- Advertisement -

Мал басы артып келеді

30

- Advertisement -

Аудан орталығына жақын орналасқан Қылышбай ауылының тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде округ бойынша 3500 мүйізді ірі қара мал, 5200 қой-ешкі, 599 жылқы, 158 түйе және 667 үй құсы бар. Өткен жылмен салыстырғанда ауылда мал басының көбеюі байқалады. Округте 14 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 40 азамат жеке кәсіпкер болып тіркелген.

Осы және басқа да атқарылып жатқан жұмыстар туралы Мойынқұм ауданы, Қылышбай ауылдық округінің әкімі Бәкір Исабеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте хабарлады.

Әкімнің айтуынша, былтыр «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасының 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру аясында 18 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 3 көшеге асфальт жабындысы төселіп, ауылдық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы «АрМаНұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8 миллион 478 мың теңгеге гидро-сорғыту қондырғысын іске қосты. Бүгінде ауыз су резервуарларына техникалық қызмет көрсету толығымен жүзеге асырылып, заманауи үлгідегі сүзгіден өткен тазартылған ауыз су жүйесі жұмыс істеп тұр. Ауылдағы зираттарды қоршауға 7 миллион 235 мың теңге бөлініп, «МерейСтройИнвест» ЖШС-нің мамандары тиісті жұмыстар атқарған. Ауылдағы 10 көшеге күн шамдары орнатылып, арықтар тазартылған. 800 текшеметр қоқыс шығарылып, «Қыршу» су арнасы арқылы өтетін көпірге қоршау орнатылған. Сондай- ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған саябаққа, шағын футбол алаңы, аллеяның «жасыл белдеуінде» атқарылатын жұмыстарға мемлекеттік актілер алынды.

– Ауылдықтарға 2009 жылы салынған жаңа ғимаратқа орналасқан дәрігерлік амбулаторияда 5 медицина маманы қызмет көрсетеді. Ауылдық округте 1 мектеп, 1 балабақша бар. Ә.Төлепбергенов орта мектебінде 40 мұғалім 163 оқушыға сапалы білім беруде. 2007 жылы ашылған «Бөбек» балабақшасына 25 бүлдіршін барып жүр. Тұрғындарға 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана мәдени қызмет көрсетуде. Ауылда 6 азық-түлік дүкені, 1 наубайхана жұмыс істейді. 2022 жылдың 1 маусымында жаңа жасанды футбол алаңының салтанатты ашылуы өткен болатын. Қазіргі уақытта ауылдықтарға бір кіші футбол алаңшасы, Ә.Төлепбергенов мектебінің спорт залы қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданатын барлық жастағы тұрғындардың үлесі 23,3 пайызды құрап отыр. Осындай ауылдық округті әлеуметтік- экономикалық дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, тиімді экономикалық өсімді қалыптастыру бағытындағы атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді Қылышбай ауылдық округінің әкімі Б.Исабеков.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support