БАҚ өкілдерімен бас қосты

БАҚ өкілдерімен бас қосты
ашық дереккөз
БАҚ өкілдерімен бас қосты
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков журналистермен жүздесіп, шаһардың бас жоспары, сан-саладағы мәселелердің оң шешімі, былтырғы атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен биылғы бағыт-бағдары туралы әңгімеледі. Әуелі қала әкімі БАҚ өкілдерімен бас қосу үрдіске айналғанын атап өтіп, алғашқы кездесуде талқыланған мәселелердің қалай шешіліп жатқанына кеңінен тоқталды. – Негізі әлеуметтің әлеуеті көтерілуі үшін өндіріс өркендеуі қажет. Былтырғы жылы өнеркәсіп көлемінің жоспары 453,6 миллиард теңге болса, нақты орындалғаны 462,7 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш қаламыздағы негізгі ірі кәсіпорындарының есебінен орындалды. Ал, ағымдағы жылы өнеркәсіп көлемін 483,0 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, «Тараз» индустриалды аймағында 2024-2026 жылдары жеке инвесторлар тарапынан құны 82,1 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің жоспары 162,1 миллиард теңге болса, 164,6 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткішті 2024 жылдың қорытындысымен 242,9 миллиард теңгеге дейін арттыру көзделген. 2024 жылғы көрсеткішті орындау мақсатында арнайы алгоритм әзірленді, – деген қала әкімі облыс орталығындағы ауылшаруашылығы саласын да атап өтті. Айтуынша, ауылшаруашылық саласында өнім көлемін былтыр 14,4 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты орындалғаны 16,3 миллиард теңгені құраған. Ал, 2024 жылы 17,4 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Бұл межеге жету үшін жыл соңына дейін құны 3,1 миллиард теңге болатын 12 жоба іске асырылатын көрінеді. Ал, құрылыс саласында пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы ауданын биылғы жылдың қорытындысымен 372,7 мың шаршы метрге дейін арттырып, 2500 пәтер беру көзделіп отыр екен. Жиында тұрғын үйлердің сыртқы сәулеттік келбетін, ішкі жылу жүйелерін жақсартуға бағытталған жоспарлар да айтылды. Білім, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту, көшелерді жөндеу, шалғай елдімекендердің инфрақұрылымын жаңғырту, тал-дарақтарды күтіп-баптау секілді сан саладағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. – Су жүйесі тартылғаннан кейін тұрғындар «ТаразСу» мекемесімен келісімшарт жасауы тиіс. Бірақ бұл мәселеге тұрғындарымыз көбіне немқұрайлы қарайды. Бізде қазір 7256 үйге су беру мүмкіндігі бар. Соның жетпіс пайызы қазір тұрғындардың тиісті абоненттік жұмыстарды атқармауынан су берілмей тұр. Ал, тұтынушы аз болғандықтан су айналымы төмен болады, құбырда қалған су қыста қатады, ол судың сапасына да әсер етеді. Сондықтан тұрғындарға мәселені түбегейлі түсіндіру жұмыстарына Сіздердің де көмектеріңіз керек, – деді қала басшысы журналистерге. Яғни, іргесіне келіп тұрған суды үйге кіргізуге құлықсыздық танытқан тұрғындар құдықтың суын пайдаланып, салдарынан басқа тұрғындардың суға мұқтаждығы мұңға айналған. Сол секілді ағын су, каналдардың жағдайы да сөз болды. Басқосу барысында БАҚ өкілдері қала әкімдігіне қарасты салалық қызметкерлердің ақпарат беруге ашықтығы ақсап тұрғанын, олардың біліктілігін, сол секілді жаяу жүргіншілер жолағының жарықтандырылмағанын, жол қауіпсіздігі, қала мәдениеті, баспасөзге жазылу секілді жан-жақты мәселелер көтеріп, ой-ұсыныстарын ортаға салды. Өз сөзінде қала әкімі су, жол, қоғамдық көлік секілді ең алдымен елге шынайы қажеттіліктер қамтылатынын, содан кейін барып туристерді тарту, демалыс орындарын салу секілді шаруалар атқарылатынын жеткізді. Сөз арасында қалада әлі 550 көшеге асфальт төселмегенін, осы мәселені кезең-кезегімен шешу жоспарланғанын айтты. Ал жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қала ішінде көлік жылдамдығын қазіргіден де төмендету жоспарланып отырғанын алға тартты. Күнделікті жұмысы газет оқудан басталатынын айрықша атап өткен шаһар басшысы әріптестерінен де соны талап ететінін жеткізді. Сол секілді жиында таяуда ғана өмірден өткен аймақ баспасөзінің абызы Баттал Жаңабайұлының қаладағы елу жыл тұрған үйіне ескерткіш тақтайша орнату ұсынысы да қолдау тапты. Басқосу соңында Бақытжан Орынбеков қала мәдениетін қалыптастыру бойынша да кешенді әрі жүйелі жұмыстарды қолға алу қажет екенін атап өтіп, көтерілген әрбір мәселеге қатысты жауаптыларға тапсырма жүктеді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Суретті түсірген Юрий КИМ.

Ұқсас жаңалықтар