Ауғанның асуында от кешкендер

Ауғанның асуында от кешкендер
ашық дереккөз
Ауғанның асуында от кешкендер
Соғыс зардабы адам баласының жадында мәңгі өлмейтін, өшпейтінін кеудесіне орден таққан ардагерлердің жүзінен-ақ көресің. Артта қалған ауыр күндерді естеріне түсіргісі келмей, тек болашақтың жарқын болғанын ғана қалайтын, өмір көрген ағалар жуырда біздің мектепте қонақта болды. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ауғанның асуында от кешкендер» атты кездесудің мақсаты – өскелең ұрпаққа Ауған соғысы жайлы толық мәлімет беру, ардагер ағалармен ашық әңгімелесу, сұхбаттасу болатын. Кездесуге ауылымыздың ардагер ағалары, Ауған соғысы ардагерлер ұйымының жетекшісі – Ержан Шолпанқұлов, Бағдәулет Ауғанов, Сексенбай Мұқтанов, Сергей Зубрев, Есболат Ізетқұлов, Серік Әбілқайыров сынды ағалар қатысып, тақырып аясында кеңінен естеліктерімен бөлісті. Әскери-патриоттық, туған жерге деген сүйіспеншілік, ерлік жайлы мағыналы әңгіме қозғалды. – Меркі жерінен Ауған соғысына 110 жігіт қатысып, оның бесеуі соғыста қаза тапты. Соғыстан кейін ауылға келген 22 жігіт қайтыс болды. Мен 1981 жылы Ақарал ауылынан әскери орталыққа шақырылып, аттандым. Ауған жерінің Кабул, Термез, Кандагар және тағы да басқа қалаларында болдым. Ауылда көлік айдап үйреніп кеткен болатынмын. 18 жасар мені үлкен жүк машинасының тізгініне отырғызды. Жауапкершілік өте жоғары. Тау арасынан, кезенген снайперлердің оғының арасынан талай өттік. Олар жастары үлкен, тау-тасқа төселген 25-30 жастағы адамдар. Біз ауылдан, мектепті бітірген, шопырлық курсты ғана аяқтаған жігіттер едік. Соғысқа барып есейдік. Есейтті, – деген Ержан Шолпанқұлов ағамыздың әңгімесін естігенде ауыр мұңға батасың... Соғыс он жылға созылды. Қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың міндеті – Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген, алыстағы Ауған соғысынан ауылға аман-есен оралып, отбасын құрып, өсіп-өніп, ел алдында абыройлы болған ағалар енді соғыстың болмауын тілеп, жарқын болашақтың балаларына аталық, ағалық ақылдарын айтты. Иә, өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, замандарға жалғаса береді. Бұған дәлел бүгінгі ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлеріміздің бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдық жұмыстарға белсенділіктері, түрлі кәсіпті игерудегі ерен еңбектері. Оқушыларға Отанды қорғау жауапкершілігінің қаншалықты маңыздылығын жете түсіндіріп, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін айта беруіміз керек, айта беруіміз керек...  

Назгүл АНИСОВА,

М.Әуезов атындағы мектеп- лицейі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.

Меркі ауданым

Ұқсас жаңалықтар