Мал шаруашылығына маманданған
Мемлекет басшысының қолдауымен ауыл еңбеккерлеріне жасалып жатқан мүмкіндіктер аз емес. Соның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы Саудакент ауылының шаруа қожалықтарына және жеке кәсіпкерлеріне тың серпін бергендей. Әлімжан Шоқалақов 2019 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 миллион 100 мың теңге несие алған. Сол несиеге алған 6 бас сиыры қазіргі таңда үш есе көбейіпті. Биыл он сиырды (жартысы өгіз) бордақылап, соғым кезінде сатуды ойластырыпты. Ол оны таразыға тартып, килограмдап сатады екен. Есігінің алдынан килосын 2300 теңгеден ауыл тұрғындары-ақ лезде әкетеді. Қазақ қысты соғымсыз қарсы алмаған. Сондықтан кімге сатамын деп алаңдамайды. Әр бордақы ірі қара шамамен 200 килограмм ет береді. Сонда бір ірі қара мал 460 мың теңгеге бағаланады деген сөз. Әрине, мұның ішінде ірі қараның өзіндік құны және семірту үшін жұмсалған жем-шөп құны бар. Соның өзінде әр бордақыдан 140-150 мың теңге көлемінде таза табыс тауып отыр. Демек, он бордақы малдан 1 миллион 500 мың теңге таза табысқа кенелсе, шаруаға аз олжа емес. Тамшының тас тесетінін ескерсек, осылай маңдай термен келетін табыстың берекесі де бар, үздіксіз жалғасатын қуанышы да бар.
Жеке кәсіпкер өзіне тиесілі жерге жоңышқа, арпа егіп, мал азығын дайындауды да дағдыға айналдырған. Кәсіпкер алдағы уақытта ауылдың шетінен баз сатып алып, кәсібін дамытуды көздейді. Ауласында бордақыланатын малдың санын 20 бастан асыруды жоспарлайды.
– «Ауыл аманаты» жобасы шаруаларға үлкен серпін берді. Біз де сол жобаның көмегімен мал басын көбейтіп жатырмыз. Бұрыннан малдары бар кісілер шаруаларын жолға қойып алды. Мұндай тиімді жобаны ойластырған мемлекетке рақмет. Шаруалардың үміті оянып, қазір мал басын молайтудың қамына шындап кірісті. Оның өзі ауылдың экономикалық жағынан дамуына жол ашады, – дейді ол.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді