- Advertisement -

Жекей

38

- Advertisement -

Сөзді кие тұтқан ұлтымыздың дүниетанымында кез келген атаудың өз мән-мағынасы мен өмірлік функциясы бар. Тілдік қорымыздағы кей сөздер замана ағымы мен өркениеттер тоғысы есебінен өзгеріске ұшырап, қолданыстан шығып жатса да, өзінің түпкі қалпын жоғалтпай, ұлттық калориттен белгі береді. Лингвистика ғылымында мұндай қолданыстан шыққан сөздер архаизмдер немесе көнерген сөздер деп аталады. Көбіне тұрмыстық қажеттілікке қарай түрленіп отыратын лексиконымыздағы «күлпара», «адырна», «берен», «мосқал», «можантопай» сынды сөздер легі бүгінгі заман адамына түсінікті бола бермесі анық. Осындай сөздің бірі – жекей. «Жекей» сөзінің мағынасын білу мақсатында біршама деректерге көз жүгірткен едік.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне назар аударсақ, көбіне «жекей» сөзі сәнді деген мағына беріп, тымақ сөзімен тіркесе келеді. Яғни, жекей тымақ–жаз бен күзде киетін әрі сәнді, әрі жеңіл бас киім түрі саналады. Тымақтың бұл түрін дүрия, шағи сынды мата түрлерімен тыстап, кейде артқы етегін көтере, кейде алдыңғы жағын шекеге басып киетін болған. Бұған өткен ғасырда Абай шығармаларын кеңінен насихаттап, қазақ әдебиетінде мысал айтыстың көрнекті өкіліне айналған Шашубай Қошқарбайұлының «Сырлы қайың» өлеңіндегі:

Басыма жарасады жекей тымақ,

Таусылмас тастан аққан мен бір бұлақ.

Сегіз пұт, сексен қадақ бұл әнімді,

Салуы басқа ақынның қиынырақ,– деп келетін жыр жолдары осы сөзімізге дәлел бола алады.

Сонымен қатар, «жекей» сөзі халық әндерінің мәтіндерінде де кездеседі. Мәселен, «Сұржекей» әнінің мәтініне назар аударсаңыз, «Мінгенім дәйім менің сұржекейім… Алдында сұржекеймен бір кетейін…»деген тармақтардан-ақ, шығарманың түлік төресі жылқыға арналғанын білуге болады. Бұл сөздің жылқының түсімен байланысты қолданылғанына дәлелдер мен деректер жоқ емес. Мәселен, он томдық түсіндірме сөздігімізде «жекей» сөзіне «сәнді», «әсем» мәндес мағына бере отырып, мысал ретінде «Үш ғасыр жырлайды» кітабынан мына екі жол өлең берілген:

«Жем жейді қара арғымақ түрт дегенде,

Аяғын жекей басар, қық дегенде…» – дейді.

Сондай-ақ, жинақта тунгус- маньчжур тобындағы тілдердің бірінде «джэкэ» – мал түсіне байланысты атау деген мағына беретіндігі жазылған. Бұдан бөлек, «жекей» сөзіне дыбыс құрамы әрі мағынасы жақын сөзді түркі тілдері ішінен якут тілінде қолданылады. Онда аталған сөзіміз тілдік ерекшеліктерге байланысты өзгешеліктерге ұшырап, «дьүһүй» немесе «дьүһун» тұлғасында кездеседі де, «түр, түс» деген мағыналарда айтылады. Мұндағы «дь» біздегі «ж» дыбысы орнына қолданылатынын ескерсек, «дьүһүй» тұлғасының «жекей» қалпына дейін өзгеруі өте заңды құбылыс. Якуттардағы «күөх дьүһун» тіркесі біздегі «жасыл түс» деген мағына беретіндігі осы сөзімізге дәлел бола алады.

Сонымен бірге «Сұржекей» тіркесі қазақ әдебиетінде Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» шығармасында кейіпкер есімі ретінде кездеседі. Алайда, өткен ғасырдың зұлматты жылдарын суреттеген шығарма кейіпкері біз ойлағандай әсемдік пен көркемдіктің бейнесі емес. Жау астынан жар іздеп, қаймана қазақтың қаймағын бұзған әдеби образ негізінде 90- жылдары «Сұрапыл Сұржекей» кинотуындысы түсірілген. Әпербақандылық пен ұрдажық мінездің иесін сомдаған Мейірман Нұрекеев «Сұржекей – менің ең таңдаулы рөлім» деп баға берген.

Бұдан бөлек, Дома лақ ана, Бопай ханым, Зере мен Айғаным сынды тектілердің жолын жалғап, ақылдылығымен дараланып, Жекей ана атанған, кейіннен тұтас ру атауына айналған адамдар да жоқ емес. Осыған қарап-ақ, қай бейнеде болсын, көкірек көзі ашық жанға табиғат ананың сыйы іспеттес сұлулық атаулыны бір ұғымға азсынып, ата- бабамыз түрліше түрлендіре білген. Жекей де сол салмақты арқалаған атаудың бір парасы ғана.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support