Қазақтың киесі киіз үй

Қазақтың киесі киіз үй
ашық дереккөз
Қазақтың киесі киіз үй
Киіз үй – қазақтың қасиеті. Оның әр бөлшегіне дейін қымбат. Басқұр, туырлық, түңлік, ілме киіздері де қазынадай қымбат. Ақ жаулықты әжелеріміз ауыл балаларын жинап, әп-сәтте басып алатын текеметтің ою-өрнегі қандай керемет! Шопанның баласы болғандықтан, киіз үйде сәби кезімізден тәрбиеленіп, есейдік. Қазақтың қаншама буыны қазақтың киіз үйінде есейді. Бабаларымыздың бір шеге, бір кірпіш пайдаланбай-ақ, осындай керемет баспана жасағанына қалай таңданбайсың?! Ол кезде жайлаудағы малшылар түгілі, ауылдағы тұрғындардың ауласында да жазда киіз үй тігіліп тұратын. Тіпті, кейбір өсіп-өнген әулеттер екі киіз үй тігіп қоятын. Қара домалақтар сол үйге кіріп-шығып, ойнап жүріп-ақ есейіп кететін. Әке-шешем малды өткізіп, зейнетке шыққаннан кейін де анамның киіз үйі болды. Ауыл орталығындағы қара шаңырағымызға әлгі киіз үй 18 жыл бойы тігілді. Соңғы жылдары киіздері, уық, керегелері біраз тоза бастады. Анам өмірден қайтқан соң үш жыл тігіліп, сол киіз үй тозығы жетіп, жарамсыз болып қалды. Әттең, анамның көзіндей еді. Қазір уақыт басқа. Ауылда жазда есігінің алдына киіз үй тігетіндер азайды. Одан да заманауи сарай салып алғанды дұрыс көреді. Жақында бір жағдайға риза болдым. Талас аудандық білім бөліміне қарасты балалар мен жасөспірімдер орталығы өткізген оқушылар айтысына арнайы қонақ ретінде шақырылдым. Аталған орталықтың директоры Айгүл Бескемпір бұл іс-шараны басқа форматта өткізуді ойлапты. Ғимарат ішіндегі кең бөлмеге жартылай киіз үй орнатып, оны қазақы құндылықтармен тегіс жабдықтапты. Жоғарыда біз айтқан басқұр, туырлық, түңлік, ілме киіздерді, текеметті сол жерден кездестірдік. Киіз үйдің бір бұрышында оюлы сандық, оның үстіне қазақы жүк жиналыпты. Киіз үйдің бір қанатына ат әбзелдері – ер-тұрман, қамшы қойылса, екінші қанатына диірмен, келі, саба мен күбі сән беріпті. Қазақы дәстүрмен жайылған дастарханға ыстық бауырсақ, қымыз қойылыпты. Мекеме қызметкерлері де, жас айтыскерлер де тегіс ұлттық киім киген. Бұл аудандық оушылар айтысында қаратаулық Әсемай Сейдакбарова мен аққұмдық Нұрайым Боранбай топтан озып, облыстық кезеңге жолдама алды. Бірақ, жолдама алмаған жас ақындар да ұтылған жоқ. Олар өздерінің көңілдерін қазақы құндылықпен байытып қайтты. Бұл қазақылыққа таластық айтыскер Нұржан Манатбек те куә болып, ризашылығын білдірді. Орталық басшысы Айгүл Шәймерденқызының бастамасына сүйсіндік. Бұл – қазақы болмысты жаңарту. Қазақтың киесі – киіз үй!  

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар