Есім қоюға да естілік керек

Есім қоюға да естілік керек
ашық дереккөз
Есім қоюға да естілік керек
Ұрпағына жақсы, мағыналы есім қою – ата-анаға міндет. Пайғамбарымыз: «Балаға көркем болған есімдерді қойыңдар», – деген. Ғалымдардың айтуынша, бала есімінің жақсы болуы оның қалыптасуы мен болашағына әсер етеді. Бұрын немересі өмірге келсе, атасы немесе әжесі жақсы есім таңдап қоятын. Ерімбет, Махамбет, Елжан, Әуез, Тұрар, Еңлік, Келбет, Айзере, Қалқатай, Айнамкөз, Зере, Айша секілді есімдер қандай жарасымды. Қазіргі таңда өмірге жаңа келген балаға арабша және өзге халықтардың ұғымындағы түсініксіз есімдерді қою белең алып барады. Мәселен, Анзор, Айрот, Әлфинұр, Далиль, Багаутдин деген есімдер біздің халықтың түсінігіне келе ме? Бұлардың қазақша мағыналары кілең жақсы сөздер. Мәселен, Анзор – көреген, данышпан, Айрот – қымбатты, бағалы, Әлфинұр – мың сәуле, Далиль – жібі түзу, шыншыл адам, Багаутдин – иман нұры деген жақсы мағыналарды береді. Бірақ, бұл есімдер қазақ халқының түсінік- танымына, дәстүр-салтына, дәстүрлі дағдыларымызға сәйкес келе ме? Жүз сәбидің ішінде біреуі осылай өзгеріп жатса мейлі, әр он сәбидің сегізіне қазақ ұғымынан алшақ аттарды қою үрдіске айналды. Осы жағы ойландырады. Елге танымал, белгілі тұлғалардың есімін қою – өте жақсы. Бірақ, оның да жауапкершілігі бар. Мәселен, «Дос- Мұқасан» ансамблі дүркіреп тұрған кезде ауылда Досмұрат деген кісі баласына «Мұқасан» деп ат қояды. Сол бала қазіргі таңда қазақ эстрадасының жұлдыздарының бірі – Мұқасан Шахзадаев. Ал, Жамбыл ауданы, Ерназар ауылында тұратын Гауһарбек Шонтаев есімді ағамыз кезінде Шерхан Мұртазамен танысып, біраз інілік ізет көрсеткен екен. Сол уақыттарда өмірге келген кіші ұлының есімін «Сіздің құрметіңізге Шерхан қояйын» деп, әйгілі Шерхан Мұртазадан рұқсат сұрайды. Сонда Шер-аға «Сен ол балаңды балағаттайтын боласың, менің атым қор болады», – деп әуелі келіспейді. Бұл «Жоқ, аға. Балағаттамаймын», – деп уәде беріп, келісімін алады. Бірақ, Шер- ағаны тағы бірде құрметтеп күтіп жатқан кезінде өзінің кішкентай баласына ауыр сөйлеп қалады. Сонда сол сөзді естіген Шерхан Мұртаза «Басында балаға басқа есім қой дегенім осы еді», – депті. Танымал есім қоюдың жауапкершілігі осында. Бір құрдасымыз өзінің ұлын Ислам деп атады. Артынша өзі бес уақыт намаз оқып, иманды азаматқа айналды. Облысқа белгілі азамат Балабек Нарбаевтың есіміне қатысты ерекше деректер бар. Оның нағашысы жағынан Балабек деген кісі Ұлы Отан соғысына кетіп, оралмапты. Сол нағашысының аты айтылып жүрсін деп, бұл кісінің есімін Балабек қойыпты. Осы азаматтың халық қалаулысы, аудан әкімі болуын әуел бастағы үлкендердің бата тілегінен бөліп қарай алмаймыз. Біз арабша есімдердің жиілеп кеткендігі туралы дін өкілдерінің де пікірін білген едік. Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаев «Негізі шариғатымызда арабша есім қоюға болмайды деген тыйым жоқ. Бірақ, қоюға болмайтын есімдер бар. Мысалы, Алла, Рахман деп ат қоюға болмайды. Дегенмен, өзіміздің ұлтымыздың болмысына, табиғатына сәйкес қазақы есімдерді қою өзекті» десе, Жуалы ауданындағы «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбеков «Менің есімімді Егемберді деген нағашы атам қойыпты. Алдымдағы ағаларымның есімі Құрманқазы, Әкімқазы, Ырысқазы болғандықтан, «Сейітқазы» атаныппын. Арабша есімдердің жиілеп кеткенін құптай алмаймын. Шариғатқа сүйенсек, олай қоймаңыздар деуге де болмайды. Бірақ, өз басым қазақы болмысымызға тән есімдердің қойылғанын қалаймын. Қазақ аталарымыз