«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бағдарлама мақсаты – сапалы және қолжетімді қызмет

Бағдарлама мақсаты – сапалы және қолжетімді қызмет
ашық дереккөз
Бағдарлама мақсаты – сапалы және қолжетімді қызмет
Адамзаттың басты байлығы – денсаулық. Оны сақтап, қорғау үшін халыққа медициналық қызметтің қолжетімді болуы маңызды. 2020-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық бағдарламасының мақсаты – дені сау ұлт қалыптастыру. Бүгінгі таңда, халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту мемлекет үшін маңызды мәселе. Ол үшін медициналық технологиялардың дамуы және медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсуі қажет. Бұл жайында Президент «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек», деп нақты атап көрсетті. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру, екі жыл ішінде Мемлекет басшысы айтқандай, 650 елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, 32 көпбейінді аудандық аурухана ұйымдастырылатынын алға тартты. Байзақ ауданында да 2023 жылы жаңа емхананың, Түймекент, Абай, Байзақ дәрігерлік амбулаторияларының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. 2024 жылы Жетібай мен Дихан ауылында дәрігерлік амбулаториялардың жаңа ғимараты пайдалануға берілмек. Бұл халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға үлес қосатыны сөзсіз. Ал кадр тапшылығына келсек, бүгінгі таңда Байзақ ауданы бойынша маман жетіспеушілігі 4 бірлікті құрайды. Атап айтқанда, жұқпалы аурулар дәрігері, құлақ, мұрын, тамақ дәрігері, УЗИ-ст дәрігері, фтизиатр дәрігері керек. Қазіргі кезде резидентурада оқып жатқан дәрігерлерді жұмысқа тарту жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін 2023 жылы біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Аудандық аурухананың және емхананың бөлімшелеріне, фильтр кабинетке SOS жүйесі орнатылды. Палатада жатқан науқастар қажет кезде, кнопка арқылы керекті медицина қызметкерін шақыра алады. Одан бөлек, ота бөлімшесіне «БИОС» аппараты орнатылды. Хирург дәрігерлер осы жаңа аппараттың көмегімен ашық сүйек сынықтарын репозициялау арқылы ота жасап, сүйектің тез жазылып кетуіне себепші болып жүр. Өткен жылы офтальмология кабинетіне жаңа аппарат Фундус-камера алынды. Бұл камера арқылы көз торындағы өзгерістерді, көз түбін көруге болады. Аурухана және емханадағы барлық аппараттар ПАКС жүйесіне қосылды, енді әрбір дәрігер тексеру қорытындысын базадан көре алады. Зертхана бөлімшесіне ЛИС SmartLab ақпараттық жүйесі орнатылды. Соған сәйкес анализ нәтижелері Даму мобильді қосымшасы арқылы тікелей пациенттерге жіберіледі. Жаңа емханада жаңа құрылғылармен жабдықталған реабилитация бөлімшесі ашылып, жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде қазір аудан тұрғындары Тараз қаласына барып, әуре болудан біршама құтылды. Қорыта айтқанда, халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету – бүгінгі күннің басты мәселесі. Осындай мәселелерді шешу үшін медицина қызметкерлері қолдарынан келгенін аянбауға тиіс.  

Жандос РЫСҚҰЛОВ,

Байзақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.

Ұқсас жаңалықтар