Қызтоған

Қызтоған
ашық дереккөз
Қызтоған
Өңіріміздегі жер, су атауларының қайбіріне үңілсең де өзіндік тарихынан сыр шертеді. Облысымыздың бұрын «Әулие-Ата», «Мирзоян», «Тараз» атануының да тарихи себептері бар. Кейіннен Жамбыл облысы аталуы да ұлы жырау Жамбыл Жабаев есімімен тікелей байланысты. Жуалы ауданындағы Қызтоған елді мекені де тарихи сырға толы. Үлкен сай арнасында орналасқан бұл халық тұрағының жан-жағы таумен қоршалған. Маңайынан өтіп бара жатқан адамға көрінісі көп ой салары анық. Түпсіз терең өзеннің тартылып кеткен бұрынғы орны ма деп те қаласың. Қысқы көрінісі қауіпті, көктемдегісі өте көркем көрінеді. Көнекөз қариялардың айтуынша, Ұлы Отан соғысы кезінде бұл ауылдағы еркек атаулының барлығы майданға кеткен екен. Ел басына күн туған нәубетті шақтарда ауыр тұрмысты бастан кешірген тұрғындар тіршілік қамын өздері жасауға кіріседі. Мал мен жанды асыраудың жауапкершілігі әйелдерге түседі. Шағын елді мекеннің бойжеткендері бірігіп, ауылдан тоған қазған екен. Сол тоғанның суына мал суғарып, бау- бақшасын нәрлендірген. Ауыл тұрғыны Рәт Бердалиевтің айтуынша, елді мекеннің Қызтоған аталуы 1941-45 жылдардағы соғыспен тікелей байланысты. – Елде қалған жетім-жесірлердің тылдағы тағдыры өте ауыр болды. Өздері әрең күн көріп отырған халық майдан даласындағы солдаттарға азық-түлік, киім жөнелту үшін аянбай еңбектенді. Мемлекетіміздің қай өңірінде болсын, бұл кезең ешкімге жеңіл тимеді. Қазіргі таңда жүзге жуық тұрғыны бар ауылда 3 тоған орналасқан. Осы тоғандарды қыз- келіншектер қазған. Сол себепті Қызтоған аталған,–дейді Рәт ағамыз. Ауыл халқы тоғандарды әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Судың бәрі осы тоғандардан бастау алады. Тарих қойнауында жатқан құпияларды біліп жүру артықтық етпейді. Туған жеріңнің тарихын тану – перзенттік парызың. Өзіңді өмірге әкелген әкең мен анаңның, атаң мен әжеңнің, арғы бабаңның кіндігі байланған өлкеге кімнің де болсын ықыласы ерекше. Қызтоғандықтар бұл мекенді жұмаққа теңейді. Өкініштісі сол, бұл ауылда бүгінде адам саны азайып бара жатыр. Тұрмысы тек төрт түлікпен байланысты тұрғындар ғана қалып, көбісі аудан орталығына, қалаға қоныс аударған. Сол тоғандарды қазған қыз-келіншектер де жоқ. Бірақ, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан тіршілік нәрін адамдар өз игілігіне әлі пайдалануда. Ал, тоғанды қазған қыздар ел тарихында қалды. Ауыл атымен бірге жасап келе жатқан 1941 жылдардағы қиындыққа толы тарихи оқиға ұрпақ санасында мәңгі жаңғырса дейміз.  

Нұржан ӘЛІШ

Ұқсас жаңалықтар