- Advertisement -

«Тәтті мұңға» бөлеген кеш

37

- Advertisement -

Қамар Қарасаеваның қаламынан туған тұңғыш кітабы «Тәтті мұң» оқырмандарынан оң бағасын алғанына біраз болды. Оны баспасөз беттерінде және әлеуметтік желілерде айтылып жатқан ұнамды пікірлер легінен де байқауға болады. Әдебиеттің ордасы саналатын Алматыдағы кітапханалардың да Қамардың шығармашылық кешін өткізуі – кітапқа берілген шынайы баға деп білеміз.

Әдебиет – адамзатты тәрбиелейтін қазына. Толғауы тоқсан тіршіліктегі түрлі тағдырды қалмының қуатымен көпшіліктің жүрегіне жеткізу– шеберлік. «Проза» атты ұстаханада шеберлігін шыңдап жүрген әріптесіміз, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Қамар Қарасаеваның «Ұшталған қалам» атты бенефис кеші облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында да ұйымдастырылды.

Қаламгердің бенефис кеші сұрақ- жауаптан бастау алды. Жүргізуші- модератор Гүлзада Қырықбаева жазушының жан дүниесіне үңіле отырып, автордың балалық шағы мен шығармашылығына сауалдар қоя білді. Қамар Рахметуллақызы нәзік иірімге толы ыстық естеліктерімен жауап қайтара келіп, төл туындыларына туған елден жырақтағы балалық өмірі арқау болғанын айтып, шығармашылық жолында шыңдалуына себепкер болған жандар туралы сөз етті.

– Менің әдебиеттегі ұстаздарым – Кәріпжан Нүсіп, Асылбек Айдаров ағаларыма алғысым мол. Рухани өрлеу жолымда кездескен жақсы адамның бірі – Оралхан Дәуіт ағамыз. 2011 жылы сол кісі басқаратын облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне жұмысқа қабылдандым. Бас редактор жұмысқа қабылдап қана қоймай, еркін жазуымызға жол ашып, шығармашылыққа қызықтыра білді. «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғалиды, ақын Ғайни Әлімбекқызын өмірімде кездескен жақсы адамдар деп есептеймін»,–деді.

Мұнан соң «Асыл арман» студиясының балғын әншілері ән салып, бишілері мың бұрала биледі. Ерекше балаларға арналған «Болашақ» облыстық мектеп- интернатының оқушылары «Тәтті мұң» кітабындағы әңгімелер желісі бойынша көрініс көрсетсе, Тараз қаласындағы №12 мектеп- гимназиясының оқушылары кеш иесінің өлеңдерін жатқа оқыды.

Келесі сәтте журналистер Марат Құлибайұлы мен Шолпан Бөгенбаева, кеш иесінің досы Үміт Серікқызының қатысуымен сұрақ-жауап түрінде ойын ойналып, автордың бітім- болмысына қатысты ізгі тілектер айтылды. Өз кезегінде кеш қонақтары автор туындыларының елге еленіп, халыққа кеңінен жайылуына, атақты жазушы Әзілхан Нұршайықовтың оң бағасын алуына Қамар Рахметуллақызының адами қасиеттері себепкер болғанын жеткізді. Әріптестерінің айтуынша, Қамар шығармаларында автор принциптері мен ұстанымы айқын көрініп,туынды концепциясына арқау бола білген. Осыдан кейін облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған облыстық кітапхана директоры Жанна Алшынбаева, аталған кітапхананың тифло-редакторы Ербол Бегімов кеш иесі Қамар Қарасаеваның «Тәтті мұң» кітабының брайль әріпінде басылып шыққан нұсқасының тұсауын кесіп, тілек білдірді.

– Көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандарға арналған кітапты басу ісі аса ыждаһаттылықты қажет етеді. Бұл автордың жан дүниесіне де байланысты. Кей автордың мінезі қиын болса, баспа процесі де кешеуілдей береді. Ал, Қамардың шығармалары бір деммен аударылып шықты. Өйткені, мұнда жан баласына ортақ құндылықтар шынайы сезіммен суреттеледі. Біз секілді ерекше санаттағы оқырмандардың да бір өзгешелігі–туындыдан автордың ішкі тебіреніс-толғанысын бірден сезіп, танып отырамыз, – деді Ербол Бегімов.

Кеште аталған кітапхана директоры Жанна Тұрарқызы алдағы уақытта брайль әрпіне жамбылдық 17 қаламгердің кітаптары аударылатынын айтып, көпшілікке алғысын білдірді.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support