«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ішімдіксіз ауыл

Ішімдіксіз ауыл
ашық дереккөз
Ішімдіксіз ауыл
Кеңес одағы ыдыраған соң еліміз өз алдына отау құрып, тәуелсіздігін алды. Сол уақыттан бері жоғымызды түгендеп, барымызды бағаладық. Атамыз қазақ атын естімеген арақтың төрімізге шыққан кездерін ешкімнен жасыра алмаймыз. Әлі де бұл сусынсыз тойымыз өтпейтіндей көрінетіні рас. Дегенмен, иманды азаматтарымыздың арқасында алкогольдік ішімдіктерден қоғам ақырындап арылып келеді. Оның бір дәлелі – арақтан бас тартқан ауылдықтардың игі қадамы. Өңірімізде мұндай игі бастамаларымен үлгі көрсетіп жүрген біраз елді мекендер бар. Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу ауылының тұрғындары ащы судың ауыл дүкендерінде сатылуына тыйым салыпты. Ауыл тұрғыны Азамат Самбетқұловтың айтуынша, осы ауылда тұрып-ақ атағы республикаға белгілі болған ірі кәсіпкер, марқұм Сайрамбай Дөненбаевтың әрбір ісі жастарды тура жолға шақырған екен. – Ауыл халқына мол шарапаты тиген Сайрамбай ағамыз бізді де қайырымдылық жасауға жиі үгіттейтін. Ол кісінің Аллаға деген махаббаты шексіз еді. Сол себепті кәсібінің берекесі артқан шығар. Көшеде жұмыссыз жүрген жастарды, ішімдік ішкендерді көрсе көлігін тоқтата салып, шаруасы тығыз болса да ерінбей оларға ақыл айтатын, – дейді Азамат Қадырбекұлы. Азаматтың өзі де кәсіпкер. Елді мекен ішіндегі жолдарды жөндеп, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған. Ауыл жастарын ұйымдастырып, туған жерлерін көркейтуге көпшілік болып атсалысып жүр. Бұл шаруаларға қуана қолдау көрсетіп, ырзашылықтарын білдірген ақсақалдар да аз емес. Жастардың жақсылығына араласып, өлкенің гүлденуі өсіп-өнген ұрпақтың қолында екенін жиі айтуда. Жарлысулық Серік Жүндібаевпен тілдескен кезімізде, ол кісі ауыл жастарының өте тәрбиелі екенін атап өтті. – Бұл ауылдың тұрғындары тату әрі ұйымшыл. Соның арқасында кем-кетігіміз бүтінделуде. Жағдайы төмен отбасыларға көмегін көрсетіп, жетім-жесірлерге қамқорлық танытуда. Жүрегінде иманы бар азаматтардың ықпалымен ел ішінде ащы су ішетіндер азайды. Дүкендерде қазір арақ сатылмайды. Арнайы қонақ шақырып, құда күтетіндер аудан орталығынан алдырады. Бірен-саран тығылып ішетіндер бар шығар, бірақ көшеде масайып жүргендер жоқ. Бұған да шүкірлік етеміз. Баяғыда бір үйде той болса ауылдың жартысы сол үйден думандатып қайтушы еді. Қазір бәрі түзу барып, түзу қайтады,–дейді ауыл тұрғыны. Түтіні түзу шығып, ұрпағы таза су ішкен елдің тұрмысы тәуір болары анық. Адал аспен асыраған ұрпағымыз ұлтқа адал қызмет етеді. Осы орайда, біз тұтынушылардан бөлек, азық-түлік саудалайтын сатушылармен де тілдестік. Дүкен меңгерушісі Әлия Самратбекова тұрғындардың сөзін растады. Бүгінгі таңда алкогольдік ішімдік сауда орталығына әкелінбейді. – Дүкеніміздің саудасын қыздыратын басты тауардың бірі алкоголдік өнімдер еді. Ауыл адамдары жәшігімен сатып алып, қоқысқа 1-2 рет тастаған соң бізде саудалауды тоқтаттық. Осындай жолмен қарсылық білдірген халықтың талабына көндік. Басында түсінбедік. Дегенмен, Аллаға шүкір бұйырғаны болып жатыр. Арақсыз да саудамыз қызып тұр, – дейді сатушы.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар