- Advertisement -

Үкіметтік емес ұйымдар да ұлтқа қызмет етеді

39

- Advertisement -

Елімізде қоғамдық мәселелерді шешу мақсатында жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар арасынан құрылған одақтар бар. Бұл одақтар Қазақстан Республикасы заңнамасында үкіметтік емес ұйым деп аталады. Мұндай ұйымдардың мақсаты – табыс табу емес, ресми институттардың қатысуынсыз жеке тұлғалар және басқа да қоғамдық ұйымдар құрған, өз қызметін жарғы негізінде және өз қаражатына жүзеге асыру. Үкіметтік емес ұйымдардың демократиялық процестердегі рөлі маңызды. Сондықтан олар мемлекет пен бизнеске тең үшінші сектор болып саналады.

Бүгінгі үкіметтік емес ұйымдар қызметінің бағыттары әлеуметтік саланың барлық бөлігін қамтиды. Олардың қатарында жастар саясаты мен балалар бастамасы, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын қолдау, білім және ғылым, спорт және дене тәрбиесі, саламатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, гендерлік мәселелерді шешу, қоршаған ортаны қорғау, өнер мен мәдениетті дамыту саласында жұмыс істейтін ұйымдар бар. Сондай-ақ, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға, тарихи-мәдени құндылықтарды қорғауға, мемлекеттік тілді дамыту, демографиялық проблемаларды шешуге бағытталған қоғамдық бірлестіктер бар. Жалпы, дамыған елдердің тәжірибесі мен қазіргі жаһандық үрдістер белсенді азаматтық қоғам орнықты, құқықтық және демократиялық мемлекет қалыптастыру үшін негіз болатынын растайды. Осыған байланысты елімізде азаматтық ресурстық орталықтардың қызметін нығайту және кеңейту өзекті болып отыр.

Жалпы, елімізде 23 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым бар, оның 878-і біздің облыста тіркелген. Нақтырақ айтқанда, 493 ұйым іс жүзінде жұмыс істесе, оның 75-і этномәдени бірлестіктер, 7 саяси партия, 11 конфессиядан тұратын 379 діни бірлестік тіркеліп, қызмет көрсетіп отыр. Қалған 200-ге жуығы белсенді ұйымдар.

Азаматтық қоғам институттары елде және аймақта атқарылып жатқан іс-шаралар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүргізуде өздерінің оң септігін тигізуде. Облыс әкімдігі өңірдің көптеген маңызды әлеуметтік- экономикалық мәселелерін шешуге үкіметтік емес ұйымдарды, азаматтық секторды тарта отырып, белсенді жұмыс атқаруды мақсат етеді. Оның бір дәлелі – былтыр 11 қыркүйекте өткен үкіметтік ұйым мүшелеріне арналған Жамбыл облысының ХІ-ші Азаматтық форумы. «Мемлекет. Қоғам. Әділетті Қазақстанды құрудағы әріптестік» тақырыбында ұйымдастырылған форумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен еліміздің 8 өңірінен келген ішкі саясат басқармасының өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты. Мұндай форумдар басты диалог алаңы, онда өзекті мәселелер талқыланады, үкіметтік емес ұйымдарды одан әрі дамыту және азаматтық сектор мен билік арасындағы өзара іс-қимылды нығайту үшін стратегиялық міндеттер қалыптастырылады. Жиын барысында елімізде азаматтық сектор жұмысының даму барысын, қоғамдағы ашық диалогтың қалыптасуы турасында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров мәлімдеді. Бәріміздің ортақ үйіміз – мемлекетіміздің нық қадам басып, өркендеуі үшін азаматтық қоғам белсенді болуы керегін тілге тиек еткен республикалық азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева үкіметтік емес ұйымдарға міндеттелер жауапкершілік жоғары екеніне тоқталған болатын. Іс-шара соңында облыста жиырма жылдан астам уақыт қоғамдық бірлестіктің жұмысын үзбей жүрген өңірдің бірқатар үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталары, Жамбыл облысы әкімінің, Қазақстанның азаматтық а льянсының Алғыс хатт арымен марапатталды. Сондай-ақ, форум барысында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау шараларын көрсету, оның ішінде гранттарды қаржыландыру және маңызды жобаларды іске асыру үшін «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен облыстың бірнеше ірі кәсіпорындары арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.

