Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ерлік ешқашан ұмытылмайды
ашық дереккөз
Ерлік ешқашан ұмытылмайды
1941 жылы бұрқ ете қалған Ұлы Отан соғысының зардабы орасан болды. 1945 жылы көктемде аяқталған соғыстан аман сау оралған жауынгерлер күні кешеге дейін арамызда жүрді. Осы соғыста көрген қиындықтарын айтып жеткізе алмайтын бәрінің ойы «енді соғыс болмасын, бейбітшілік заман болсын» деумен өтті. Алайда, ай мен күннің аманында, соғыстың ауылы қашықтап, бейбітшілік заман салтанат құрған кезде 1979 жылы Ауған соғысы бұрқ ете қалды. Бұл соғыс 1979- 1989 жылдар аралығын қамтып, 10 жылға ұласты. Биыл міне 15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Иә, Ауған соғысының шытырман оқиғалары баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Әлі де жазыла беретін сияқты. Арамызды таулар ғана бөліп тұрған қарапайым ауған жұртының тыныштығын алып, соғыс ашқан кімдер? Әлемге әмірі жүріп тұрған АҚШ пен бұрынғы КСРО-ның ерегісі осы соғыстың ушығуына әкеліп соқты. 1979 жылы 27 желтоқсан күні кешке Ауғанстан басшылығының тағына Бабрак Кармаль отырғызылды. Оны Кеңес Одағы басшылары атынан Ю.В.Андропов шығып құттықтады. Ауғанстан халқына жаңа басшының үнтаспаға жазылған үндеуін Кабул радиостанциясы жариялады. Ауған соғысы барысындағы басты ерекшеліктердің бірі – 40-шы армия құрамын бастапқы кезде мұсылман ұлтының өкілдерінен жасақтауы еді. Алғашқы кезеңде Кеңес Одағының барлық территориясынан шақырылған әскерилер арасында Орта Азияда туып-өскен азаматтар көп болды. Олар Ауғанстандағы ауыр жағдайларға төтеп беруге төзімді және әскери қызметтің қиыншылығына көнгіш келеді деп саналды. 1987 жылы 40-шы армияның қолбасшысы болып тағайындалған генерал-полковник Б.В.Громов, 1981 жылы өзінің 5-ші атқыштар дивизиясының командирі болып жүрген кезінде, дивизияның әскери құрамының жартысынан астамы қазақ-қырғыз, тәжік- өзбек, түркмен ұлттарының өкілдерінен құралғанын айтты. Ауған соғысына КСРО-дан 63 мыңдай әскерилер кіргізілді. Қазақстаннан 22 мыңдай жауынгер қатысып, оның 924-ті соғыста мерт болды. 27 азамат іс-түзсіз кетті. Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің 282-қорының, 57-тізімдемесінің, 727-бумасында, 115-ісінде Жамбыл облысынан Ауған соғысына қатысушы жауынгерлер жайлы қамтылған деректер бар. Онда жамбылдық 2232 жауынгердің қатысып, 71 жауынгердің мерт болып, 1 Сарысу ауданынан шақырылған жауынгердің іс-түзсіз кеткені айтылған. Ауғанстанда Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында – 86 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Батыр атағын алғандардың 29-ы осы соғыста құрбан болды. Батырлар арасында 1 қазақ, 1 өзбек, 1 тәжік, 50 орыс бар, қалғандары басқа ұлт өкілдері. Ал, Батыр атанған қазақ азаматы Орал облысының Жымпиты ауданындағы Тасқұдық елді мекенінде туған Николай Сайынұлы Майданов еді. Ол Саратовтағы ұшқыштар даярлайтын жоғары әскери авиациялық училищені бітірген. Екі рет 1984-1985 және 1987-1988 жылдары Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында Ауғанстанда болды. Кейін, 2000 жылы ақпанда Шешенстандағы соғыста қаза тапты. Қазақстандықтардың адам шығынына байланысты ТМД «Естелік» атты кітабындағы әскери деректер бойынша біздің жерлестеріміздің арасынан 22 мың адам Ауған соғысында болып қайтты. Олардың 1000-ға жуығы осы соғыста құрбан болды және Қазақстан жерінде жерленді. 21 адам із-түзсіз жоғалды. Ал, жалпы шығынның 362-сі қазақ ұлтының өкілі екені анықталды. Біздіңше бұл көрсеткіш те нақты емес. Майданда шейіт болған қазақ азаматтарының саны өсуі де мүмкін. 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес Одағы Ауғанстаннан Кеңес әскерлерін әкетуді аяқтады. Сол күні Өзбекстандағы Термез шекаралық көпірінде 40-шы армия қолбасшысы генерал-полковник Б.В.Громов Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан толық шығарылғанын бүкіл әлемге мәлімдеді. Бүгінде облысымызда 1003 ардагер бар. Одан бергі уақытта 1000-ға жуық Ауған соғысы ардагері өмірден өтті. 17 әйел медицина саласында соғыс госпиталінде еңбек етіп, қазір Тараз қаласында тұрып жатыр. 300-ге тарта әртүрлі санаттағы мүгедектер бар. Мемлекеттің қамқорлығына алынған олар жәрдемақы, зейнетақыдан таршылық көріп отырған жоқ. Тараз қаласында сол соғысқа қатысып, мерт болған Ыбырай Малдарбековтің, Нұрлан Әбішевтің, Мәлік Жүнісәлиевтің атында көшелер бар. Ал, белгілі айтыс ақыны Әзімбек Жанқұлиевтің есімімен өзі туып-өскен Байзақ ауданының (бұрынғы Чапаев) қазіргі Шахан ауылында орта мектеп аталады. Осының бәрі ерлік. Ол ескірмейді, оны жасаған батыр жауынгерлердің аты да жасай бермек. Тараз шаһарының қақ ортасынан бой көтерген «Жеңіс» саябағында Ауған соғысына қатысушыларға арналған ескерткіш бар. Лайықты жерден орын алған бұл ескерткіш 7 әскери техникадан құралған, сәулетті де мәнді ескерткіш. Ол бүгінгі жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетін дарыта отырып, патриотизмге тәрбиелейді.  

Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ,

Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің архивисті

Ұқсас жаңалықтар