- Advertisement -

«Өмірде жақсы адамдарды көп кездестірдім»

43

- Advertisement -

Айтыс – қазақтың ұлттық рухани құндылығының бірі. Халқымыздың атамұра өнері Әулиеата төңірегінде жақсы дамыған. Жамбылдық айтыскерлердің алдыңғы сапында жүрген, мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов мерейлі 60 жасқа толды. Біз айтыскер ақынмен жүздесіп, сұхбаттасқан едік.

– Сіздің өнерге келуіңізге, айтысқа ден қоюыңызға кім ықпал етті?

– Дәннің де құнарлы жерге өсетіні секілді, қай өнерпаздың болса да шыңдалуына танымал адамдар, үлгілі орта ықпал етеді. Анам кең ойлайтын, еңбекқор, сыйлы кісі еді. Өнерден де алшақ болмады. Өз жағымнан, нағашы жағымнан да қасиетті өнер дарыды. Ауылдың көнекөз, ақылы дария ақсақалдарынан да үйренгеніміз аз болмады. Өмірде жақсы адамдарды көп кездестірдім.

– Кезінде Шорабек Айдаров, Серік Қалиев бәріңіз айтыс сахнасында облыс намысын бірге қорғадыңыздар. Сол кезден қандай жақсы естелік айта аласыз?

– Облыста айтыс өнерінің дамуына Шорабек Айдаров белгілі дәрежеде ықпал етті. Аудандық, облыстық айтыстарды ұйымдастыруға да жан-тәнімен кірісетін. Осы кісіден үйренгенім де аз болмады. Серік Қалиев үшеуміз республикалық айтыстарда кезек-кезек өңір намысын қорғаудан бөлек, аудандарға да айтыс, концерт өткізіп барып тұрушы едік.

Сондай сапардың бірінен қызықты сәтті айта кетейін. Бірде пойызда келе жатқанда қатарлас купеде ұйықтап жатқан қызды көзі шалып қалған Серік Қалиев: «Қыз емес, қыздың аты қызыл кәмпит» десе, Шорабек Айдаров: «Қызға тиіспей, тиыш отыр бұзылған «ит», деп жауап бергені әріптестердің арасына кең тарап кеткен еді. Ол кезде байзақтық Әзімбек Жанқұлиев, Алтынкүл Қасымбекова да облыс намысын жоғары деңгейде қорғап жүрді. Таластық ерлі-зайыпты ақындар Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенова да – жас кезімізден бірге келе жатқан достарымыз.

– Сізді жұрт Мұхамеджан Тазабеков пен Айнұр Тұрсынбаеваның, Алик Бекмұсаевтың ұстазы деп құрметтейді . Оларға көп қолдау көрсеттіңіз. Сіз де қиналған кез болды. Жұмыссыз қалдыңыз бір кездері. Сол кезде Мұхамеджан немесе Айнұр қолұшын берді ма? Тым болмаса жағдай сұрап, жылы сөзін айтты ма?

– Шәкірт дайындасақ, оларға міндет қылмаймыз. Ол ұстаздық жолымыз. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағиданы ұстанғанымыз. Ең бастысы, сол ашылған бұлақтардың халыққа пайдалы болғаны. Мұхамеджан, Айнұрдың да жылы сөздерін айтып, қолдау білдірген кездері көп. Ал, ауылдағы өз басыма қатысты мәселелерді өзім де шешіп ала аламын. Олардың маған қарайлағанынан да, еліне кең танылып жүргені өте маңызды.

– Бірнеше әніңіз бар, сөзін де өзіңіз жазғансыз. Композиторлық қасиетіңізді дамыта алмадым деген өкініш жоқ па?

– «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ақындық, айтыскерлік, әншілік қырымызға композиторлық өнеріміз қосылып жатқаны бір мерей. Қазіргі таңда 15-тен астам әнім бар. Әндерімді бірнеше әнші шәкірттерім, замандастарым орындап жүр. Оның көпшілігі ауылыма, еліме, жеріме арналған. Шайдана ауылындағы мәдени қызметкер Гүлмира Байболованың орындауындағы «Ащыбұлақ» әні барша ауылдастардың көңілінен шығып отыр. Ешқандай өкінішім жоқ.

– Қонысбай Әбіловпен керемет сәтті айтысыңыз ел аузында жүр. Сол жолы жеңіске жеттіңіз. Бұл жеңісіңіз қалай бағаланды? Сізден жеңілгеніне шамырқанып қалған жоқ па?

– 1995 жылдары сондай бір сәтті айтыс болғаны рас. Халық ақыны Қонысбай Әбілов қашанда шоқтығы биік өнерпаз ағамыз емес пе? Ол кісінің түсінігі бір айтыстың нәтижесінен жоғары тұрды деп ойлаймын. Айтыстың тарихында алтын әріптермен жазылған тұлғалардың қатарында Қонысбай ағамыз бар деп білемін.

– Маралбек, Ғани, Ақботаға ұстазсыз! Ерлан Жүнісбай да сізден домбыра үйренді. Олардың қазір ұстазына деген құрметі қандай?

– Олардың құрметтеріне көңілім толады. Жақында ауылда мәдениет үйі мен кітапхана ұжымы жасап берген кешіме шәкірттерім Маралбек Бабақұлов пен Ғани Мәтебаев келіп, әндерімді орындап, мерейімді өсіріп кетті. Мен жас күнінде бағыт берген Ерлан Жүнісбайдың бұл күнде облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын басқарып отырғанына қуанамын. Бұйырса, алдағы 9 ақпан күні аудан орталығында өтетін кешіме Алматы және өзге де өңірлерден біраз қонақтар келеді. Шәкіртім Ақбота Ержанова да сол кеште ән шырқайтын болады.

– Жас шәкірттерді әлі дайындап жүрсіз. Кімдерден үміт күтесіз?

– Шапағат Сәбитқызы, Елбек Нұрмаханбетов, Жанерке, Нұрислам Исақов деген жас шәкірттерім бар. Барлығынан жақсы үміт күтемін.

– Алдағы күндері 60 жас мерейтойыңызға орай өтетін үлкен шығармашылық кешіңізге дайындық қалай?

– Дайындық жаман емес. Аудандық мәдениет бөлімі қажетті жұмысты жұмылып көтеріп жатыр. Мерейтойымның өтуіне қолдау білдірген Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлына алғысым шексіз. Жұбайым Әсел Назаралы екеуміз менің мерейтойымды қолдаған, біз үшін қуанған қауымға өте ризамыз!

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Жамбыл ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support