АСЫЛДЫҢ БІРІ ДЕ БІРЕГЕЙІ...
Сондай асыл ағалардың бірі де бірегейі қазақтың қадірлі қариясы Жұман Ержігітов ағамыз еді. Ол кісі кешегі Кеңестік дәуірде Түркістан және Мақтарал мақта зауыттарын, Жамбыл жүн өңдеу фабрикасын басқарған елге танымал тау тұлға болатын. Сонау балағынан құм саулаған бала кезінен бастап, пайғамбар жасынан асқан абыз қарттыққа дейінгі аралықта адам деген ардақты атқа, адамгершілік қасиетке қылау түсірмей, ел мен жердің гүлденуі үшін табан ет, маңдай терін төккен, еңбекпен есейіп, еңбекпен ержеткен абыз қария болды. Есімі ел жүрегінен орын алған осынау асыл ағамыздың жас ұрпаққа өнеге болар игі істерін санамалап жатуға саусағымыз жетпесі анық. Содан болар, өзімнің көңілімнен берік орын алған кейбір сәттерді ғана айтуды жөн көріп отырмын. Әріден айтсақ, Жұман ағамыз бен ұлт мақтанышы, сазгер Шәмші Қалдаяқов, ақын Сабырхан Асанов, Адас сынды асыл азаматтармен өзара сыйластығын, достығын көргенде, адам бойындағы ұлылықты көру үшін, өзіңнің бойыңда да иненің жасауындай болса да ұлылық болу керек деген халық даналығы ойға оралады. Замандастарының айтуына қарағанда Жұман ағамыз дара да дана тұлға болғанын байқаймыз. Сонау бір жалын атқан жас кезінен бастап елім, жерім деп өскен Жұман аға кешегі кеңестік дәуір аяқталып, ел басына күн туған қиын кезеңде Жамбыл жүн өңдеу фабрикасында жұмыс істеп жатқан өзінің 400 жұмысшысына пәтер немесе жекеменшік үй сатып әпергенін, соның арқасында фабрика тарқағанда бірде бір адамның үй кезегінде қалмағанын ел әлі күнге аңыз ғып айтады. Әрине, ол кісінің биіктерден көрінуіне Тамара жеңгеміздің еңбегі де ерен болды. Екеуі де адал еңбек етті. Қоғамның дамуына өз үлестерін қосты. Мұрат, Шолпан, Айман, Роза, Сұлтанбай сынды өнегелі ұрпақ сүйді. Өсірді, жеткізді. Сәуле, Нұрлан, Ерлан, Асқар, Жанна, Ерік, Әнуар, Темірлан есімді немере, шөберелерінің алды белгілі мамандық иелері болса, енді бірі мектепте оқиды. Енді Алла тағала бейнеттің зейнетін көрсетіп отыр.
Иә, көзден кетсе де, көңілден кетпейтін асыл ағамызды мен ғана емес, оны ардақ тұтатын барша азаматтар да ризашылықпен еске алары сөзсіз...
ШЕЖІРЕЛІ КӨҢІЛ, ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ИЕСІ
«Қазақ дәстүрінде жақсы адамдар өзінен жасы кішілердің бәріне аға. Мұндай ағалар ешкімді елге, жерге бөліп алаламайды. Тек ісіне, сөзіне, ізгілігіне, таланты мен талабына, дарыны мен қарымына қарайды», – дейді белгілі жазушы Қорғасбек Аманжол ағамыз. Рас сөз. Ағалардың бір ауыз жылы сөзі, саған деген сенімі қанаттандырады, титтей талабыңды таудай қылады, алдыңнан алыс қияндарға, бақытты болашақтарға бастайтын ақ жол ашады.
