- Advertisement -

Мырзатай оқыған мектеп

33

- Advertisement -

Халыққа қызмет еткен азаматтардың жүріп өткен жолын жас ұрпаққа дәріптесек, одан ұтыла қоймасымыз анық. Сондай биік тұлғаның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мырзатай Жолдасбеков.

Талас ауданы, Ақтөбе ауылында өмірге келген ғалымның өмірге келу барысында қызық деректер бар екен. Ол дүниеге келетін жылы ауыл үстінен сығандар тобыры өтіп, білгір біреуі айы-күні жетіп отырған Мырзатайдың анасына «Ұл туасың, баланың оң аяғы нышаналы болады, дәрежелі, дәулетті өмір сүреді», – депті. Көп ұзамай оң аяғында алты бармағы бар ұл бала дүниеге келеді. Жоғары сыныпқа дейін жоқшылықта өсіп, суық түскенше жалаңаяқ жүруге мәжбүр болған бала Мырзатай алты бармағынан ұялып, үнемі жасырып-жауып жүріпті. Ал, ауылдағы би кештері онсыз өтпейді екен, себебі баян тартатын жалғыз адам – Мырзатай. Сондай кештерде сол аяғымен оң аяғының бармақтарын түгел жауып отырады екен.

Ол 1948 жылы бастауыш мектепті бітіріп, Қызылжар (қазіргі Көшек) ауылында бөлесі Ысқақтың үйінде жатып оқиды. Сол жылы бөле ағасы ұсталып кетіп, ал жеңгесі Ысқақтың қамалғанын осыдан көріп, «Мысықтілеу, аяғың құтсыз болды, жетімек» деп жазғырған. Мынандай ызғарлы сөзден кейін көңілі суыған бала Мырзатай әлгі үйге бармай, сыныптастарының үйлеріне түнеп жүреді. Қандай жағдайда жүрсе де, білімге құштарлығынан танбаған Мырзатай бесінші сыныпты үздік бітірген. Оған мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Сағит Батчаев куәлігін беріп тұрып «Мырзатай, қаңғып жүріп, 5-сыныпты үздік бітірдің, сенің келешегің зор, келешекте кім болғаныңды көрер ме едім, шіркін. Алған бетіңнен қайтпа, қиындыққа төзе біл, сонда мұратыңа жетесің», – деп батасын беріпті. Ұстазының қанат бітірген сөздерін Мырзатай жадынан ешқашан шығармапты. Күні кеше жалаңаяқ қар кешкен бала Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, белгілі ғалым атанды. Мырзатай Жолдасбеков туралы әйгілі академик Зейнолла Қабдолов «Ол – нағыз қаламгер, сөз өнерінің өз адамы» десе, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, айтулы ақын Несіпбек Айтұлы «Мырзатайдың маған ең қымбат қасиеті – әдебиетшілігі. Ол туған халқын жанындай сүйетін атпал азамат. Мәпелеп өсірген де, осыншама дәрежеге жеткізген де, алақанына салып аялаған да қазақ халқы екендігін жан-тәнімен сезінеді», – деп бағалапты. Мұндай кісілерден баға алу ғалымның еңбегіне берілген әділ баға десек, артық кетпеспіз.

Ал, Мырзекең 1956 жылы Қаратау қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектебін бітірген. Бұл күнде 71 жылдық тарихы бар бұл білім ордасы Мырзатай Жолдасбековті мақтан тұтады. Жақында ғалым оқыған білім ошағында арнайы болған едік. Мектеп директоры Гүлжамила Тоқбергенова: «Біз мектебіміздің түлегі болған Мырзатай Жолдасбековпен мақтанамыз. Мектебімізде еңбек ететін 90 қызметкер және 640 оқушы әйгілі ғалымның әр жетістігін құрмет тұтады», –дейді.

Мырзатай ғалым аталған білім ошағының 60 жылдығы кезінде, өзінің 60 және 70 жылдық мерейтойлары кезінде аталған білім ошағында болып, бірқатар сыйлықтар табыс етіпті. Атап айтқанда, №208 қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кабинетіне құны 1 миллион 500 мың теңге тұратын интерактивті тақтаны сыйлап, мектеп кітапханасына бірқатар кітаптарын тарту етіпті. Қазіргі таңда бұл білім ошағында мемлекет және қоғам қайраткерінің шығармашылығына арналған «Өмірі – өнеге, тірлігі – тағылым» атты бұрыш бар. Жас ұрпақ ол жерден әйгілі ғалымға қатысты мол мәліметтер ала алады.

Қазақстанның Оқу министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі сынды жауапты қызметтерді атқарған Мырзатай Жолдасбеков – ел мақтанышы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support