұрғыда Ербол Қарашөкеев облыс тізгінін алғалы бері бірталай іс атқарды.

Мәселен, аймақ басшысының өңірдің бизнес өкілдерімен бірлескен Қытай Халық Республикасына ресми жұмыс сапарының нәтижесінде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, облыста ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру мен мал азығы өндірісін ашу, тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт құрылысын бастау жоспарлануда.

Сондай-ақ, қос тарап литийтемір-фосфатты аккумуляторлар өндірісін іске қосу мүмкіндіктерін талқылады. Ербол Шырақпайұлы атап өткендей, шетел инвесторларын облыстың қолайлы географиялық жағдайы, мол табиғи ресурстары, аграрлық және өнеркәсіптік зор әлеуеті қызықтыруда. Өңірімізде экспортқа ыңғайлы жоғары технологиялық өнімдерді өндіру үшін барлық мүмкіндіктер жеткілікті әрі қолайлы инвестициялық жағдай жасалған.

Бүгінгі таңда өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, суарудың қарқынды су үнемдеу әдістері мен облыстың өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жоғары қайта бөлу өндірістерін дамытуға баса назар аударылуда. Айта кету керек, биыл Қазақстан инвестициялық тартымдылық бойынша әлемдегі үздік ондыққа енді.

Осылайша Азия, Африка, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің инвестициялық тартымдылығына жүргізілген зерттеу рейтингінде алтыншы орынға орналасты. Еліміз орталық Азияда 61 пайыз үлеспен тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша жетекші орынға ие. Сыртқы істер министрлігі инвестициялар комитетінің дерегінше, өткен жылы жалпы инвестиция көлемі 705 миллиард теңгені құрайтын 70-тен астам инвестициялық келісімшарт жасалды және инвестициялық преференция беру бойынша 450-ден астам өтінім қаралды.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жандос Темірғалидың айтуынша, 2023 жыл инвестициялық белсенділіктің артуымен есте қалды. Шетелдік кәсіпкерлер Қазақстанға ерекше қызығушылық танытты. «Қазақстанмен бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан елдер көш бастап тұр. Олар – АҚШ, Қытай, Еуропалық Одақ елдері. Түркия мемлекеті де Қазақстанға қомақты қаржы құйып жатыр. Соңғы жылдары Мысырмен агроөнеркәсіп кешені мен фармацевтика саласындағы әріптестік қарым-қатынас жақсы дамып жатыр», – деді Жандос Темірғали.

Айтпақшы, Қазақстан сыртқы сауда айналымы бойынша да топ басында. Себебі, Орталық Азияның барлық импорты мен экспортының 60 пайызы біздің ел арқылы өтеді. Бұл тұрғыда Жамбыл облысының да инвестиция тартудағы үлесі күн санап көбейіп, әлеуеті артады деуге толық негіз бар.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support