Сондай бойында рухы, жүрегінде иманы мол ағаларымыздың бірі – Ғазиз Қожахметов. Ол 1946 жылы 20 ақпанда небір ұлылардың бесігі болған Отырар ауданының Шәуілдір ауылында дүние есігін ашқан. Әкесі Қали майдангер, партия, кеңес қызметкері, аудан, облысқа белгілі өте білімді мектеп директоры, анасы Әтіркүл Сапарбекқызы ауыл-аймаққа сыйлы кісілер болған. Осындай текті әулетте дүниеге келген нәрестенің атын әкесі Ғазиз қойып, жолдастарын шақырып, бір күн той жасаған екен. Бірақ қаз-қаз тұрып жүрген кезде әулеттегі жас сәбидің бірі болған соң, оны Қазтай деп атап кеткен. Әлі күнге дейін Шәуілдірдегі ағайын, туыс, нағашылар, Қарғалы, отырарлықтар ағамызды Қазтай дейді. Өзінің ерекше зеректігінің арқасында алты жасында мектепке барады. Картадан сол кезде Қара, Каспий теңіздерін көрсете алатын оны сыныптастары «кішкентай инспектор» дейтін. Әлі күнге дейін Керімжан Құртаев, Өмірзақ Әбдіразақов, Мара Тоқсанбаев, Шәміл Бақтыбаев сынды көптеген сыныптастарын мақтаныш етеді. Бертін келе барша замандастары сияқты жоғары оқу орнын бітіріп, «Меркі» темір-бетон зауытының бас инженері және зауыт директоры болып қызмет етеді. Одан кейін Шудағы су-құрылыс тресін басқарды. Мәскеуге белгілі, Қазақстанда мақтаулы болған зауыт пен трестің абыройын асқақтатудағы ерен еңбектері мен дара да дана басшылығы үшін ел құрметіне бөленіп, Англия, Ирландия сияқты шет елдерге де сапар шеккені бар. Алайда ағамыздың өмір жолы тақтайдай түзу болды деуге болмайды. Көптеген қиындықтар, кедергілер, аяқтан шалулар болғаны рас. Ол кез елім, жерім дейтін ұлтжанды азаматтарға жұмыс істеу қиын болатын. Өзі айтқандай екі адам қазақ болса да, орысша сөйлесе бастаған, жиналыстар өңкей қазақ отырып, орысша өтетін. Бір-екі орыс ағайыны болса, тіпті, жақсы. Бірақ, орыстар орыстығын, қазақтар руын ұмытпайтын. Сыбырласып отырып-ақ, кімнің кім екенін білетін. Бірақ үлкен тосқауылдан қорқатын. Ол коммунистік партия еді. Иә, қорқатын. Қазақша әңгіме емес, сөз қоссаң, орыс тілді ағайын «орысша сөйлеңіз», «мы не понимаем» деп діңкілдеуші еді. Ру-жүзін сұрасқан бишара қазақтар бұл жерде ауызына құм құйылып, ләм-лим дей алмайтын. Орыс тілді ағайын бірін-бірі қатты қолдайтын, бізге ұқсап, ру сұраспай-ақ, көңіл жықпай, өздеріне жағдай жасауда бізден мың жылға алда болатын. Кейде өзімізді өзімізге, қазақты қазаққа айдап салатын.
Иә, ағамыздың сондай қиын сынақтардан азаматтық болмысын, адами қасиетін жоғалтпай өте білгеніне риза боласыз. Өйткені, ағамыздың басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – терең ой, жолдасы – адал еңбек, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушысы да, сыйлаушысы да халық еді. Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра дегендей, көргені мен түйгені мол, ұлы даланың тұғырлы тұлғаларының бірі болатын. Содан болар, ол кісінің кейбір жүрекжарды лебіздері бабалардың даналық сөзімен үндесіп жататынына біз таңданыспен қарайтынбыз. Ағамыздың «Туажатқа аманат» кітабы Отырар тарихының жұлынбайтын бір алтын парағы десек те болады. Онда Құрбан ата мен қоғам және мемлекет қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібеков, әлемге әйгілі күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов секілді ұлт мақтаныштары жайлы құнды да құнарлы деректер санаңызға сілкініс әкелері сөзсіз. Осындай шежіре көңіл ағамыздың өнегелі өмір жолын өзімізге үлгі тұтатынбыз. Аға үмітін ақтауға тырысып, биіктерге талпынып жүретінбіз. Одан жаман болғанымыз жоқ. Жолында жақсы ағалар көп ұшырасқан адамның жолы болғыш келеді деген рас екен. Аллаға шүкір, ғылым саласында өзінің өшпес орны бар академиктердің бірі болдық.
Иә, дария кеуде, тау мүсін, қарттарым аман-сау жүрші деген жыр жолдарын еске салатын Ғазиз Қалиұлы ағамыз бүгінде Күләш жеңгемізбен бірге салиқалы да өнегелі Серік-Мұхит, Толқын, Гүлназ, Жақсылық сынды ұл-қыз тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы.
БОЛМЫСЫ БӨЛЕК ЖАН ЕДІ...
Әр өңірдің өзіндік тарихы болады десек, сол тарихымен есімдері бірге аталатын болмысы бөлек ерекше тұлғалар болады. Сондай есімі ел жүрегінен орын алған айтулы ағаларымыздың бірі де бірегейі Бөлеген Ақынбеков ағамыз болатын. Содан болар, Жамбыл облысы мен Жамбыл қаласындағы трактор қосалқы бөлшектер зауытының тарихын сөз еткенде облыс экономикасының өсіп-өркендеуіне, дамуына сүбелі үлес қосқан Бөлеген ағамызға соқпай кете алмаймыз. Ол кісінің өнегелі өмір жолы мен тағылымға толы тағдыры жайлы ел арасында әсерлі әңгімелер аз емес. Солардың бірі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Алданыш Нұрымовтың мына бір әңгімесі ешкімді де бейжай қалдырмасы анық.
Ағамыз айтады, мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде арманшыл Бөлеген бозбала білім қуып, Ташкент қаласына барып, жоғары оқу орнына түседі. Ташкент политехникалық институтының механика факультетін тәмамдаған соң, кеудесіне дипломын қысқан жас маман арманын әуелеп ұшырған, кіндік қаны тамған Шымкентке қарай жол тартады. Жалындап тұрған жас жігіттің іскерлігін байқаған Шымкент пресс-автомат зауытының басшылығы оны бірден инженерлік қызметке тағайындайды. Осында 2-3 жыл еңбек істеген соң, Жамбыл қаласындағы 1938 жылы құрылған трактор қосалқы бөлшектер зауытында қатардағы инженерден бас инженерге дейін өседі. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, білікті маманды облыстық партия комитеті автокөлік жөндеу зауытына директор етіп тағайындайды. Б.Әкімбеков артта қалған кәсіпорынды 4-5 жыл ішінде алдыңғы қатарға шығарып, Қазақ ССИ автокөлік министрлігінің қызыл туын жеңіп алуға қол жеткізеді.
Мен ойлаймын, біздің қазақ қашаннан азамат деп өз мүддесінен гөрі көптің, ел-жұртының мүддесін жоғары қоя білетіндерді, керек болса, сол үшін өзінің басын бәйгеге тіге алатындарды айтқан ғой. Ал, Бөлеген Әкімбеков болса, кешегі тоталитарлық қоғамның тұсында да қақап тұрған заманның қаһарынан қаймықпай, елінің болашағын, еңсесі биік ертеңгі күніміздің қамын ойлай білген сондай азаматтардың бірі еді.
Облыстық партия комитеті 1974 жылы Б.Әкімбековті өзі еңбек еткен трактор қосалқы бөлшектер зауытына директор етіп тағайындайды. Міне, осы кәсіпорынды тапжылмай 22 жыл бойы Б.Әкімбеков басқарды. Бұл жылдар зауыттың өсіп-өркендеу жылдары болды. Зауытта жұмысшыларға арнап 2-3 қабатты үйлер тұрғызылып, бірнеше балабақша, жатақхана, демалыс орны іске қосылып және зауытта қосалқы бөлшектен басқа халық тұтынатын тауарлар шығарылды. Атап айтқанда, темір қақпалар, шойыннан құйылған қоршаулар, үй пештері, тағы басқа да өнімдер шығарылды.
