Жаңалықтар
Бет-әлпет танитын технология немесе бейнеталдау деген не?
- author «Ақ жол»
- 16 ақпан, 2024
- 239
Бет-әлпет танитын технология немесе бейнеталдау деген не?
Жуырда ғана Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, онымен қоса тәуекел аймақтарды тез анықтайтын кешенді жүйені бекіту керектігін айтылған болатын. Солардың бірі – бейне талдау жүйесі немесе бет-әлпет танитын технология. Жалпы бет-әлпет танитын технология жайлы не білеміз? Түсіндіре кетейік. Яғни, бұл технологияның жұмыс процесі мен оның мүмкіндіктері жайлы біраз ақпарат жинап, сіздерге ұсынуды жөн көрдік.
Бұл – адамның бет-әлпеті арқылы тануға арналған биометрия технологиясы. Ол үшін әуелі деректер базасы жинақталады. Яғни әр адам камераға түсіріледі, одан кейін фото-видео материалы дерек өңдеу жүйесіне жіберіледі.
Мұнда бет-әлпет суреті белгілі бір тәртіппен нүктеленіп шығады, әр нүктеге цифр беріледі, артынша ол математикалық алгоритм арқылы өңделеді. Осының нәтижесінде камераға түскен адамның бет-жүзі «кестеленген» файл түріндегі ерекше форматта базада сақталады. Оны қайта өңдеу, өзгерту мүмкін емес. Келесі жолы камера дәл осы нүктелі файл арқылы керек адамды жылдам тауып ала алады. Базаға бір қосылып қойсаңыз болды, камераға іліккен сәтте-ақ жүйе өзі есептеп, керек деректі анықтап қояды. Яғни бұл технологияны алдау қиын, тіпті мүмкін емес.
Бет-әлпетті тану әдісін кей мемлекет қылмыскерлерді, жоғалған адамдарды жылдам табу үшін қолданады. Сондай-ақ сауда орындарында осы технология көмегімен жылдам төлем жасау мүмкіндігі де бар. Ол аз десеңіз, Қытай бұл әдісті қауіпті ауру таралуының алдын алу үшін де пайдаланып жүр. Мәселен, коронавирус пандемиясы кезінде камералар әуежайда немесе адам көп жиналған жерде маска тақпай жүрген, яғни сырқат симптомы байқалған адамды да тауып беріп отырған.
Ал АҚШ мектептері мен лагерьлерінде бет-әлпетті тану технологиялары 2019 жылдан бастап қолдана бастаған. Мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мектептер өз территориясында жүруге тыйым салынған адамдардың фотосын алып, бір базаға жинайды. Аулаға, ғимарат ішіне қойылған камералар базадағы адамды «танып қойса», бірден мектеп әкімшілігіне хабарлама барады. Face ID жүйесі жемқорлықпен күресте де мықты құрал болмақ Мектеп, балабақша сынды мемлекеттік мекемелерде қызметкер ретінде тіркеліп, айлық алып, бірақ іс жүзінде мектеп табалдырығын аттап баспаған жалған қызметкерлерді анықтауға болады.
Бейнеталдау арқылы қызметкердің мектепке кіріп-шыққаны расталмаса, жемқорлық фактісі дәлелденді дей беріңіз.
Face ID халық көп жиналатын спорт іс-шаралары, түрлі концерттерде террорист, бүлікшілерден қорғану үшін де маңызды. Онымен қоса, бұл жүйе алып-сатарлардың кәсібіне тосқауыл бола алады. Сайт арқылы бір ЖСН иесіне тек бір билет сатылған жағдайда, әп-сәтте билеттердің барлығын сатып алып, 2-3 есе қымбатқа сату мәселесі де шешілер еді.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді