- Advertisement -

Атақ арзандап барады

85

- Advertisement -

Бұрындары атақ алудың жолдары еселі еңбектер мен сатылап жететін жетістіктердің деңгейінде өлшенуші еді. Мысалы, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген наградалар Президент Жарлығымен бекітіледі. Ол атақтарды алған адамдарға мемлекет тарапынан сол дәрежеге лайықты құрмет көрсетіліп тұрады. Еліміздегі жазушы немесе мәдениет, білім саласының майталман мамандарына берілетін марапаттардың өз заңдылықтары бар. Бұл атақтарды алғандардың лайықтылығын зерделейтін арнайы комиссия тағайындалатыны да белгілі.

Қазіргі таңда елімізде неше түрлі атақ көбейіп кетті. «Әлем жазушылары одағының мүшесі» немесе «Қазақстанның Құрметті азаматы» деген атақтар шығыпты. Бұл атақтарды иеленіп жүргендердің жеке басына тіл тигізуден аулақпыз. Бірақ олар арқалап жүрген атақтардың қоғамда қандай салмағы мен мәні бар және бұл «атақтарды» белгілі бір қоғамдық ұйымдар тағайындай салмай ма деген де ой келеді.     Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымыз «Жеңіс күні» мерекесі келген сайын кеуделерін орден, медальдармен көмкеріп алаңға шығушы еді. Түрлі түсті сымбатымен көз тартатын күміс бұйымдарды кеудесіне қалай таққанын сұрасаң, ол туралы аңызды ардагерлер таңды таңға ұрып әңгімелейтін. Майдан даласындағы шайқаста от пен оқтың ортасында жүріп ерлік жасаған оқиғаларын таңғалып тыңдайсың. Расында, бұл адамға қандай құрмет көрсетсе де артық етпейді деген ойға келесің. Сол соғыста қанша қан кешсе де осы марапаттарды ала алмай кеткен жауынгерлеріміз қаншама. Ал, бүгінде атақтың құны арзандап кетті. Ақ тер көк тер болмай-ақ ақшаға сатып аласың деген де әңгімелерді естіп жүрміз. Бұл ақылы атақтар туралы қоғам белсенділерінің де пікірін білдік. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілханның айтуынша, атақ деген қазіргі қоғамның дерті сияқты. Ұлы Абай «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда», – дейді.

– Атақ-даңқпен жарысатын заманға тап келдік. Дөңгелек үстелдер мен жиындарға барсаң немереңдей балалардың атағынан ат үркеді. «Қазақстанның құрметті азаматы» деген атақ шығыпты. Бұл атақтың дәрежесі қандай екенін ұға алмадым. Бір кездері «Жігіттер» тобының әншілері осы атақты жеке-жеке иеленді. Арнайы Астана қаласында кеш ұйымдастырып, сол жиында тапсырды. Арнайы төсбелгілері мен сертификаты бар екен, –ؘ дейді Асқарбек Ақылшаұлы. Сондай-ақ, ол, мемлекеттік наградалар туралы арнайы заң барын, білім мен мәдениет саласында саны көп, сапасы жоқ атақтар көбейіп кеткендігіне де тоқталып өтті. Қоғамдық бірлестіктердің ақшаға сату үшін ойлап тапқан атақтары ма деп ойлайтынымыз рас. Елімізге еңбегі сіңген артистің ақылы атақтар туралы толғанысы бекер емес, белгілі жағдай. Қазіргі кезде «Әлем жазушылар одағының мүшесі» деген атақ қайдан берілгені әлі бізге белгісіз. Қазақстан Жазушылар немесе Журналистер, Суретшілер одағының мүшесі дейтін арнайы куәлік ақын, жазушыларға берілетіндігі белгілі. ТҮРКСОЙ немесе Еуразия жазушылар одағының бар екені баршаға мәлім. Ал, «Әлем жазушылар одағының мүшесі» дегенді  кімдер ойлап тапқан? Белгілі бір дәрежеде заңды құқығы бар қоғамдық ұйымдардың сатып жүрген атақтарын ақшаға алғандар бұл туралы айтуға ұялады екен. Кейбір кісілердің сөзінше, ақыға алынған атақтың қоғамдық құны жоқ. «Алтын адам» марапатын ұсынған кезде оған 50 мың теңге төлеген. Бірақ, бұл атақты қызығушылықпен алғанын растайтын Тараз тұрғыны ол туралы айтуға ұялатынын жеткізді. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Айгүл Кабейқызы: – «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» деген дәреже облыстық мәслихаттың шешімімен бекітіледі. Ал, «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» деген атақ қайдан шықты? Бұл мемлекеттің бекітіп берген атағы емес. Сол сияқты, жеке қоғамдық ұйымдардың ақыға ұсынған атақтары бізге керек емес», – дейді. Қазақта атақ туралы мақал көп. Аз да болса абыроймен алған марапатыңа не жетсін. Еңбегімен еленген ердің еңсесін елі түсірмейді.

 

Нұржан ӘЛІШ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support