Ұжым басқарудың ауыртпалығын, оның жауапкершілігін абзал азамат қана арқалайтыны белгілі. Оған тәуекел деп кіріскен басшының жанторсығы қашанда терең ой, елім, жерім деп соққан ыстық жүрек, адал ниет болуы тиіс. Осының бәрі Әкімбековте бар еді. Адал да, жанкешті еңбегінің арқасында ол «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды, зауыт облыста бірінші болып мемлекеттік қабылдау дәрежесін алды.
Иә, Жамбыл трактор қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыт өңірде мақтан тұтатын ұжымның бірі де бірегейі болатын. Облыс, республика емес, одаққа белгілі кәсіпорын болды. Осы зауытты отыз жылға жуық басқарған білікті маман, тамаша ұйымдастырушы, облыс мақтанышы болған, адамгершілігі жоғары, отандық өндірісті дамытудағы көптеген істердің бастамашысы болған дара да дана басшы Бөлеген Әкімбековті зауыт ұжымы ғана емес, облыс тұрғындары да, одақтық министрліктер де қатты сыйлап, құрметтеуші еді.
Ағамыздың ел үшін еткен еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Өзі қызмет еткен кәсіпорынның кіреберісіне ескерткіш тақта орнатты. Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшін ағамыздың өнегелі өмір дерегі жайлы сыр шертетін (Саракүл жеңгеміздің авторлығымен) «Болмысы бөлек жан еді...» атты кітап шығарылды.
ДАРА ДА ДАНА ТҰЛҒА
Есімдері ел аузынан түспейтін, елім, жерім дейтін ұлтжанды айтулы азаматтар жайлы халықтың өз түсінігі, бағасы болады. Кейде ондай деректер тарихтың желісінен жырақтап, аңыз, әпсанаға айналады. Бұл олардың халықтың санасына өшпес із қалдырғанын байқатады. Тұйғынбек Темірбеков ағамыздың өнегелі өмір дерегі кім-кімді де осындай ойға жетелері анық. Ағамыздың дүниеден өткеніне көп жыл болса да, егемен еліміздің экономикасының өсіп-өркендеуіне, химия саласын дамыту жолындағы ұланғайыр еңбектері, адами асыл қасиеттері әлі күнге дейін ұмытылмай, айтылып та, жазылып та келеді. Тұқаңмен тізе қосып бірге қызмет еткен замандастарының сөздеріне сүйенсек, Тұйғынбек Темірбеков ағамыз сөзі мен ісі бір жерден шығатын, жеке басының бақытын елінен бөліп қарамайтын, «пайда ойламай, ар ойлаған» білімі мен дарынын биік мұрат жолына сарқып берген дана да дара тұлға болған.
Ел бағына туған ағамыздың Жамбыл облысының экономикасын, оның химия саласын өркендетудегі елеулі еңбектерін жіпке тізіп шығуда емес, мәселе Тұқаңның мақсатының кіршіксіз, әрекетінің табиғи адалдығында, өмірде ізгіліктің үстем болатынына сенімінде, «түлкі заманға тазы болып қосылмай», ел алдындағы, еліміздің химия өнеркәсібі алдындағы парызын имандай берік ұстанғанында. Содан болар, кейбіреулер сияқты «бізге дейін ештеңе істелген жоқ, бәрін біз бастағалы отырмыз» дейтін пендешілік ойдан ада болды.
