Гүлге су құю

Гүлге су құю
Ашық дереккөз
Бала тілі – бал

 ГҮЛГЕ СУ ҚҰЮ

Балабақшадағы балаларға апайлары 8-наурыз мереке сі қарсаңында аналарына арнап, сыйлық әзірлетті. Түрлі-түсті қағаздан гүл жасатып, мерекелік ертеңгілікте аналарына табыстауды тапсырды. Топтағы достарымен бірге 5 жасар Айкоша да анасына қағаздан жасалған алқызыл гүл сыйлады. Анасы «Қызымның өз қолынан жасаған алғашқы сыйлығы» деп оны терезенің алдына әдемілеп орнатқан еді. Ертесіне асүйде таңғы ас әзірлеп жүрсе, ішкі бөлмеден қызы жыламсырап шықты.

– Ма-ма, – деп жылаған даусынан елеңдеп қараса, қызының беті-қолы қызыл-ала. Қолында суға езілген кешегі гүл.

– Қызым, не болды? Мына гүлге не істегенсің?

– Бота апай гүлге күнде су құйып тұру керек деді ғой. Мен де су құйып едім, гүлім мынандай болып қалды. Су құймасаңдар, гүл өліп қалады деген апай. Мына гүл су құйғанымда өліп қалды, – деп Айкоша одан сайын жылай жөнелді.

Жылап тұрып:

– Гүл су құйса өле ме, су құймаса өле ме? – деген кішкентай қызының сұрағына анасы жауап таппай дал болды.

«ПАЙҒАМБАР ДА БӨЛІШКЕ ЖЕГЕН»

Алты жасар Әлиханды кешқұрым әкесі мектептен алып, үйіне келе жатады. Жол бойындағы шағын наубайханадан ыстық нанның тәтті иісі мұрын жарып, Әлиханның көз алдына тәтті бөлішке елестейді.

– Әке, қарным ашты.

– Қарның ашса, қазір бір бөлке нанды бір өзіңе әперейін.

– Жоқ, бөлішке жегім келіп тұр.

– Бөлішкеге ақшам жетпейді, бөлке әперемін, – деп әкесі баласын қайтер екен деген қулықпен әдейі сынамақ болды.

Бірақ, Әлихан әкесінен қулығын асырып:

– Әке, Пайғамбар да бөлішке жеген ғой, – депті.

Кішкентай баласының т апқырлығына сүйсінген әке сі жолынан кері бұрылып, Әлиханның қалаған бөлішкесін әперіпті. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы.

ЖОҒАЛҒАН БӘТІҢКЕ

Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған алты жасар Шоқан күнде сабақтан шаршап келеді. Сонда да тамағын ішіп алғаннан соң аулаға көрші достарымен ойнауға шығады. Қас қарая үйге әбден шаршап кіріп, ұйықтап қалады. Осылай жүргенде сабағын оқуды да ұмытып кетеді. Әкесі мен анасы күні бойы жұмыста болған соң үйдегі балаларға әжесі қарайды. Ол кісі үй тапсырмасын орындауына көмектесуді қым-қуыт тірліктерімен жүріп, кейде естен шығарып алады.

Бір күні Шоқанның сынып жетекшісі әжесіне қоңырау шалып:

– Апа, Шоқан үйге берілген тапсырманы орындамай жүр, қадағалаңызшы, – деп ескреткен соң әжесі балаға өтімді бір айла ойлап табуды жөн көреді.

Әдеттегісінше мектептен шаршап келген Шоқанға әжесі:

– Балам, сен мектепке барып, сабағын жақсы оқысын деп барлық киімдеріңді жаңадан әпердік. Ал, сен үй тапсырмасын орындамай барады екенсің. Егер сабақ оқымайтын болсаң, жаңадан әперген бәтіңкеңді көршінің баласы Мансұрға беремін. Ол сабағын жақсы оқиды екен, – деп Шоқанды жақсы көретін бәтіңкесімен қорқыттым деп ойлады.

Кешкісін бәрі жұмыстан келген соң анасы аяқ киімдерді жуып, дайындап қоймақшы болғанда Шоқанның жап- жаңа бәтеңкесін таппай қалады. Үйіндегілердің бәрінен сұрайды, ешкім білмейді. Біраздан соң әжесі көршінің үйіне барса, есігінің алдында Шоқанның жоғалған бәтеңкесі тұр. Таңырқап:

– Бұл қайдан мұнда жатыр? – десе, Мансұр:

– Білмедім әже. Шоқан әкеп тастады, – деп томсырайып тұр.

Ойнап жүрген жерінен Шоқанды шақырып сұраса:

– Әже, өзің Мансұрға бер дедің ғой, – депті түк болмағандай монтиып.

Дайындаған

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар