- Advertisement -

Жауаптылар өз міндеттерін мүлтіксіз орындауы қажет

34

- Advertisement -

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Меркі ауданына жұмыс сапары жергілікті тұрғындармен кездесуден басталды.

Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге салалық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.

Аймақ басшысы кездесуде ең әуелі өңірдің әлеуметтік экономикалық көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып өтті.

Облыс әкімі аймақта экономикалық өсім 102,4 пайызды құрағанын, өнеркәсіп өнімінің көлемі 100,1 пайыз деңгейінде қалыптасқанын айтты. Жалпы, есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласында 567,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, 517,2 теңге көлемінде инвестиция тартылған. Жыл ішінде 726 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, инфляция деңгейі 109,2 пайызды құрап отыр. Бүгінгі таңда облыс бойынша 81,7 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға тең болып отыр.

Жиында аудан әкімі Жорабек Баубеков есеп беріп, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерді баяндады. Оның айтуынша, өткен жылдың 12 айында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 26,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,3 пайызды құраған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында 50,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, оның 30,4 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі. Ал, асыраушы салада 52,9 мың тонна астық жиналған. Қазіргі таңда ауданда 8 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, 10 мыңға жуық тұрғын өз кәсіптерін дөңгелетуде. Сондай-ақ, өткен жылы 1500- ден аса жаңа жұмыс орындары ашылған.

Аймақ басшысы Меркі ауданы дамудың даңғыл жолына түскенімен, мұнда әлі күнге дейін шешімін таппаған түйткілді мәселелер бар екенін айтты. Облыс әкімі әлеуметтік желілерде аудандағы кейбір елді мекендердің жылдамдығы жоғары ғаламтор желісіне қосылмағанын, «Ауыл аманаты» бағдарламасының 5-ші бағыты баяу іске асырылып жатқанын және аудан орталығы Меркі ауылындағы көшелердің жай-күйі мен бірқатар экологиялық мәселелерге қатысты арыз-шағым жазылғанын атап өтті.

Аймақ басшысы барлық мәселеге қатысты аудан басшылығы мен сала мамандарынан жауап алып, оларға нақты міндеттер жүктеді.

– Ел Үкіметінің кеңейтілген отырысында өңір басшыларына халықтың әл-ауқатын көтеру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Жергілікті басшылар инвестиция тарту – ел дамуының басты бағыты екенін ұмытпауы керек. Аудан әкімдері мен басқарма басшыларының үйлесімді жұмыс атқармауының салдарынан көптеген мәселелер туындайды. Жауаптылар өз міндеттерін мүлтіксіз орындауы қажет, барлықтарыңызға нақты тапсырмалар берілді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Кездесуде меркіліктер облыс әкіміне көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Олар негізінен «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландыру барысындағы қағазбастылық, аспалы көпір мен су қоймасын салу, халықтың әлеуметтік осал топтарына лайықты көңіл бөлу, жедел жәрдем, кәріз жүйесі мен мал ұрлығына қатысты мәселелерді көтерді.

Ербол Қарашөкеев барлық сұрақтарға өңірдегі жүйелі жоспарларды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді. Облыс әкімі аудан басшылығына ең әуелі халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен азаматтардың талап-тілектерін баса назарға алуды тапсырды.

Аймақ басшысы жауаптыларға тұрғындардың табысын арттыратын «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде іскер ауылдықтардың қажетті қаражатқа қол жеткізуіне көмек беру, шаруа қожалықтарын субсидиялау, экологиялық мәселелерді дер кезінде шешу, «Меркі-Бурылбайтал» тасжолы мен ауыл-аймақтағы жолдарды сапалы жөндеу мәселелері бойынша салалық басқармалармен бірлесіп, тиісті ұсыныстар беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесу соңында аймақ басшысы бірқатар тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында Меркі ауылының маңындағы 77 және 33 гектар жаңа тұрғын үй алабына инфрақұрылым жүргізу жұмыстарымен танысты. Мұндағы жұмыстар жоспарға сәйкес, сәуір айында толығымен аяқталуы тиіс.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 5 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Осы орайда, өңір басшысы жергілікті халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті.

Өңір басшысы келесі кезекте Қ.Жандарбеков атындағы өнер мектебіне барып, ондағы ұстаздар ұжымымен және оқушылармен кездесті. Өткен жылы пайдалануға берілген қосымша білім беру нысанында 600-ден астам жасөспірім білім алуда. Оларға тәжірибелі 40 педагог дәріс беріп, өнердің қыр-сырын үйрету үстінде. Бастысы, оқу ошағындағы білім деңгейі қала мектептерінен кем емес.

Облыс әкімі мемлекет тарапынан ауыл мен қаладағы білім сапасын теңестіру үшін кешенді шаралар іске қосылғанын айтып, бастауыш және орта сыныптардан кейін білімін жетілдіремін деген оқушыларға арнайы мамандандырылған білім беру нысандары қалыптасқанын атап өтті.

Меркі брендімен арақ шығаратын «Meralko» серіктестігі жергілікті бюджетке ірі салық түсімдерінің түсуінде маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда кәсіпорында 100-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Цехтың жұмысымен танысқан облыс әкімі өндіріс орнында еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтау қажеттігін баса айтты.

Бұдан кейін, аймақ басшысы жиһаз өндіретін «ZETA» зауытының жұмысымен танысты. Жыл сайын мыңға жуық диван мен 15-20 мың орындық шығаратын өндіріс орнының басшысы Абдуважит Аушамов кәсіпорында электр қуатының жетіспеушілігі сезілетінін жеткізді.

Бүгінгі таңда «Меркі қант» зауытында 500-ге жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорын жұмысшыларының орташа жалақысы 90 мың теңге. Серіктестік директоры Нұржан Қарғабаев мұндағы құрылғыларды жаңартуға қаражат қажеттігін айтып, облыс әкімінен көмек сұрады.

Өткен жылы ауданда «Андас-1», «Андас-2» және «Андас-3» су құю тоғанының құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда мұндағы жұмыс 80 пайызға жуық аяқталған. Жалпы, жоба құны 366,9 миллион теңгені құрады. Нысанның құрылыс жұмысымен танысқан облыс әкімі жауаптыларға тоғандардың құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, уақтылы тапсыруды міндеттеді.

Қазіргі күні Гранитогорск елді мекенінде ірі балық шаруашылығының жұмысы жолға қойылған. «Bester Yard» ЖШС директоры Андрей Василенконың айтуынша, мұнда жалпы құны 250 миллион теңге болатын жоба іске асырылуда. Серіктестікте жергілікті 45 тұрғын жұмыс істейді. Кәсіпорын басшысы электр қуатына байланысты мәселе жиі туындайтынын айтып, кәсіпорын жұмысын жандандыруға қосалқы су құбыры қажеттігін жеткізді.

Мұнан соң, облыс әкімі аталған елді мекендегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған мектеп-интернатта болды. 180 оқушыға арналған білім ошағында бұл күнде 100-ден аса бала тәрбиеленуде. Мектеп директоры Данара Елемесованың сөзінше, 1959 жылы іргетасы қаланған ғимараттың оқу корпусы мен жатақхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Жағдаймен танысқан аймақ басшысы жауаптыларға тиісті ұсыныстарды әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев ауданға жұмыс сапары барысында жергілікті ардагерлермен және жастармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Меркі ауданы

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support