Берекелі отбасы

Берекелі отбасы
ашық дереккөз
Берекелі отбасы
2001 жыл Жұмағұловтар әулетіне оңай соқпады. Сүттей ұйыған отбасын нұрға бөлеп, бес баланы дүниеге алып келген аяулы ана Айнагүл өмірден өтеді. Дөңгеленген дүниенің өзегін басқа арнаға бұрып, өмірін өңір ауыстырумен өзгертуге ниет етіп, бес бүлдіршінін жетектеп Жуалыға жеткен отағасы Әлиасқар Нұрлыкент ауылына қоныс аударады. Балалар білімін Жуалы ауданындағы №5 Михаил Ломоносов атындағы орта мектепте жалғастырады. Араға үш жыл салып әкелері де жол апатынан көз жұмады. Бейғам балалығын артқа тастаған балауса қыз, үйдің үлкені Бекзат тағдыр тауқыметін арқалап, бауырларына қамқор болып, осы оқиғалардан соң ерте есейді. Ол сәт сайын ата-анасын, туған ауылын сағынатын. Әсіресе, бастауыш сыныпта сабақ берген сүйікті Дариға апайы жиі есіне түсетін. Алайда, қызылордалық сүйікті ұстазының орнын енді жамбылдық Ажар апайы алмастырды. Дариға апайының сабақ түсіндіруіне, өзін өзі ұстауы мен сабырлылығына қарап бой түзеген балауса қыз, енді сынып жетекшісі Ажар апайын арқа тұтты. Тәлім-тәрбиесін алды. Оның себебі, жоғары сыныпта білім нәрімен сусындатып жүрген жаңа апайы Ажар кез келген ілім-білімді өмір қағидаларымен байланыстырып, сабақтастырып отырып, бағыт-бағдар беретін. Сонысымен қызық, сонысымен қымбат көрінді. Мектеп қабырғасында жүріп, өзі үлгі тұтқан осы екі ұстаздың ұлағатын алған балауса қыз сөйтіп, мұғалім мамандығын таңдауға бел буады. – 2005 жылы мектеп бітіріп, түлеп ұштық. Бірақ, араға бірнеше жыл салып, өз ауылым Нұрлыкентке қайта оралып, сыныптасым Мамырға тұрмысқа шықтым. Енем Нұрсұлу күйеуім екеуміз оқыған мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Мен де сол мектепке «Өзін өзі тану» пәнінен ұстаз болып оралдым. Қазіргі таңда бұл пәнді алып тастағандықтан, кәсіби бағдар беруші педагог қызметін атқарамын. Бір қызығы – дәл осы ауылға менің туған сіңілім де тұрмысқа шықты. Оның да енесі дәл осы біз жұмыс істейтін мектепте қызмет атқарады. Бүгінгі таңда біз өз енелерімізбен әріптеспіз. Енемді екінші анам деп құрметтеймін, жақсы көремін. Бұл кісінің бойында ұстазға тән барлық қасиет бар. Енеміз екеуміз үйде бірігіп шүйіркелесіп шай ішіп болған соң, ашық сабақ, көрнекілік жасап, түрлі мектептегі жұмыстарға бірге дайындаламыз. Ата- ана, мектеп пен ұстаз бұл – үш одақ. Осы үшеуі тығыз байланыста болу керек. Міне, сол үш одақты біз үйдің ішінен құрып алдық. Оның үстіне менің енем менің жеке шаруама араласа бермейді. Еркін жүріп-тұруыма кедергі келтірген емес. Нақты бірдеңеге міндеттеп, шеңберін сызып қоймаған. Расында, осындай асыл адамның үйде де, жұмыста да қасыңда жүруінің өзі де бір ғанибет, – дейді Бекзат. Үйден мектепке, мектептен үйге бірге барып, бірге қайтқан ене мен келіннің тағдыры да, жолы да бір арнаға тоғысқан. Бір жол – бір үйдің қос ақжаулықтысын қарашаңыраққа апарса, екінші жол – білім жолына жетелейді. Ұрпақ тәрбиесіне мән беріп, жетістікке бірге жетуге жоспар құруға бағыттайды. – Бір шаңырақтың асүйін бөліп алған едік, енді міне бір мектептің жұмысын бөліп істеп жүрміз. Келінім екеуміз бірге жұмыс жасайтынымызды үнемі мақтанышпен айтамын. Слайдтарымды жасап беріп, көшіріп жазатын жазбалар болса, ол жағынан да көмек қолын созады. Шаңырақта шайымды демдеп, асымды ысытып алдыма қойса, мектепке апаратын журнал, дәптерлерімізді де түгендеп, керек-жарағымызды да бір-бірімізге орайластырып аламыз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, екеуміз бірігіп, жұмыстағы балаларды тәрбиелеп болған соң, үйдегі балаларды тәрбиелеуге көшеміз, – дейді Нұрсұлу апай.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар