- Advertisement -

Kundelik.kz көңіл көншітпей тұр

34

- Advertisement -

Цифрландыру мен ақпараттық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған кезеңде Kundelik.kz онлайн- платформасы білім саласына қатысты сұрақтар қатарын көбейтіп отыр. Бұл бүгін ғана бас қатырып жатқан жайт емес. Ата-аналар тарапынан платформадағы олқылықтар жайлы жиі естиміз. Әлем электронды күнделікке өткен ғасырдың жетпісінші жылдары көшіп кеткен. Ал, біздің бұл игілікке қолымыз тек жеті жыл бұрын ғана жетті. Оның өзі отандық өнім емес. Әу баста білім саласына «қағазбастылықтан құтыламыз» деген мақсатпен енген бұл жүйеге шағым шаш етектен.

KUNDELIK.KZ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

Жүйенің ресми сайтында бұл туралы кеңінен айтылған. «Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері үшін электрондық журналдар мен күнделіктердің автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің «Күнделік» жобасы және бағдарламалық қамтамасыз етуге авторлық құқықт ар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес IТ технологиясы және білім саласында өз қызметін жүзеге асыратын Қазақстан аумағында тіркелген және орналасқан «Күнделік (Kundelik)» ЖШС қазақстандық компаниясына тиесілі. Компанияның мажоритарлық пакетінің 55 пайызы қазақстандық инвесторларға, 45 пайызы ресейлік серіктестерге тиесілі. «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Күнделік» (Kundelik) ЖШС серіктес-инвестор арасындағы мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде құрылған», – делінген ақпаратта. Десек те, «Күнделік» ЖШС бас директоры әрі ортақ құрылтайшысы Мұхтар Ілиясов жүйенің қазақстандық өнім екенін алға тартады. «2016 жылдан бастап «Дневник. ру» бағдарлама лицензиясы Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану үшін «Күнделік» ЖШС иелігіне берілді, оның мамандары мен қызметкерлері Қазақстан Республикасының орта білім беру саласындағы қазақстандық стандарттар мен бизнес-процестерге сәйкес аталған бағдарламаны толығымен оқшаулап, бейімдеп енгізді», – дейді ол. Қалай болғанда да жүйені жасап шығарған – Ресей мемлекеті. Лицензия сатып алынып, барлық бағдарлама кодтары Қазақстанға табысталған. Осының есебінен ғана жүйені отандық өнім деп сенімді айту қаншалықты ақылға қонымды екенін түсіну қиын. Осы тұста ақпараттық қауіпсіздік мәселесі алға шығады.

МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ

Оқу жылының басында Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлан Сайыров, Мұрат Әбенов, Нұргүл Тау kundelik.kz-ке байланысты Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға және Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Сауалда Қазақстанда электронды қызмет көрсете алатын бір емес, бірнеше отандық компанияның болуына қарамастан құзырлы орган, яғни сол тұстағы Білім және ғылым министрлігі тарапынан 4 миллион оқушының жеке мәліметтерін жинау, сақтау және өңдеу қызметі ешқандай іріктеу мен байқаусыз «Күнделік» ЖШС-на берілген. Депутаттар мажоритарлық пакетінің 45 пайызы көршілес елге тиесілі компанияға жеке деректердің беріліп отырғанына алаңдаушылық білдірген. Тіпті «Күнделік» біздің балаларымыздың жеке мәліметтеріне қол сұғып, рухани келбетіне кері әсер ететін, ұлттық қауіпсіздіктің тамырына балта шабуға қабілетті терең проблема!» – деді. Сауалға байланысты Тамара Дүйсенова Kundelik.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қауіпсіздік талаптарына сай деген пікір білдірді.

ОҚУШЫЛАРҒА ЖАРНАМА НЕГЕ КЕРЕК?

Kundelik.kz менеджерлері жүйені мемлекет қаржыландырмайтындықтан жарнамамен жан бағатындарын айтады. Мұғалімдер мен оқушыларға, білім саласына қатысты жарнамаларға ғана екпін береміз десе де, өткен жылдың 11 мамырында жүйеде этикаға жат жарнамалардың жарқ ете қалғанын отандық БАҚ жарыса жазды. Дәл осыған ұқсас жағдай Қырғызстандағы «Күндөлүк» платформасында да орын алған. Бірақ, бауырлас елдің жүйесі өздерінің төл өнімі.

Тамара Дүйсенова «Күнделік» ақпараттық жүйесі Оқу-ағарту министрлігі мен «Күнделік» ЖШС арасында жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде жұмыс істейтінін жеткізді. Ал, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының 15-бөлімінің 1-тармағына сәйкес «Күнделік» ЖШС Қазақстан Республикасының заңнамасында «белгіленген шектеулерді» ескере отырып, «Күнделік» платформасында меншік иелері жарнамалық ақпаратты орналастыруға құқылы болып шықты. Жүйенің әкімшілігі бұл мәселеге қатысты: «Біз тікелей жарнама берушілермен де, Яндекс жарнамалық желісімен де жұмыс істейміз, себебі бұл ең жақсы сүзілген трафик, бізде букмекерлер, алкоголь мен темекіні жарнамалау және 6+ форматына сәйкес келмейтін контент жоқ. Біз университеттерді, мектептерді, банк өнімдерін, халық тұтынатын тауарларды, компьютерлік техниканы, кітаптарды, білім беру курстарын және тағы басқаларды жарнама берушілермен тікелей келісімшарт түрінде, сондай-ақ, Яндекс жарнама арқылы жарнамалаймыз. Біздің порталымызда діни сипаттағы жарнама тақырыбындағы бірқатар интернет басылымдарда пайда болған жарияланымдарға Kundelik.kz-тің қатысы жоқ. Бұл суреттер жалған және жалған ақпарат екенін хабарлаймыз», дейді. Дегенмен, ата-аналар жүйедегі бұл жүгенсіздікке жиі қапаланады.

– Шындығында Kundelik.kz қазіргі оқушылар үшін өте тиімді болуы керек. Баланың үлгерімін, бағаларын, сабақтың тапсырмаларын қарап отырғанға қолайлы болуы тиіс. Бірақ, іс жүзінде олай деп айта алмаймын. Себебі, алдымен ол порталға кіру ата-анаға да, балаға да оңай емес. Онсыз да елімізде ғаламтор жылдамдығы көңіл көншітпейді. Соған қарамастан оқушыларға арналған порталда баланың парақшасынан бұрын небір жарнамалар жарыса шыға келеді. Әрі сол жарнамалардың барлығы толығымен экранға шығып бітпей баланың парақшасы ашыла қоймайды. Білім саласына қатысты арнайы ведомстводан, болмаса Цифрлық даму министрлігі тараптарынан осы жобаға қаражат бөлінбейді ме, әлде ол қаражаттың өзі жеткіліксіз бе? Әйтпесе, балаларға арналған порталдан басқа жерде жарнама аз ба еді? Одан кім, қандай пайда тауып отыр, бұл неге қатаң бақыланбайды? Сапалы білім, саналы ой мен тәрбие емес, құдды бір онлайн сауда алаңына айналып кеткендей. Білім алсам деген бала үшін қайдағы-жайдағы жарнаманың қажеті қанша? Одан бөлек, аталған платформаға кейбір ескі ұялы телефондармен кіру мүмкін емес. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске асқалы бері де аз уақыт өткен жоқ, енді неге бұл порталды жан-жақты жетілдіріп, барынша қолайлы ету жолдары қарастырылмаған? Мемлекет басшысының өзі сан салада сандық технологияны дамытуды тікелей тапсырып отырғанда, неге ұрпақ тәрбиесіне қатысты осы бір ғана порталдың жұмысын жөнге келтіріп, жолға қоя алмай келе жатырмыз? – дейді Тараз қаласының тұрғыны Гүлбаршын Дәулетбергенова.

Zero.kz интернет-статистика сервисіндегі рейтингте Kundelik.kz үнемі алдыңғы қатарда. Себебі, оны ел бойынша 6500-ге жуық мектептің мұғалімдері мен оқушылары пайдаланады. Осының есебінен жарнама берушілердің назарынан түспейді. Былайынша айтқанда, компания иелері жалақы мәселесін ұстаздар мен балалардың арқасында реттеп отыр. Бізді таңдандырған бір жайт, шалғай аудандарды есепке алмағанда, Тараз қаласының аумағындағы кей мектепте Kundelik.kz-ке кіру тіпті мүмкін емес. Платформаға кіруге мүмкіндік беретін логин мен құпия сөзді сынып жетекшісі де, ата-ана да білмейді. Талап еткен ата-анаға мұғалімдер «мектепте ІТ маманы жоқ» деген уәж айтады. Бұл жайтқа дәлел аз емес. Бұдан бөлек, жүйеде балаларға қойылатын баға олардың шын қабілетіне қойылған баға емес екені де ата-аналардың ашуын туғызады. Жарияланатын үй тапсырмалары шын мәнінде берілген тапсырмамен сәйкес болмай жататыны тағы бар. Тоқсан соңында сайттың міз бақпай қатып қалатынын айтудың өзі артық. Айтпақшы, мұғалімдердің тоқсан соңындағы рейтингі де тікелей осы жүйедегі белсенділіктеріне байланысты. 2022 жылы ел ішінде платформаға бір күнгі сабағын тіркемегені үшін жұмыстан қуылған мектеп мұғалімінің оқиғасы желдей ескен-ді. Жүйеге бір мезетте бірнеше мың адам кірсе, әрине, жағдай осыған әкеледі. Бұл адами емес, техникалық ақау. Мұндай себеппен жұмыссыз қалып жатқан ұстаздар жүйенің тиімсіз екенін айта-айта шаршаған. Жүйені пайдалану үшін Қазақстандағы білім беру ұйымдарының интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Жүйе үшін жоғары жылдамдықты интернет, яғни жылдамдығы секундына 4-10 мбит болуы тиіс. Бірақ, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзыретінде. Бұл өз алдына бөлек күрмеулі мәселе. Айтпақшы, тап осы тұста аталған ведомствоның да төбесі қылтиып көрініп қалды. Жоғарыда атап өткен Мәжіліс депутаттарының жобаны қаржыландыру туралы сауалына Бас прокуратура: «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ресурстарында «Күнделік» АЖ орналастыруға жыл сайын сервер ұсынғаны үшін қаражат бөлінетінін хабарлаймыз. Биыл 309 миллион 893 мың теңге, 2022 жылы 259 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыландыру Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті мен «ҰАТ» АҚ арасында хостинг ұсыну бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта көзделген», – деген мазмұнда жауап ұсынған.

Қорыта айтқанда, қайда барсақ та Kundelik.kz қолданыстан бүгін-ертең шығайын деп тұрған жоқ. Алайда, ата-аналар мен балалардың жеке деректеріне қатысты алаңдаушылыққа толық негіз бар. Онсыз да ресейлік Яндекс, Mail.ru сынды жүйелерде талай ақпарат «қыдырыстап» жүр. Бұл тұста тіпті әлемдік Facebook, Twitter, Google сынды алпауыт компанияларда да ақпараттық қауіпсіздік салдарынан түрлі мәселелер орын алып жатқанын ұмытпаған жөн. Марк Цукербергтің өзі Facebook-ті Meta деген атаумен алмастырып, ребрендинг жүргізуіне де жеке деректердің қолды болуы себеп болғанын қаперге алуымыз керек. Қандай бағдарлама, қандай жүйе болмасын адамның санасында сұрақ пен күмән қалдырмауы тиіс. Себебі, ақпараттық қауіпсіздік кез келген елдің негізгі қалқаны. 45 пайызы Ресейге тиесілі компанияға қалай сенім артуға болады? Отандық IT компаниялар қуатты әрі қолайлы платформа жасауға неліктен қауқарсыз? Мемлекеттен бір тиын қаржы алмайтын компаниямен Оқу-ағарту министрлігінің бірлесе жұмыс істеуінде қандай астар бар? Санада мың түрлі сұрақ болса да 2030 жылға дейін еліміздегі мектептер Kundelik.kz-пен күнелтуге мәжбүр. Себебі, қос тарап арасындағы келісім солай.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support