Азаматтық қоғамды дамытудың тағы бір жолы ретінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесін алып қарасақ болады. Осыған орай, биыл облысымызда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға шамамен 1 миллиард 61 миллион 834 мың теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа 135 әлеуметтік жоба жүргізу жоспарлануда.

Азаматтық қоғам өкілдері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүргізу кезінде әлеуметтік мәні бар салалардағы мақсаттарға қол жеткізуді көздейді. Мысалы, өткен жылы «Елу жылда – ел жаңа» қоғамдық бірлестігімен «Отбасы институтын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру» әлеуметтік жобасы аясында бірнеше жоба ұйымдастырылды. Аймақта отбасы және отбасылық құндылықтар институтын нығайту, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, халық арасында гендерлік мәдениетті ілгерілету мақсатында «Отбасын қолдау мектебі» білім беру мектебі бойынша 5 оқыту семинары, 5 тренинг, 5 дәріс өтті. Сонымен қатар, «Томирис» ақпараттық білім беру бағдарламасы бойынша 5 семинар, 5 тренинг, форум және облыстың табысты қыз-келіншектері туралы «Табыс тарихы» атты 5 бейнеролик түсірілді. Ал, «Жас отбасы» ақпараттық курсы бойынша 3 семинар, 3 шеберлік сағаты, «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» акциясы, 10 конкурс және қыздар арасында облыстық шахмат турнирі өткізілді. Аталған іс-шаралардың барлығы облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырмасымен орындалды.

Өңіріміздегі қоғамға пайдалы жұмыс атқарып жүрген бірнеше үкіметтік емес ұйымдарға тоқталсақ. Белсенді жұмыс істеп жатқан ұйымның бірі – иппотерапия, тірек-қимыл аппаратында ақауы бар балалардың белсенділігін арттыру, өмірге бейімдеу мақсатында құрылған «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі. Ұйым басшысы Әйгерім Дәулетбаеваның айтуынша, аталған бірлестік мүгедектігі бар адамдардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, оңалту, әлеуметтену, оларды өмірдің барлық салаларында қоғамдық өмірге біріктіру бағыты бойынша жұмыс атқарады. Бұл ұйым соңғы үш жыл ішінде 150-ге жуық тірек-қимыл аппараты мен жүйке жүйесінде ауытқуы бар балаларға қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, 22 қызмет алушы балада эмоционалды тұрақтылық пайда болған. Өз бетінше атқа отыра алмайтын тірек-қимыл аппаратында ауытқуы бар 18 қызмет алушы нұсқаушының көмегімен атқа өз бетінше отыра алатын дәрежеге жеткен. Бірлестік тарапынан 1000-нан астам іс-шара өткізілген. Сонымен бірге, «Нұр Бала», «Үміт», «Иппотерапия» «Инватакси», «Қолжетімді дүкен», «Жүректен – жүрекке», «Ертеңге таза көзқарас», «Жақсылық кемпірқосағы – Жарық», «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз!», «Біз бір командамыз» «Инва туризм», «Жасыл ел жауынгерлері», «Жақсы қызметтер бюросы», «Жазғы сауықтыру лагері» фестивальдері, «Мен – өзім» сынды 60-қа жуық ірі әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылған.

Келесі ұйым – «Жамбыл облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі. Меруерт Лештаева басқаратын ұйым әйел азаматтарының мәртебесін көтеру, іскерлікке баулу, көпбалалы аналарға жол көрсету, отбасылық ұлттық тәрбиені насихаттау мақсатында құрылған. Аталған ұйым облыста іскер әйелдердің жоғары мәртебесі мен имиджін қалыптастыру, бастаманы дамытуға, әйелдер көшбасшылығы мен кәсіпкерлігін ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға және гендерлік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бірлестік «Әйел және бизнес» бағыты бойынша «Іскерлік байланыстар», «Менторинг», «Мастерминд» ұйымдастырды. Ал, «Әйел және жұмыспен қамту» бағыты бойынша «Білгеніңмен бөліс» авторлық бағдарламаларын жүзеге асырады. Ұйым «Отбасын қолдау мектебі», «Саналы ата- ана мектебі», «Жас отбасы» ақпараттық курсы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен агрессорларға арналған консультациялар, қоғамдық қабылдаулар, тренингтер, «Отбасы – өнер ордасы», «MamaFest» отбасылық шығармашылық фестивальдері, қыздарға арналған «Chess ханшайымы – Taraz» облыстық шахмат турнирі, «Ынтымағы жарасқан отбасы», «Дәстүрге жол» атты отбасылық марафондарын жыл сайын ұйымдастырады.

Терминалдық онкологиялық ауруы барларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, өмірге қауіп төндіретін аурумен байланысты проблемаларға тап болған науқастар мен олардың отбасыларының өмір сүру сапасын жақсартуға негізделген «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қоры» көптеген пайдалы жұмыстар атқаруда. Ұйым онкологиялық аурумен ауыратындарға әлеуметтік, психоәлеуметтік және рухани қолдау көрсету бағытында және «Әйелдердің репродуктивті денсаулығын насихаттау жөніндегі әлеуметтік қызмет, аурулардың алдын алу», «Үйде күтім жасау жағдайындағы әлеуметтік арнаулы қызметтер», «Паллиативті» көмек дағдыларын үйрету бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, жастарды паллиативтік көмек көрсетуге еріктілер қозғалысына тарту бойынша жобаларды жүзеге асырады. Студенттермен бірлесе көптеген акциялар, семинар- т ренингтер, дөңгелек үстелдер, дәрістер, практикалық сабақтар тұрақты жүргізеді.

Облыстағы осал топтағы аналарға қолдау көрсетіп, еңбекке баулып, отандық өндірістің дамуына үлесін қосуына бағыт беретін ұйым – «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі. Қайсар жан Анар Бексұлтанова басқаратын ұйым мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта ұйымдастыра отырып, олардың кәсіп ашуына жәрдемдеседі. Орта және кіші бизнес иелеріне өз бизнесін дамытуға жол көрсетіп, тәжірибемен бөліседі. Нәзік жандыларға бағыт-бағдар беріп, әлеуметтік статусын көтеруге көмектеседі. Мысалы, арулар өзі жасаған өнімдерін нарыққа шығара алады. Ұлттық дәстүрлі бұйымдарды заманауи жаңғырту және күнделікті қолданысқа енгізеді. Ұйым «Президент назарына ұсынылған көрмені ұйымдастыру» мәртебесіне ие болған. «Ұмыт болған оюлар» фестиваліне атсалысып, қолөнер шеберлерінің керемет туындылары жарыққа шығарылды. Аталған бірлестік екі жыл қатарынан өткен «Тараз қолөнершілер қаласы» халықаралық көрмеге жүзге жуық аналарымыздың қатысуына себепші болды. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі аналарға тегін тігін курсын оқытуда.

