- Advertisement -

Жалғасын таппаған жобалардың жайы

33

- Advertisement -

Бүгінде көптің көкейінде жүрген күрделі сауалдың бірі – «Мақсаты жақсы жобалар неге жалғаспайды?». Расында да небір ізгі істерге негіз болған көптеген жобалар ары қарай жалғасын таппай, бастамашыл бағдарламалар баянсыз қалып жатыр. Тұрақтылық табысқа жетелемеуші ме еді? Халыққа шарапаты тиіп, елдің жағдайын жақсартсын деген мақсатта бірнеше жақсы жобалар, бастамашыл бағдарламалар шығып келеді.

Әуелгіде әжептәуір іс жүзеге асады, алақайлап қуанамыз, игілігін көргендердің ризашылық пікірін жариялап, бөркімізді аспанға атамыз. Алайда, көптеген істің соңы жа лғаспай, жарты жолда қалып кетіп жатады. Билік басына басқа басшы келсе, бастапқыдағы бағдарламалар баянсыз қалатыны несі?..

Айталық, Бердібек Сапарбаев облысқа әкім болғанда бірнеше мұраты ізгі жобалар жарыққа шықты. Соның бірі – «Таразға тарту» жобасы көне шаһардың келбетіне көрік қосқан еді. Тіпті, бұрын адам аяғы баспай, қаладағы қауіпті орынның бірі болып кеткен «Үшбұлақ» каналының жағалауы жаңартылып, қазір тұрғындардың серуендейтін демалыс орнына айналды. Сол секілді қараусыз қалған «Үшбұлақ-2» жағалауы да аталған жобаның арқасында қазір тұрғындардың сүйікті орындарының бірі болды. Сол жоба аудандарда жалғасып, бір жылда бір ауданға облыстың барлық аймақтары бірігіп, жаңа нысандар салып беріледі деген мүдде көзделгені де есте. Тіпті, 2022 жылы Сарысу ауданына іссапармен барған Бердібек Сапарбаев «Өткен жылы сәтті жүзеге асқан «Таразға тарту» жобасы биыл «Жаңарған Жаңатас» деген атаумен жалғасатын болады. Жоба аясында демеушілердің есебінен 14 нысанда жұмыстар жүзеге асып, аудан орталығының көркі арта түсетін болады», – дегені есте. Тіпті, сол кездегі аудан басшыларының бірі «Жаңарған Жаңатас» жобасы бойынша 14 нысанның эскизі дайын екенін де айтқан болатын. Бірақ, «Жаңарған Жаңатас» туралы бір де бір жаңалық естімедік. Себебі, ол бастаманың ғұмыры ұзаққа созылмады.

Тағы да кезінде қолға алынған жобалардың бірі асарлатып үй салып, тұрмыс жағдайы төмен, баспанасыз отбасыларға көп болып жұмылып, үй салып беру де кейін саябырсыды. Сондай жобалардың ішінде қазір аса көп айтылмаса да жалғасып келе жатқаны – «Мейірім» жобасы. Жетім және ата- анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүддесіне негізделген бұл жоба 2020 жылдың қыркүйек айында басталып, облыстағы аталған санаттағы балаларға арналған 4 мекемедегі 138 ба лаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында облыстағы 96 мекеме мен жауапты тұлғалар бекітілген болатын.

Тізім бойынша «Отбасы банкінде» 137 баланың барлығына арнайы есеп шоттар ашылған. Жаңадан бекітілген мекеме басшыларымен үшжақты келісімшарт жасалған. Тараз қаласы мен аудандардағы отбасылық тәрбиеде жүрген 1120 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында өткен жылы 920, 2022 жылы 802 демеушілермен жұмыстар жүргізілген. Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен демеушілер бекітіліп, демеуші, баланың заңды өкілі және «Отбасы банкімен» үшжақты келісімшарт жасалған. «Мейірім» жобасы аясында 1258 (2022 жылы 1325) баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардан 2023 жылдың желтоқсанында 67 миллион 884 мың теңге қаражат салынған. Балалардың есеп шотындағы жиналған қаражатты бала кәмелет жасына толғаннан кейін ғана алып, өмірлік қажеттілігіне жұмсай алады. Облыстық білім басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, биыл да жалғасады екен.

Ал, Асқар Мырзахметов облыс әкімі болған тұста «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі» пилоттық жобаны бастаған еді. 2020 жылы тоқтап қалып, 2021 жылы Бердібек Сапарбаев жалғастырған.

– Барлық бағдарлама, жобалар ха лыққа арна лған дүниелер болғандықтан да басталғанда бәрімізді қуантады. Тіпті, соның игілігін көріп қалармыз деп әрбіріміз үміттенеміз. Әттең, әп- әдемі басталып шығады да арты жоқ болып қалады. Тіпті, жоба түгілі зауыттар да ашылады да соңы бұлыңғыр болып кетеді ғой. Ондайды ойласаң, жаның ауырады. Қазір депутат ретінде аудандарды аралап, халықпен кездесіп, пікірлерін, мұң-мұқтаждықтарын тыңдап жүрміз. Сонда байқағаным – небір спорт нысандары секілді әлеуметтік маңызы бар дүниелер де әжептәуір ақша бөлініп, іс жақсы басталады да сапасыз болып шығады. Оны қайта түзеу үшін тағы қыруар қаржы керек. Бұл не сонда, халықтың ортақ қазынасындағы қаржыны желге шаша береміз бе? Неге басталған іс тап-тұйнақтай орындалып, жалғасы уақыт өткен сайын жаңарып, жанданып, шарапатын көпшілік көріп марқаймаймыз?!

Бір кездері тұрмыстық жағдайына байланысты немесе көпбалалы отбасыларына арналған жатақхана типтес көппәтерлі үй салу да тым жақсы-ақ қолға алынған еді. Жалдамалы баспанада тұрып, бала-шағасын сүйрелеп анда-мында көшіп-қонып жүрген көбіне өзіміздің қаракөздеріміз. Соларға жаңағы бастама үлкен қолдау болар еді ғой, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев.

Кезінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен де бірқатар ізгі істер бастау алған еді. Онда ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасауға үлес қосып жүрген адамдарды елге таныту негізінде «100 жаңа есім», білімді болашақ үшін «100 жаңа оқулық» және туған ел алдындағы перзенттік парызды ескертетін «Туған жерге тағзым» секілді жобалар белсенді жүзеге асып еді. Бағдарлама аясындағы жобалардың жүзеге асуын ұйымдастыратын «Рухани жаңғыру » жобалық офистері де ашылған, оларға айтарлықтай қаржы да бөлінген. Бірақ, неліктен ғұмыры ұзақ болмады?

– «Рухани жаңғыру» адамның рухани, мәдени дамуымен қатар сананың да заман талабына сай өзгеруіне негізделген бағдарлама еді. Осындай болашақ үшін қажетті бағдарламалар басталып, соңы сұйылып кетуінің себебі – біріншіден, іске асыруға келгенде жергілікті ұйымдастыруға жауаптылар мәнін дұрыс түсінбей жат ады, екіншіден науқаншылықтың жалына жармасып алады. Бағдарлама алғаш басталғанда белгілі бір ортада іс-шара, семинар, форумдар өткізіліп жүрді. Негізі «Рухани жаңғыру» тек іс-шара өткізумен шектелмейді, ол–сананы жаңғырту, трансформациялау. Мысалы, 4 бағыт, 13 бөлімнен тұрды. «Сананы жаңғырту», «Туған жерге туыңды тік», «Үнем – қоғам қуаты» деген секілді өте қажетті бастамалар болды. Туған жерінен алыста жүрген, жетістікке жеткен тұлғалардың туған жеріне көмек көрсетуін мақсат еткен «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында Бердібек Машбекұлының баст амасымен облысымызда «Жомарт түлек» жобасы ұйымдастырылды. Көптеген түлектер өз ауылын, мектебін дамытуға үлес қосты. Жобалық офистің басшысы болып тұрғанымда «Асарлатып үй салуды» Бердібек Машбекұлына ұсындым, ол кісі бірден қолдап, облыс көлемінде жүзеге асты. Менің білуімше, осы жобамен облысымызда 200-ге жуық отбасы баспанаға ие болды. Бұл бағдарламаның тағы бір кереметтілігі – ұмыт болған салт-дәстүрлерді қайта жаңарту. Жалпы айтсақ, «Рухани жаңғырудың» ең басты мақсаты – ұлттық құндылығымызды сақтай отырып, бұрынғылардың ізгі ізін жалғап, бүгінгі заман талабына сай әрекет ету. Яғни, «түбінде осындай екенмін» деп бұрынғы ескі ұстанымда қалып қоймай, жаңа уақыттың талғамына қарай дами отыра өткенімізді, түп- тамырымызды ұмытпау еді. Бірақ, ол бағдарлама 5 жылға бағдарланған, өз мүддесін орындады, – дейді Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «TARAZ24» теле арнасының директоры Зарина Қуат.

Берері мол болған бағдарлама белгілі бір уақытқа жоспарланса да одан ары дамытылып жалғасса, дұрыс болмас па еді?! Негізі жалғасы жоқ, баянсыз бағдарламалар кімге тиімді?

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support