Әлеуеті артқан ауыл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бүгінде ауылдарды дамыту мәселесіне көңіл бөлініп келеді. Саладағы серпіліс біздің өңірдегі әр ауданнан байқалады. Алыс ауылдардың көпшілігіне қолдау болып жатқанын байқаймыз. Сондай шалғай елді мекеннің бірі – Талас ауданындағы Ойық ауылдық округі. Ойық, Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарынан тұратын бұл округ 1953 жылы құрылған. 2330 тұрғыны бар. Округтің жалпы жер көлемі 150 662 гектарды құрайды.
«Ауыл аманаты» жобасының жемісі
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша округ тұрғындарына барлық 5 бағыт бойынша жобаға 611 миллион 810 мың теңге қаржы бөлінген. 2-бағыт бойынша 112 ауыл тұрғынына несие келісімі беріліп, жалпы тұрғындар көлемі 554 миллион 140 мың теңге алған. Аталған тиімді жобаның аясында 370 мүйізді ірі қара, 27 бұқа, 3747 уақ мал, 541 жылқы сатып алынған. Мал азығын алуға 12 миллион 935 мың теңге жұмсалыпты. 5-бағыт бойынша 3 миллион 950 мың теңгеге көлік жөндеу қызметі, көлік жуу жобасы жүзеге асқан. Ал, 4-бағытпен «Ойық Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, МТЗ-852,2 тракторының 4 данасы 53 миллион 720 мың теңгеге сатып алынған. «Жер» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аясында ауылдық округ бойынша 300,52 гектар жайылымдық жер мемлекеттік қорға қайтарылыпты. Ауылдық округ әкімдігі «Жәдік» көліне су толтыру туралы ұсынысын назарға алып, биыл аталған көлге жеткілікті көлемде су жиналған. Ауылдық округтегі шаруа қожалықтары көктемгі егіс-дала жұмыстарына 32 тонна арзандатылған дизель отынын алыпты. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Атап айтқанда, «Әулие- Ата НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 28 миллион 720 мың теңге несие 2 шаруа қожалығына қарастырылып отыр. Осылайша, «Бірлестік» шаруа қожалығы 9 миллион 120 мың теңгеге 174 қой, 7 қошқар, «Жолдыбай» шаруа қожалығы 19 миллион 600 мың теңгеге 200 қой, 20 бие малын сатып алғаны бұл бағыттағы жұмысқа оң серпін бермек. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да жемісін береді деген үміт бар. Екі ауыл тұрғыны 2 миллион 760 мың теңге қайтарымсыз қаржы алып, мүйізді ірі – қара бордақылайтын шағын алаң, құмдыблок кірпіш шығаратын шағын цех ашып, жұмысын жандандыруға мүмкіндік алды. Шаруа қожалықтарының ауыл шаруашылығы жерлеріне құдық қазу бойынша 6 шаруа қожалығына 6 құдық қазылып, орнатылыпты. Осы орайда 95 миллион 550 мың теңге қаржы жұмсалған. Бұл мүмкіндікке «Бөрібай», «Мұса», «Ардақ», «Сағат Ата», «Рахымберды» шаруа қожалықтары ие болып отыр. «Ойық Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз қаржысына Польша мемлекетінің зауытында жасалған 2 орақ, 1 шөп тайлағышты 4 миллион 200 мың теңгеге сатып алыпты. Ойық ауылында жылыжай жұмысы да жанданған. Ойық ауылының тұрғындары Болатбек Тілепбергенов 3 сотық және Бақытжан Өскембаев 1,5 сотық жылыжайға қызанақ, қияр егіп, көкөніс өнімдерін алып, халыққа сатып пайдасын көріп отыр.Инвестиция – ел игілігі
Мемлекеттік бағдарламалардың шапағаты бұл ауылға да оң серпін беріп келеді. «Ұлттық жоба» бағдарламасының кепілсіз несие алу тетігі бойынша несиеге қол жеткізген кәсіпкерлер «Халық банкі» арқылы 4 жоба ұсынған. Осылайша, «Байтоқ», «Бірлік», «Бекзат», «Толықбаева» шаруа қожалықтары 5 миллион теңге алған. Ауылдық округке тартылған инвестициялар көлемі де аз емес. Атап айтқанда, округ бойынша 3 шаруа қожалығына 23 миллион 575 мың теңге инвестиция тартылды. Атап айтар болсақ, «Әулие-Ата НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 23 миллион 575 мың теңгеге «Ерзат» шаруа қожалығы 22 бас жылқы, МТЗ-82 1 ауыл шаруашылығы тракторы және ауылшаруашылық техникаларын сатып алды. «Мұса» шаруа қожалығы 18 миллион 100 мың теңгеге 40 бас жылқы және «Рахманәлі» шаруа қожалығы 6 миллион 900 мың теңгеге 138 бас уақ мал сатып алды. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы мемлекет тарапынан субсидия арқылы жүзеге асырылды. Ауылдың әлеуметтік жағдайы үнемі сараланып келеді. 2022 жылы тұрақты жұмысқа 83 ауыл тұрғыны, жастар тәжірбиесіне 2 ауыл жасы, қоғамдық жұмысқа 32 жұмыссыз азамат тартылып, олардың орташа айлық мөлшері 75 мың теңгені құрады. Әлеуметтік жұмыс орындарына 6 азамат жұмысқа орналасты. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақы төлеу, балаларды гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету талапқа сәйкес орындалған. Бірер жыл бұрын нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауылдық округ бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант алуға өтініш білдірген 3 ауыл тұрғыны 3 миллион 675 мың 600 теңге қайтарымсыз қаржы алған. Ойық ауылдық округінде көктемгі және күзгі абаттандыру және санитарлық тазалау айлығын өткізу іс- шараларына 1 миллион теңге бөлініп, біршама жұмыстар атқарылыпты. Ойық ауылдық округі бұрынғы ірі шаруашылық «Ойық» кеңшарының аумағында орналасқан. Кезінде төрт түлік малды төлінен өсірген, дүркіреген кеңшар болған. Ол кезде ауылда жалпы 6 мыңнан астам тұрғын болды. Әнуарбек Тәжімбетов, Сейілбек Әбдиев, Жамаубай Айтқұлов секілді ауыл шаруашылығының білгір мамандары кеңшарды, ауылдық кеңесті басқарып, еңбек етті. Үлкен ферманы ұзақ жыл басқарған Аманбай Мамыралиев, Әзімбай Байтенов, Әуес Қыдырбеков, Баянғали Маймышев есімдерін ауыл тұрғындары ешқашан ұмытпайды. Қазіргі таңда округтегі мал басы жылдан жылға өсуде. Оған қажетті жайылым мәселесі де реттеліп, шешімін тауып келеді. Округтің жер көлемі төрт түлік мал өсіруге қолайлы. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, жалқаулыққа салынбай тер төгемін деген азаматқа бұл округте барлық мүмкіндік бар. Округ басшылығы да сол мүмкіндіктерді пайдаланып, ауылдың экономикасын көтеру, әл-ауқатын жақсарту, шаруа қожалықтарының ісін ірілендіру жұмыстарын жолға қою бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Бұл округ тұрғындары алдағы жылдары ауылдық даму деңгейі жоғарылап, тұрғындар саны көбейіп, халықтың өсімі мен тұрмыс жағдайының жақсарарына сенімді. Төрт түлік малдың аурудан аман болуы – басты мәселе. Ауылда ветеринарлық пункт жұмыс істейді. Ол жерде 9 ветеринар маман бар. Ауылда мал ұрлығы жоқ. Бұл – өте өзекті мәселе. Міне, осы орайда округтегі учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Ғани Сабырбектің жедел жұмысы көрініп отыр. Мал ұрлығына, жалпы суық қолды іске бармау бойынша ауыл ақсақалдары да белсенді жұмыс істейді. Сол белсенді ақсақалдар қатарында Пантай Рахманбердиев, Болатжан Дуанбеков, Ошақбай Шыныбеков, Төкен Атамқұлов бар. Біз осы орайда, былтыр маусым айында ғана сайланған Ойық ауылдық округінің әкімі Қайрат Ошақбаевпен сөйлескен едік. – Былтыр 4 маусым күні округ тұрғындарының басым бөлігінің дауыс беруімен округ әкімі болып сайландым. Сол сайланған күннен бастап, қарбалас жұмысты атқарып келе жатырмын. Бір жағынан тұрғындардың талабын орындап, нақты жұмыстарды жүзеге асырып жатқаныма қуанамын. Былтыр ауыл тұрғындары көтерген мәселелерді мүмкіндігінше орындадық. Округтің негізгі көшелерінің барлығына жаңа асфальт жол салынды. Бұл мемлекеттің жасап отырған қамқорлығы. Шалғай ауылдың шеткі көшесіне дейін асфальт жолдың төселуі талай жылдан бері болмаған игілік. Қазіргі таңда округ аумағынан өз қаражатына жаңа тұрғын үй салатындар қатары көбейіп келеді. Осы бір жылдың ішінде он беске жуық азамат жаңа зәулім үй салып алды. Бұл дегеніңіз, ауылдың болашағына деген зор сенім деп білеміз. Осы жағдай үшін өте қуанамыз. Алдағы уақытта да ауылымыздан жаңа үй салушылар қатары арта түседі деп сенеміз. Себебі, ауылдың болашағы жарқын. Алдағы уақытта да мемлекеттік жобалар аясында ауыл шаруашылығына бөлінген қаражатты алуға ауыл тұрғындары ынталы. Сондықтан ауыл шаруашылығы бойынша жеңілдіктерді пайдалана отырып, ауылдың дамуы бағытында тер төгіп келеді. Әсіресе, жастардың ауылға тұрақтағаны, мал шаруашылығына бет бұрғандары қуантады. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша келген азаматтарға да біз барлық көмекті көрсетіп отырмыз. Ауыл шаруашылығы дамыса, әлеуметтік салалар да ілгері басады. Мектептерде оқушылар санының молаюы, балабақшада балалар санының артуы ауылдың дамуына байланысты. Ауыл шаруашылығы өркендесе, ауылдың спортына да оң әсер береді. Жақында ауылымызда үлкен спорт кешені салынып, ел игілігіне берілгелі отыр, – дейді ауыл әкімі.Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Еңбек қатынастарында еңбек шартының рөлі зор
- 9 желтоқсан, 2024
Зерделеу жұмысы кемшіліктерді анықтады
- 5 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді