Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
ашық дереккөз
Әлем жаңалықтары

Венгрия президенті отставкаға кетті

Венгрия президенті Каталин Новак қызметінен кетті. Бұған оның қылмыскерге рақымшылық жасауы себеп болған. Осыдан бірнеше күн бұрын президенттің мемлекеттік балалар үйінде бірнеше жеткіншекке сексуалды әлімжеттік жасаған ер адамды жазадан босатқаны туралы ақпарат тарап, қоғамда үлкен шу тудырды. Көшеге шыққан мыңдаған халық Новактың орнынан кетуін талап еткен. Ақыры ол елден кешірім сұрап, қызметінен кетуге мәжбүр болды. «Рақымшылық жасау құқығы – ең нәзік міндет. Мен күдіктінің кінәсіздігіне сеніп, өткен жылдың сәуір айында оған рақымшылық жасау туралы шешім қабылдадым. Бірақ қателесіппін. Өйткені, педофилияны кешіруге болмайды. Бұл менің президент ретіндегі соңғы сөзім», – деді ел тарихындағы тұңғыш әйел президент халыққа үндеуінде. Енді Венгрия парламенті 30 күн ішінде жаңа мемлекет басшысын сайлайды.

Қауіпсіздік кеңесін шұғыл жиналысқа шақырды

Сауд Арабиясы Газа секторындағы гуманитарлық апаттың алдын алу үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шұғыл отырыс өткізуге шақырды, деп хабарлайды Анадолы агенттігі. «Қоршаудағы Газа секторының оңтүстігінде орналасқан Рафах қаласына жасалған шабуылдардың салдары өте қауіпті болады», – делінген Корольдік Сыртқы істер министрлігінің Израильдің жердегі ықтимал операциясына байланысты мәлімдемесінде. Рафах – Израильдің жауыздық агрессиясынан қашуға мәжбүр болған жүздеген мың бейбіт тұрғындардың соңғы баспанасы. «Біз онда пана іздеген адамдарды мәжбүрлеп эвакуациялауды қабылдамаймыз және қатаң айыптаймыз», делінген хабарламада. Сауд Арабиясы тез арада атысты тоқтатуға шақырып, Израиль себеп болуы мүмкін жаңа гуманитарлық апаттың алдын алу үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізу қажеттігін мәлімдеді.

Бюджет тапшылығы салықпен өтелмек

Алдағы он жылда АҚШ-тың қарызы 54 триллион доллардан асады, ал федералды бюджет тапшылығы 20 триллион долларға жетеді. Мұндай болжамды мерзімінен бір ай бұрын Конгресстің бюджеттік басқармасы жариялады. Байден әкімшілігі салықты арттырып, оларды тиімді жинауды бюджет тапшылығын азайтудың бір жолы ретінде қарастырып отыр. Салық басқармасының мәліметі бойынша, АҚШ-та есептелген және төленген салықтардың арасындағы айырмашылық жылда 600 миллиард долларға өсіп келеді. Алшақтықты қысқарту үшін технологияларды, операцияларды және құқық қолдану мүмкіндіктерін жақсартуға байланысты салық қызметін жаңғырту жүргізілуде. Осының арқасында мерзімі өткен және төленбеген салықтарды жинау мүмкіндігі артады. Қаржы министрлігі бұл шараларға 80 миллиард доллар көлеміндегі инвестиция келесі онжылдықта қосымша 560 миллиард долларға жуық салық түсімін әкелуі мүмкін деп мәлімдеді.

Ең озық спектрлік телескоп

Экзопланеталарды іздеуге арналған үлкен спектроскопиялық телескоп құрылысын аяқтау және пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі. Бұл телескоп Қытайдың солтүстік-батысындағы Сайшитэн тауында салынады. Апертурасы 4,4 метр телескоп мақсатты дереккөздер арасында жылдам ауысуға қабілетті, бұл спектрлік бақылауды уақытында жүргізуге мүмкіндік береді. Ғалымдардың айтуынша, бұл бірнеше салада, соның ішінде астрономия мен экзопланеталарды зерттеуде бірқатар серпінді зерттеу нәтижелерін береді деп күтілуде. «Ол ұзақ уақыт бойы Қытайдағы ең озық спектрлік телескоп болып қала береді», – делінген Шанхайдың «Цзяотун» университетінің хабарламасында. Бұл жабдық бір уақытта көпмақсатты және жоғары дәлдіктегі спектрлік бақылау жүргізуге мүмкіндік береді және ол осындай бақылау жүргізетін бірінші құрал болмақ.

«Оскар» жүлдесінде – жаңа номинация

Әлемдегі ең беделді «Оскар» кино сыйлығы 2026 жылы жаңа номинация қосатын болды. Америкалық Кино өнері және ғылымдары академиясы үздік кастинг үшін жүлде беретінін жариялады. Бұл туралы ВВС жазды. 2002 жылы «Үздік анимациялық фильм» қосылғаннан бері бұл бірінші жаңа номинация болады. Соңғы жылдары кастинг директорлары дыбыс режиссерлері, костюмерлер және гримшілер сияқты басқа киноиндустрия кәсіпқойларымен тең дәрежеде танылды. «Кастинг- директорлар фильм түсіруде маңызды рөл атқарады және Академия дамып келе жатқанда, біз танитын және атап өтетін пәндер қатарына кастингті қосқанымызды мақтан тұтамыз», – делінген Академияның бас директоры Билл Крамер мен президент Джанет Янгтің бірлескен мәлімдемесінде.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар