- Advertisement -

Қоғамдық көліктерде қалта ұрлығы тыйылмай тұр

28

- Advertisement -

Бүгінде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы толастар емес. Соның ішінде қоғамдық көліктердегі қалта ұрлығы тыйылмай тұр. Онсыз да қымбатшылық бір бүйірден қысып жатқанда, екінші жақтан кәнігі ұрылар орайын тауып, қалтамызды қағып қалуын қояр емес. Себебі, қалта ұрлығы кейбіреулер үшін оңай табысқа кенелудің бірден- бір тәсіліне айналған. Ал, жеңіл жолмен ақша табуды көздегендер ұрлауға да, сатуға да оңай қалта телефонын жымқыруды әдетке айналдырған.

Ресми дерек бойынша, елде жасалатын ұрлықтың 80 пайызы қалта ұрлығы болса, жоғалған мүліктердің 17 пайызын қалта телефондары құрайды екен. Полиция қызметкерлері мобильдік телефон ұрлығының көбею себептерін олардың қымбаттығымен, оңай ұрлануымен және заңсыз телефондарға сұраныстың азаймай отырғанымен байланыстырады. Ал, ұялы телефонын жоғалтқан иесі көп жағдайда оны қайтара алмайды екен. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл саладағы ұрлықтардың тек 26 пайызы ғана ашылатын көрінеді. Дегенмен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті былтыр елімізде ұрлық саны 28,2 пайызға төмендегенін мәлімдеді. Соның ішінде ұялы телефон ұрлығы 11,3 пайызға азайған. Облыстық полиция департаменті ұсынған мәлімет те қалта ұрлығы алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 70,9 пайызға төмендегенін растап отыр. Яғни, облыста 2022 жылы 196 қалта ұрлығы тіркелген болса, 2023 жылы осындай 57 қылмыс орын алған. Ал, қылмыстардың ашылуы 27,4 пайыздан 39,7 пайызға өскен.

Иә, бұл статистикалық мәліметтер қалта ұрлығының айтарлықтай азайғанын көрс еткенімен, іс жүзінде бәрі ойдағыдай деуге мүлдем келмейді. «Ақшасы немесе ұялы телефоны ұрланған азаматтардың барлығы бірдей құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіне бермейді. Мұның бір себебі, олар жоғалған мүлкінің табыла қоятынына күмәнмен қарайды. Расында да, мұндай жағдайда кәнігі ұрылардың табыла қоюы неғайбыл. Осылайша, кейбір ұрлықтар тіркелмеген күйі қалып қалады. Осыдан келіп, елімізде ұрлық пәленше пайызға азайды деген алдамшы мәліметтер пайда болады. Жақында ғана тараздық бір танысым қоғамдық көліктен түсерде ұялы телефонын ұрлатып алған. Артынша полиция бөлімшесіне өтініш жазып, тиісті құжаттарын ұсынған. Десе де, тәртіп сақшылары телефонын тауып бере алмай отыр. Тіпті ұрланған мүліктің табылатынына олардың өзі күмәнмен қараған көрінеді», – дейді құқық қорғау саласының ардагері Әлібек Бекайдарұлы.

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері болса, қалта ұрылары қоғамдық көліктердің белгілі бір бағыттарында және жолаушылар көп мінетін мезгілдерде жүретінін айтады. Олардың сөзінше, автобус салонының ортасында, шығар есіктің маңында ұрлық көбірек болатын көрінеді. Бұл ұрының бірден жалтаруына қолайлы орын. Тәртіп сақшылары сол себепті автобусқа мінер және түсер уақытта абай болуға кеңес береді. Өз кезегінде департамент қызметкерлері қалта ұрлығының алдын алу мақсатында жүйелі түрде Тараз қаласының аумағындағы базарларда, қоғамдық көліктерде және өзге де қоғамдық орындарда тұрақты түрде дыбыс ұлғайтқышпен ескерту жұмыстары жүргізіліп келе жатқанын айтады. Сонымен қатар, былтыр білім беру мекемелерінде 150-дей түрлі семинарлар мен 3200-ден астам сабақтар өткізілген. Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде көптеген мақалалар мен бейнесюжеттер жарияланып келеді. Өткен жылы автопарк өкілдерімен бірнеше кездесу өткізіліп, онда ақпараттық кеңістікті нығайту бойынша ынтымақтастыққа қол жеткізу үшін қоғамдық пайдаланудағы 330 автобуста қалта ұрлығының алдын алу бойынша ақпараттық плакаттар жабыстырылды. Тараз қаласының әкімдігіне маршруттық автобустар мен аялдамаларды бейнебақылау камераларымен жабдықтау жөнінде бірқатар ұсыныстар жолданған. Бұл шаралар тұрғындарды әккі ұрылардан сақтануға шақырады.

– Әдетте, аялдамаларда және жиі жүретін автобустарда таңертең және кешке жолаушылардың саны көбейген уақытта қалта ұрылары іске кіріседі. Олардың құрбандары, негізінен жақсы киінген немесе бағалы заттары бар адамдар. Көбіне әйел адамдар, жас қыздар жиі тоналады. Сондықтан, облыстық полиция департаменті тұрғындарға сақ болу керектігін және қылмысты ашудың сәтті болуы – полиция органдарына уақтылы жүгіну екендігін ескертеді, – дейді облыстық полиция департаментінің имидждік жұмыстар және ішкі коммуникациялар бөлімінің жетекші маманы Жансейіт Қанатбеков.

Полиция қызметкерінің айтуынша, ұрланған немесе жоғалған телефонды іздестірудің бірқатар жолдары бар. Оның ішінде, ең жиі қолданылатыны IMEI-код арқылы іздестіру, ол телефон қорапшасының сыртында жазылған. Сондықтан, телефон алғанда қорапшаны лақтырып тастамай, сақтап қойған жөн.

Тараз қаласының әкімдігі де қоғамдық көліктерде орын алатын қалта ұрлығының жолын кесу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп отырғанын айтады. Қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің көлік және жолаушылар тасымалдау секторының меңгерушісі Нұрлан Сапардың айтуынша, облыс орталығында 8 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетіп отырған 38 бағыт бойынша күнделікті жұмысқа шығатын кесте саны 360-ты құрайды. Қалалық жолаушы тасымалдаушы мекемелердің басшыларымен өткізілетін әр апталық кеңесте қоғамдық көліктерде көптеп орын алатын қалта ұрлығы мәселесі тұрақты қаралып отырады. Автобустарда кездесетін қалта ұрлығынан сақтану және алдын алу бойынша бірнеше мәрте қалта ұрлығы үшін істі болған азаматтардың түрлі түсті суреттері бейнеленген ақпараттық қағаздар барлық қалалық қоғамдық бағыттардағы автобустардың салондарына ілінген. 2023 жылы осындай қағаздардың 350 жаңартылған нұсқасы таратылып берілді. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде қылмыстарды бұлтартпау және алдын алу мақсатында қалта ұрлығы көптеп орын алатын автобус бағыттарына тасымалдаушылардың есебінен бейнебақылау құрылғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде.

– 2022 жылдың ақпан, наурыз айларынан бастап «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС өз қаражаты есебінен қалалық №19 және №30 автобус бағытына үлкен сыйымдылықты, цифрлық бейнебақылау камералары орнатылған 20 жаңа автобус сатып алды. Сонымен қатар, серіктестік №29 автобус бағытына өз қаражаты есебінен сақтау мүмкіндігі 7 күнге жететін 12 цифрлық бейнебақылау камерасын орнатты. «Smart City Servise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты отандық «Golden Dragon» маркалы 30 автобус та қамералармен жабдықталған. «ТаразТрансМоторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылдың соңында алған «ПАЗ» маркалы 7 автобус пен «Smart City Servise», «ӘулиеатаТрансПасс», «Автобусный парк – 2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өткен жылы алған 68 автобус та камералармен жабдықталған. Жалпы, бүгінде қаладағы 137 қоғамдық көлікте бейнебақылау камералары бар, – дейді Нұрлан Сабырұлы.

Әрине, жеке мүлкіне ықтиятты қарау әуелі әр азаматтың өз жауапкершілігінде екені түсінікті. Қоғамдық көліктерде, сауда үйлері мен өзге де қоғамдық орындарда мұқият болуыңыз, әсіресе, сөмкенің ауызын ашық қалдырмағаныңыз, әмиян, телефоныңызды ішкі қалтаңызда немесе қолыңызда ұстағаныңыз жөн. Адам көп шоғырланған ортада ойға берілмей, сергек болғаныңыз абзал. «Сақтансаң сақтаймын», «Сақтықты сұңқардан үйрен» дегендей, қоғамдық орындарда сақтықтың барлық тәсілін өзіміз қарастырмасақ, кісінің нәсібін жырып жеуді кәсіп еткен ұрыларға «жем» болғанымыз болған-ау!

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support