жыл мезгілдеріне, он екі айға, он екі жылда келетін мүшелге қатысты да кісі есімдерін қойып отырған. Тарихи тұлғалардың, белгілі адамдардың есімдерін қойғанда да әбестік жоқ деп есептеймін. Бұған шариғат та қарсы емес», – деді. Әлеуметтік желіде өз ойын бөліскен танымал психолог Зүбайда Кененбаева: «Түсініксіз есімдердің қойылуы баланың дамуына кері әсер етеді. Мейлінше, сәбиге ыңғайлы, түсінікті, әдемі есімдердің қойылғаны жөн. Бұл жағдай баланың тағдырына да ықпал етеді», – дейді. Біз өңірімізге танымал бірқатар азаматтардан өздерінің есімдері жөнінде сұраған едік. «Рысбаева және К» компаниясының директоры, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Сәуле Рысбаева «Өзімнің есіміме көңілім толады. Негізі, отбасында үш қызбыз. Есімдері – Айман, Сәуле, Шолпан. Негізі, Айман, Шолпан қатар қойылады ғой. Мен, осы есімдердің ортасына қойылыппын. Қазақ әндерінің көпшілігі «Сәулем, сәулем, сәулем-ай» болып келеді. Кішкентай кезімде әкем «Жақсы болсаң сәулемсің, жаман болсаң...» дегенде, ол кісінің аузын алақаныммен жаба қойып: «Болды, тіліңізді аламын», – деп жүгіріп кететінмін. Бұл есімде ерекше күш бар. Есіміме лайық болуға тырыстым. Төңірекке нұр шашып, көңілді жүруге ұмтыламын. Оның бәрі есіміме лайық болуға талпыныс» десе, ақын, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр «Анам маған аяғы ауыр кезінде бір оқиға болады. Ауылымызда көкпаршы, балуан, қара күштің иесі Мұртаза деген кісі атымен біздің үй жаққа шауып келеді. Киіз үйдің көлеңкесінде отырған әкеме: «Аға, түсімде жеңешем қасқырдай ұл туыпты. Осы балаңның есімін Қасқырбай қойыңызшы» депті де, атын тебініп, қайтадан шауып кеткен екен. Арада бір күн өткенде анам босанып, өмірге мен келіппін. Сонда әкем «Әй, Мұртаза да тегін азамат емес еді. Оның аузына Құдай салып тұрған шығар», – деп, есімімді Қасқырбай қойыпты. Атыма лайықты болуға үнемі талпынып келемін. Адамға есімінің әсері болады. Жақсы есім адамды биіктетіп тұрады. Кезінде аталарымыз түрлі жағдайлармен Шылғаубай, Киізбай, Күшікбай, Итбай деген есімдерді де қойды. Қазір ондай жағдайдан арылып келеміз», – деді. Ал, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева «Менің есімім әуелі Салтанат болған. Ләззат деген әпкеме байланыстырған болуы керек. Әкемнің жалғыз қарындасы осылай қойыпты. Кішкентай кезімдегі суреттерімізде «Ләззат, Салтанат» деп жазылып тұратын. Содан нағашы атам Ахад Абдрахманов деген кісі Шу ауданына белгілі емші, молда, қари кісі болған. Сол менің апама келіп «Құдағи, осы жиен қыздың есімін өзгертіп өзім қойсам қалай қарайсыз», – депті. Өз апам: «Қареке, сіздің сөзіңізді қабыл аламыз. Қалай өзгертемін десеңіз рұқсат», – депті. Мен құрбан айт кезінде, жұма күні туыппын. Содан нағашы атам азан шақырып, ат қойып, менің есімімді Мүбәрак деп өзгерткен. Қазақша «құт, береке» деген мағына беретін бұл есім өзіме ұнайды. Елдің алдында қызмет етіп жүргеніме де жанашыр болған нағашы атамның үлесі бар деп ойлаймын», – дейді. Біз біраз кісілермен тілдестік. Әр алуан пікірлер айтты. Жалпы, кісінің есімі өзімен бірге жасайтын болғандықтан, есімді ойланып қойған дұрыс. Елге сыйлы кісілермен, ауыл имамдары және ақсақалдарымен ақылдасудың да артықтығы болмайды. Мүмкін болса, мағынасы ескірген, елге өрескел, сөкет естілетін есімді қоймаған дұрыс дер едік. Ондай атаудан адам өмір бойы жапа шегетінін де ұмытпаған жөн. Қалай дегенде де, кісі есімін қоюға жауапкершілікпен қарайтын мезгіл жетті.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар