- Advertisement -

Еңбегімен елге сыйлы азамат

32

- Advertisement -

Ел іргесінің берік қалануы, кез келген бастаманың нәтижелі болуы әрбір перзенттің іс- әрекетімен өлшенбек. Игілікті істердің ұйытқысы болып жүрген, тіршілігіне кісі қызығар, пайым- парасатына жан сүйсінер текті тұлғалар, зиялы қауым өкілдері, рухани болмысы биік, жастарға үлгі боларлық ғибраты мол, халқымыздың мақтанышына айналған жандар туралы қанша мақтау айтсақ та жарасады.

Елге еңбегі сіңген жандарды кейінгі жас ұрпақ есінде сақтауы тиіс. Осы мақсатта өткен жылы «Эдельвейс-Астана» баспа үйі дайындаған «Қазақстанның Алтын кітабына», қаржы саласының ардагері, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы, облыстың Құрметті ардагері, қаржы жүйесінің үздігі және басқа да мемлекеттік марапаттарды иеленген Жарас Мұратайдың есімі енгізілді. «Қазақстанның Алтын кітабы» – бойындағы қабілетін ізденіске, қажыр- қайратын, еңбегін ел игілігіне арнаған, есімі ел есінде, еңбегі кейінгі ұрпаққа қалуға тиіс тұлғаларды бір жинаққа топтастырған өзіндік айтары бар кітап.

Тақырыбы да мазмұны сай – «Еңбегімен ер сыйлы» деп аталатын мақалада Жарас Мұратайұлының еңбегі жан-жақты ашыла түскен.

Өңірдің қадірлі азаматы Жарас Мұратайұлы ел өміріндегі аса бір сұрапыл қиын жылдарда туылып, қиыншылықты көп көріп, барлық ғұмырын еңбекпен өткізген жан. Бар саналы ғұмырын елінің дамуына, туған жерінің өсіп- өркендеуіне арнаған ауданымыздың ардақты ақсақалының өмір жолы көпке үлгі-өнеге. Оның барлық сеніп тапсырылған жұмыстардың үдесінен шығып, оны абыройлы атқарып, ел- жұртының алдында мерейі үстем, беделді, абыройы жоғары азамат екені Жуалы жұртшылығына кеңінен белгілі.

Жарас жастай колхоздың жұмысына араласты. Ересектермен бірге өгіз айдап, жер жыртты. Астық бастырып, шөп жинады. Осыдан кейін Жамбыл есеп-санақ техникумына оқуға түсті. Еңбек жолын кассирліктен бастады. Көп ұзамай Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, оны ойдағыдай бітірді.

Ел игілігі жолындағы қажырлы қызметі оны абырой биігіне көтеріп, еңбек саласындағы тасын өрге домалатты. Бақылаушы-ревизор, аға инспектор сияқты қызмет сатыларынан өткеннен кейін Жарас Мұратайұлы ұзақ жыл Луговой және Жуалы аудандарының қаржы бөлімін басқарды. Білікті басшы адал еңбегі үшін «КСРО қаржы жүйесінің үздік қызметкері», облыс әкімі, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталды. «Астана қаласына 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарын иеленді. Жерлестері бірнеше рет сенім артып, Луговой және Жуалы аудандық кеңестерінің депутаттығына сайлады.

«Қариясы бар елдің қазынасы бар» демекші, ерекше басшылық қабілеті мен адал еңбеккерлігінің арқасында Жарас Мұратайұлы құрметті зейнет демалысына шыққан соң да бірнеше жыл аудандық пошта бөлімін, Жуалы аудандық «Отан» партиясының атқарушы директоры қызметін атқарды. 2003-2018 жылдардың ішінде аудандық ардагерлер ұйымы өңірдегі іргелі құрылымға айналып, Жарас ағаның басқаруындағы көптеген игілікті істердің бастауында тұрды.

Өз ортасында сыйлы азамат отбасында асыл жары Бейбіткүл Сәулембаевамен өнегелі жанұяның нақ үлгісін көрсетуде. Жарас Мұратайұлы мен Бейбіткүл Қыраубайқызы отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, әрбірінің жеке тұлға болып қалптасуына өз үлестерін тигізе білген өнегелі ата-аналардың қатарынан. Өңір дамуына еңбек сіңірген ардагерлер бүгінде немере-шөберелерінің қызығына кенеліп отырған бақытты жандар.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support