Өйткені, Тұйғынбек Темірбеков ағамыз тектілердің тұяғы болатын. Сондықтан да бала Тұйғынбектің болашағынан зор үміт күткендер аз болған жоқ. 1937 жылы Түркістан облысының Қандөз ауылында дүниеге келген ағамыз өзінің «Көңілде қалмасын деп көргендерім..» атты естелік кітабында былай деп жазады. «Әкем соғысқа аттанғанда біз 4-5 жастағы балалармыз. Үйіміз саз балшықтан салынған болатын. Жауынды күндері төбесінен су сорғалап тұрушы еді. Анам марқұм колхоздан күндіз мақта теріп, түнде бидай оратын. Өз ортасына беделді жан болатын. Шиеттей бес бала біздерді асыраймын деп күндіз-түні еңбектенетін. Сол үшін алатын ақысы да мардымсыз еді. Жоқшылықтан құтыла алмадық. Аштықтан менен кейінгі бір інім мен қарындасым шетінеп кетті. Ал, біз сұлыдан сорпа ішіп, жүгеріден талқан жеп өстік. Бидай ұнынан жасалған нан жеген күн біздер үшін той болатын. Бала кезден осындай замана қиындығын бастан кешкен Тұқаң мектепте жақсы оқыды. Өйткені, өз мақсатына терең білім арқылы ғана жете алатынын түсінген еді. Аш-жалаңаш жүрсе де, кітаптан бас алмады. Үй шаруасын да назардан тыс қалдырмады. Мектепті үздік бітіріп, Ташкент қаласындағы Орталық Азиялық политехникалық институтының химия-технология факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіреді. Иә, біз кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімінің химия саласы бойынша нұсқаушысы, Жамбыл химия зауыттарында бас инженерліктен директорлық қызметке дейін көтерілген, облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін абыроймен атқарған, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болған, терең ақыл ой, парасаты мен іскерлігінің, қарапайымдылығының арқасында ел құрметіне бөленген ол кісіні мақтамаймыз, ол кісімен мақтанамыз.
Ыстық ықыласы ауған Алаштың біртуар ұлдарының ішінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, атақты ақын Сабырхан Асановты ерекше атап айтар едік. Бұл таныстық пен сыйластық оның өміріндегі ең ірі бетбұрыс еді. Бейнелеп айтсақ, олар Тұйғынбек ағаның былайғы тағдырының алтын діңгегіне айналды.
Өзінің қызмет бабындағы өсіп-өркендеуін Димекең сияқты ағалардың арқасы, қарлығаштың қанатымен су сепкендей солардың желеп-жебеуі деп түсінді. Өзі де Махамбет Қуатбеков, Мұқан Атабаев, Алданыш Нұрымов, Жүсіпбек Сүлейменов, Ғазиз Қожахметов сынды талай талантты жастарға ұстаз, қамқор болды. Басшылық қызметтерге тарта бастады. Олар Тұқаңның сенімін ақтап, зауыт жұмысын дөңгелетіп алып кетті.
Солардың көпшілігі бүгінде шетелдерге, республикамызға, облысымызға танымал азаматтар болып шықты. Бәрі де Тұқаң ағамыздың мақтанышына айналды.
ТҮЙІН:
Мен өмірде асыл ағалардың қамқорлығын көп көрдім. Дана халқымызда «Біреудің саған жасаған жақсылығын ұмытпа, ал өзіңнің біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт» деген сөз бар. Ендеше, мен осынау қамқор ағалар жайлы сағынышты лебізімді білдіруді жөн көріп отырмын. Ол кісілердің есімдері ел есінен өшпейді дей отырып, ұрпақтарына Алла тағаланың мейірім шапағаты мол болсын дейміз.
Серікбай ЫДЫРЫСОВ,
академик, экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа жыл Қазақ еліне құт әкелсін!
- 31 желтоқсан, 2024
Елге тағылымы да, табысы да мол болсын!
- 31 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Жазасын өтеушілер бұқаралық спорт түрлерінен сынға түсті
- 30 желтоқсан, 2024
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді