- Advertisement -

Тұрғындарға тиімді жоба

39

- Advertisement -

Ауыл шаруашылығын дамыту ел экономикасының дамуына тың серпін беретін, халықты отандық өніммен, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірден бір жолы. Осы бағытта бірқатар шаруалардың іс бастауына себепкер болып, ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында ел аумағында «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған еді. Аталған жоба аясында ауылда тұратын қарапайым халық жаңа кәсіп ашып, ауласындағы малын көбейтуге мүмкіндік алуда. Бүгінде аталған бағдарламаны Жуалы ауданында бірнеше ауылдық округтің тұрғындары да ұтымды пайдаланып, табысын арттырып отыр.

Мәселен, Қарасаз ауылдық округінде өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасына 187 тұрғын құжат тапсырған. Жоба ауылдық округте бес бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Жобаның бірінші бағыты аясында тұрғындар үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастауға ниет білдірсе, екінші бағытта тұрғындар қорасын малға толтырып, ауылдық округтегі мал басын арттыруға септігін тигізуде. Қарасаздықтардың дені жобаның екінші бағытында құжат тапсырып, бүгінгі күні 150-ден астам тұрғын өз кәсіпкерлігін бастаған. Осы бағытта тұрғындар төрт түлікті күтіп-баптап, кәсібінің нәсібін көру үшін еңбек етіп келеді.

Ал, жобаның төртінші бағыты ауыл сыртындағы алқаптарды игеру деп аталады. Бұл бағытта елді мекенде «Қарасаз-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оған 184 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Алдағы уақытта кооператив құрамына кірген жеке кәсіпкерлердің ауыл сыртындағы жерлері игеріледі деп жоспарлануда. Жобаның төртінші бағыты бойынша копперативке жаңа техникалар алу үшін 89 миллион теңгеге өтінім беріліп, нәтижесінде үш жаңа трактор алынған. Алдағы уақытта кооперативке қажетті тағы да қосымша ауыл шаруашылығы техникаларын алу көзделуде.

Бесінші бағытта кәсіпкерлікті дамыту үшін қарасаздықтардан үш өтінім түсіп, бір өтініш иесіне несие берілмеген. Жалпы, Қарасаз ауылы аудандағы кәсіпкерлігі жақсы дамыған елді мекеннің бірі, яғни, елді мекен тұрғындарының дені белсенді кәсіпкерлікке бет бұрған. Алдағы уақытта өтінім берген тұрғындардың қаражаты түссе, ауылдағы кәсіп түрлерінің қатарына жаңадан жиһаз жасау және термопанель шығару секілді жобалар қосылатын болады.

Ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы жобаның жергілікті тұрғындарға берері мол екенін айтады. Әкімнің айтуынша, ауылдық округте жоба арқылы 67 жас өз кәсібін ашқан. Сондай-ақ, жұмыссыздар саны 30-ға кеміп, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылар қатары да азайған. Яғни, өткен жылы 20 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, биылғы жылдың І тоқсанында жеті отбасының өтініші қабылданған. Осының есебінен округте мал саны ілгерілеп, аймақтың экономикалық әлеуеті артып келеді.

Халықтың ауылда еңбек етіп, тұрақтауына, сондай-ақ, жұмыссыздар санының азайып, тұрғындар табысының артуына серпін берген бағдарламаның игілігін көрген жанның бірі – Достияр Шопанбаев. Ауыл тұрғыны отбасылық тұрмыстық жағдайын арттыру мақсатында 2,5 пайызбен несие алуға өтінім беріп, қажетті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде, талаптарға сай деп танылған өтініші мақұлданып, жоба аясында 4,5 миллион теңге несие алған. «Достияр» жеке кәсіпкерлігін ашып, берілген қаржыға мал бордақылау бағытында 60 бас қой және қажетті жем-шөбін сатып алады.

– «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауылдың тұрғындарына төмендетілген пайызбен несие беріледі дегенді естіп қуандық. Өйткені, өзіміз ойлап жүрген ісімізді жүзеге асыру үшін еш жерден мұндай төмен пайызбен несие ала алмайтының белгілі. Әрі оны төлеу үшін бір жыл демалысы бар. Осы уақыт ішінде кәсібіңнің жұмысын жолға қойып алуға мүмкіндік берілген. Қазіргі таңда қойларды үш қораға бөліп орналастырдым. Олардың күнделікті күтімі, жем-шөбі, әрине, оңай шаруа емес. Бабын тапсаң ғана мал қоңды болады. Қойларды бордақылап жатқаныма бес айдан асты. Таза жоңышқа мен арпа, бидай жемімен бабын келістірген қойларды алдағы уақытта сатылымға шығарып, орнына тағы басқа ұсақ малдар алып келетін боламыз. Осылайша, төлем уақыты келгенше, әрекет етіп, қаржыны мақсатты әрі дұрыс пайдалану ойда бар. Бастысы, еңбегімді адалынан істеп, кәсібімді жолға қойып алуға барынша күш салып келемін, – дейді Достияр Тәртіпбекұлы.

Иә, қаржы тек мақсатты жұмсалғанда ғана пайдалы болмақ. Осы істі ары қарай жалғап, бағдарлама аясында несие алған жастың бірі Қуаныш Сәрсеқұл мал бордақылау ісін жақсы біледі. Бұл уақытқа дейін де Қошқарата ауылында тұрып, сонда мал шаруашылығымен айналысқан. Кейіннен отбасымен Қарасаз ауылына қоныс аударып, қайта ісін жалғастыруға «Ауыл аманаты» жобасы арқылы мүмкіндік алады. Негізінен ол Қошқарата ауылдық округінде «Қазына» шаруа қожалығының жұмысын алға қойып, кәсібінің нәсібін көрген еңбекқор азамат. Қожалықтың иелегіндегі 57 гектар егістік жерге егін сеуіп, мал азығын уақтылы дайындап отырған. Сонымен қатар, 67 гектар жайылым жерін тиімді пайдалануы да оның істің көзін тапқанын аңғартады. Осылайша, ауыл шаруашылығының қыр-сырын түсінген ол Қарасаз ауылына қоныс аударған соң да кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған.

Жобаға үлкен үміт артып отырған ауылдықтармен бірге ол да өтінім беріп, «Ұлдана» шаруа қожалығын ашады. Несие алмай тұрып, жаңадан қора-жай соғып, кәсібін бастауға тыңғылықты дайындалады. Жоба аясында ол 7 миллион 800 мың теңге алып, оған мал бордақылау бағытында 12 бас жылқы және жем-шөбін алады.

– Қарасаз ауылына көшіп келген соң, өз ісіммен айналысу қажет болды. Бұл уақытқа дейін де «Ауыл аманаты» жобасы жайлы естіп, біраз ақпарат алғанмын. Содан еш ойланбастан өзім үйреніп, біліп қалған кәсіп түрін таңдадым. Бүгінгі таңда жылқыларды бордақылау үстіндеміз. Жылқы етіне сұраныс көп түседі. Одан түсетін пайда да жақсы. Иелігімде азын-аулақ техника бар. Жалпы, еңбек еткен адамға қазір мүмкіндік көп. Кәсіп ашу үшін мемлекеттен осындай қолдау болса жеткілікті. Осы қолдауды тиімді пайдаланып, тұрмыстық жағдайымызды түзеп, кәсібімізді алға жылжыту үшін еңбек етемін, – дейді кәсіпкер.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support