Ал, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы қоғамда саналы ата-ана мәдениетін ата-аналармен бірге қалыптастыру, оларға бала тәрбиесінде педагогикалық және психологиялық қолдау көрсету бойынша қызмет етіп келеді. Бүгінде бірлестікке республика бойынша 120 000-нан аса ата-ана мүшелікке тіркелді. Ұйымның 16 филиалында 61 педагог маман және психолог жұмыс атқарады. Сондай-ақ, азаматтық белсенділігі жоғары және бала тәрбиесінде айтары бар түрлі саланың 247 сарапшысы бірлесе жұмыс жүргізуде. Ұйым тарапынан еліміз бойынша 126 000-нан астам ата-анаға 16 910 түрлі іс-шара, оның ішінде 57 ірі форум, 3 симпозиум, 3767 семинар- тренинг, 600-ге жуық отбасылық сайыс өткізілді. Республиканың алты өңірінде әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Оның ішінде облысымызда 7 апталық «Саламатты ата-ана мәдениеті» атты отбасылық даму марафоны ұйымдастырылды. Марафонға 400 отбасы, 800-ге жуық ата-ана, 1600 бала қатысқан. Сонымен бірге Тараз қаласы мен аудандарда «Әке – отбасының тірегі» атты әкелер форумы өткізілді. Ал, «Балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары психолог мамандарға жүгіне ме?» жобасы аясында тұрғындардың көзқарасын зерделеу мақсатында әлеуметтік зерделеулер жүргізіліп, аудандарда «Балалардың репродуктивті және жыныстық тәрбиесін қалыптастырудағы ата-ананың рөлі» атты семинары өткізілді. Ата-ана мәдениетін қалыптастыру мақсатында ата-аналар жиналысына қатысып, тығыз байланыста жұмыс жасалуда.

20 жылға жуық уақыт ішінде облыстық деңгейдегі, аудандағы азаматтық бастамаларды дамыту, жастарды, азаматтарды азаматтық қоғамға тарту, қоғамдық өмірге белсене атсалысуға көмектесіп келе жатқан ұйым –«Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігі. Нильзия Рахишева басқаратын ұйым соңғы 3 жылда «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ауқымды жобаларының жеңімпазы атанып, Байзақ, Меркі, Жамбыл аудандарында жұмыссыз жүргендерді азаматтық қоғамға тартып, кәсіпкерлікпен айналысуға жобаларын қаржыландырып келеді. Сондай-ақ, жалпыұлттық «Біргеміз қамқор» атты жобасы аясында Сарыкемер және Ынтымақ ауылдық округтерінде жағдайы төмен, жалғызбасты қарттарға қолдау шараларын ұйымдастырды.

Отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту мақсатында құрылған «Елу жылда – ел жаңа» қоғамдық бірлестігі 100-ден астам әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және жалғызбасты аналарға психологиялық, құқықтық тұрғыдан қолдаулар көрсетті. Ұйым ұлттық құндылық белгілі бір бағытты, мақсатты, жүйелі ұлттық көзқарасты, мінез-құлықтағы адамдық тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыру жолында іс-шаралар ұйымдастырады. Мысалы, ене мен келіннің қарым-қатынасын үлгі ретінде көрсету үшін байқау өткізіп, оған 5 отбасы мүшесі қатысты. Сондай- ақ, көпбалалы аналарға қолдау көрсету, ана мен қызының арасындағы құрмет сезімін тәрбиелеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Food Fest — Taraz» аспазшылар фестивалін өткізді. Көпбалалы және жалғызбасты әйелдерге арналған «Ұлттық құндылықтарды жаңғырту және заманауи кәсіптерді игеру» атты шеберлік сағатын ұйымдастырды. Осы жоба аясында 6 жұмыссыз әйел тұрақты жұмысқа орналасқан.

Өңіріміздегі келесі бір белсенді ұйым – «Волонтерлік қызмет». Әртүрлі топтардағы азаматтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету, өзара көмек және мейірімділік сезімін қалыптастыру мақсатын көздеген еріктілер қоғамға көп пайдасын тигізуде. Облыс аумағында волонтерлік қызметпен құрамында 10 мыңнан аса еріктілері бар 13 ұйым айналыcады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық ресурстық орталықтарының жанынан 12 волонтерлік топ құрылды. Сонымен қатар, облыстық жастар басқармасы жанынан «Қамқор» еріктілер тобы құрылған болатын. Аймақта 2019 жылдан бері «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері жұмыс істеп келеді. Жоба аясында 13 мың отбасыға 42 мың тонна киім-кешек үлестірілген. Волонтер жылы аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен 7,3 миллион теңгеге 21 волонтер-жасқа 300 мың теңгеден гранттар бөлінген. Волонтерліктің 12 бағыты бойынша жалпы саны 869 іс-шара өткізіліп, оған 13 мыңға жуық жас қатысқан.

Тағы бір жастарға арналған ұйым – «Студенттік құрылыс жасақтары». Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының үйлестіруімен студенттік құрылыс жасақтары құрылып, Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс нысандарына маусымдық жұмысқа жолданды. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан ұсынылған 7 құрылыс нысанына 100 студентті қамту мүмкіндігі қарастырылған. Биыл бұл көрсеткіш өседі деп жоспарлануда. Ұйымның мақсаты–аймақта жастарды еңбекке баулу, маусымдық жұмыспен қамту, олардың азаматтық белс енділіктерін арттыру және жастар арасындағы қылмыстылықтың алдын алу. Былтыр 12 маусым мен 12 тамыз аралығында басқарманың студенттік құрылыс жасағына М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, №9 Меркі колледжі тарапынан 96 студент қосылып 7 құрылыс нысанына жұмыс жасаған. Құрылыс нысандарында студенттік жасақтар жатын орынмен және 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Сондай- ақ, студенттік жасақтарға 120-160 мың теңге көлемінде жалақы төленген.

Ал, «Komek.demeu.kz» қоғамдық қоры – азаматтардың құқықтық- саяси сауаттылығын, азаматтық белсенділігін, көшбасшылық пен басшылық қабілеттерін арттыру және саласына қарай әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру бойынша жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Абзал Мұқатаев басқаратын ұйым 7 жыл ішінде тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету, мәдени, экономикалық өркендету, тұрғындардың білім деңгейін көтеру және басқа да қоғамға пайдалы мақсаттарды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, «Мобилографияның 5 қыры», «Жастар арасында футболдан турнир», «Дін саласында ақпараттық түсіндіру және ағарту» іс-шаралары ұйымдастырылды. «Жамбыл облысының діни ахуалын зерттеу» және жұмыссыз жастарды анықт ау мақс атында «Адре стік жұмыстар» сауалнамасы жүргізілді. «Бос жұмыс орындар» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 150-ге жуық жастар мен жергілікті тұрғындар қатысқан. Нәтиже сінде «Жұмыспен қамту орталығы» 62 бос жұмыс орындарын ұсынған және 18 жас мемлекеттік бағдарлама арқылы жолдама алуға жіберіліп, 16 жасқа Отбасы банкінен депозит шоты ашылған. Былтыр «Жаст ар рухы» жаст ар қанаты және облыстық төтенше жағдайлар департаменті бірлесе «Қауіпсіз қала» акциясын өткізді.

Ал, жастардың және жасөспірімдердің саяси-құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділігін арттыру, ауыл жастарының бастамашыл жобаларын қолдау, олардың мәдени- әдеби талантты жастарына қолдау мақсатында құрылған «Жаңа – ру» жастар коалициясының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі 2012 жылдан бастап жұмыс атқарып келеді. Рысқали Қадіров басқаратын бірлестік 70-тен аса мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырып, қоғамның дамуына үлес қосуда. Нақтырақ айтқанда, «саналы Talks» интеллектуалды идеяларды талқылау, «QazIQ» интеллектуалды ойыны, «Қоғамдық лекция» кәсіби мамандардың өз тәжірибелерімен бөлісу, «Qamqor» қайырымдылық жобалары мен «Sana» көшбасшылар мектебі, интеллектуалды квест ойындарын және «QJL» футбол ойындарын жүзеге асырды. Бірлестік тарапынан адам құқығын қорғау, қоршаған орта мен экология, гендерлік мәселелер, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобының мүдделерін қорғау сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларда және әр жеке тұлғаның мүддесін қорғау мақсатында жұмыстар атқарылған.

 

Назерке СӘНДІБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support