- Advertisement -

Арам ниеттілерден абай болыңыз

26

- Advertisement -

Бұл күнде қоғамда интернет алаяқтықтың тым көбейіп кетуі қоғамдық резонанс тудырып отыр. Нақ осы қылмыс түрінің ең көп таралған тәсілдерінің бірі – интернеттегі түрлі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу. Бүгінде интернет алаяқтықтардың жартысы дәл осындай жолмен жасалған. Екіншісі – микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн қарыз рәсімдеу. Жиі қолданылатын үшінші тәсіл – азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізгеннен кейін банк шоттарындағы бүкіл қаражатын жымқыру.

Рас, қарапайым халық әккілердің тұзағына тез ілігіп қалады. Мәселен, соңғы уақытта өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, ауыстырмалы нөмірден қоңырау шалатын алаяқтар көбейді. Әдетте, олар өздерін екінші деңгейлі банктің қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстырады. Сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулердің бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуға кеңес береді. Мұндай адамдармен көп сөйлеспеген дұрыс. Егер сізге «банктен немесе полициядан хабарласып тұрмын» десе, телефонның тұтқасын бірден қоя салыңыз. Екінші кезекте мұндай кезде, тек қазақ тілінде сөйлеу керек. «Мен сіздің айтқаныңызды түсінбеймін, қазақша айтыңыз» десеңіз, олар тұтқаны қоя салады. Неге десеңіз, сөзіміздің басында айтқандай, алдауға дағдыланған адамдар осы тұрғыда ұзақ дайындалады. Неше түрлі психологиялық әдістер әзірлейді. Міне, сол себепті олардың осы алдын ала дайындықтары орыс тілінде болғандықтан, сіз қазақша сөйлесеңіз, амалсыз тұтқаны қояды.

Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену немесе өз мүлкіндей пайдалану құқына заңсыз қол жеткізу үшін қылмыскер алдап-арбау амалдарын қолданады. Басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Бұл арада алдау және сенімге кіру жолымен басқа қылмыстар да жасалуы мүмкін екенін еске алу керек. Олардың жазасы қатаң. Алаяқтар жауапкершілігі қылмыстық- құқықтық нормалар бойынша қарастырылады. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнісін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу маңызды. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағанын тиісті органдар анықтап алу қажет. Мұның өзі қылмыстық заңда қылмыстық жауапкершілікке тартуға бірден-бір негіз болады.

Ал, олар телефон шалғанда тыңдай бастадыңыз ба, онда өзіңіз арбауға қалай түсіп қалғаныңызды байқамай қаласыз деген сөз. Олар сіз туралы ақпаратты дәл айтып тұрғандай болады, қай банкте қанша ақшаңыз бар екенін, оны қашан алып, қашан салғаныңызды нақты айта бастағанда, амал жоқ, сене бастайсыз. Тіпті, оған қоса олар сіздің балаңыздың, бауырыңыздың қайда жұмыс істейтінін, жасын да дәл айтып бере алады. Шындығында, оған сол ақпаратты сіз өзіңіз онымен сөйлесуіңіз арқылы айтып тұрсыз. Өйткені, олар құйтырқы бір сұрақ қойғанда, жауап берсеңіз болды. Сол арқылы бәрін біліп тұрады. Сондықтан банк, ақша, ұтыс туралы телефон шалған адаммен көп сөйлеспеген абзал. Есіңізде болсын, банк қызметкері немесе полиция сізге еш уақытта мұндай мәселеге бола қоңырау шалмайды.

Өткен жылы ішкі істер министрлігі киберқылмысқа, атап айтқанда, арам ниеттілермен қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламаны бекітті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде интернет алаяқтарының біршама жолы кесіліп, заңсыздықтар әшкереленді.

Жасыратын несі бар, интернетте жарнамасы жарқырап тұрған тауарларды көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Десе де, мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауарды алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтап алу керек. Оның мекенжайы, байланыс телефондары бар ма, жоқ па – осы мәліметтерге мән беру маңызды. Реті келсе, сайтта көрсетілген нөмірге хабарласып, өкілімен сөйлесу қажет.

Қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселелерінің бірі – интернет алаяқтық. Шын мәнінде, қарапайым қауіпсіздікті сақтауға немқұрайлы қарайтын ел-жұрттың басым бөлігі алаяқтардың құрбанына айналған. Технологияның тілін мықты меңгерген әккілер әсіресе, әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Сондай-ақ, олар интернетте жалған хабарландырулар орналастырып, аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасауды да қолға ала бастады. Осылайша, бұрындары «қорадағы малым жоғалды» деп полиция ғимаратының табалдырығын тоздыратын тұрғындар бүгінде «шотымдағы қаражатымнан қағылдым» деп дабыл қағуда.

Жасыратыны жоқ, қазір азаматтардың ақшасын алдау жолымен заңсыз иемдену – қылмыстың ең көп тараған түрі. Бұл пікірмен тәртіп сақшылары да келіседі. Рас, интернет алаяқтықтың өршуіне пандемия кезіндегі шектеу шаралары ерекше әсер етті. Сол тұста тұтынушы халық онлайн қызмет көрсету түрлеріне жүгініп, өздеріне қажетті тауарларды ғаламтор арқылы сатып алуға мәжбүр болды. Сәйкесінше, банктердің қызмет көрсетуі барынша цифрлық форматқа көшті. Онлайн қарыздар мен электронды ақша аударулар көбейді. Цифрлық технологиялардың дамуы осы мобильді қосымшаларды пайдалана отырып жасалатын ұрлықтардың өсуіне әкеп соқты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында құзырлы орган өкілдеріне әп-сәтте алданып, сан соғып қалған жұртшылыққа жәрдем беруді жүктеді. Мемлекет басшысының өзі бұл мәселеге айрықша көңіл бөлсе, жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Бас құжатта Президент «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», – деді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша міндеттерді тиімді орындау мақсатында Ішкі істер министрлігі ведомствоаралық бағдарламаны жүзеге асыру және алаяқтар мен қаржы пирамидаларымен күресу бойынша жол картасын іске қосқаны белгілі. Оны жүзеге асыру жоспары ұйымдастырушылық және профилактикалық сипаттағы іс-шараларды, оның ішінде мемлекеттік органдар, банк мекемелері, байланыс операторлары және тағы басқа органдармен өзара іс-қимылды қамтиды. Мәселен, біраз уақыт бұрын WhatsApp мессенджерінде арнайы чат құрып, спорттық сайыстарға ставка тіккендерден 50 пайыз кіріс алуды жарнамалап келген жамбылдық тұрғын ұсталды. Тараздық пысықай бәс тігіп, тез байып кетуді армандаған адамдарға 30 мыңнан бастап, 100 мың теңгеге дейін ақша салдыртып отырған. Осылайша, ол 14 адамды алдап соққан. Ал, биыл өңір полицейлері дәл осы санаттағы қылмыспен айналысқан 15 азаматты құрыққа түсірді. Сондай-ақ, есепті кезеңде интернет жүйесін пайдаланумен жасалған 59 қылмыстық іс тіркелген. Айта кетейік, еліміздің Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 2-бөлігі 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе 4 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды көздейді. Бұдан бөлек, қылмыстық топ құрамында болған немесе қылмыс аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Өңірлік полиция департаментіне қарасты криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Мұхамед Қошмағанбетовтың айтуынша, тәртіп сақшылары интернет алаяқтық қылмыстарын болдырмау және ел азаматтарын арам ниеттілерден сақтандыру мақсатында телеарналар мен жергілікті баспасөз бетінде түсіндірмелік мақалаларды жүйелі түрде жариялап, облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларына профилактикалық бейнероликтер орналастырған.

Осы жылы интернет алаяқтықпен айналысқан 15 тұлға ұсталса, олардың 11-і өзге өңірдің тұрғындары екендігі анықталды. Нақтылай түссек, қитұрқылыққа толы жолмен қылмысқа барғандар Алматы, Шымкент, Семей қалалары мен Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының азаматтары. Шынтуайтында, қарапайым тұрғындар қауіпсіздік шараларына жіті мән беріп, дербес деректерін, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауы тиіс. Сондай-ақ, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбей, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмай, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпаған жөн. Бұл жөнінде біз азаматтармен болған кездесулер барысында жиі айтамыз. Басқосуларда тұрғындарды кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға нанбауға шақырамыз. Кімде-кім интернет алаяқтардың құрбаны болған жағдайда ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефонына хабарласулары керек, – деді Мұхамед Сейтқазыұлы.

Әдетте, алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі амалдарды қолданып жатады. Тіркелген істерді саралап көрсеңіз, алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді (бағдарламалық жасақтама) белсенді пайдаланатынын аңғаратыныңыз анық. Яғни, олар бағдарламалық жасақтаманың көмегімен шынайы абоненттік нөмірді өзгертіп, жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға күш салады. Сондай-ақ, олар өздерін банктің қауіпсіздік қызметі, полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде таныстыратынын қайтерсіз? Жуырда ғана Тараз қаласында 16 миллион теңгеге жуық алаяқтық қылмыс жасады деген күдікпен ер адам ұсталды. Өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған ол жерлесіміздің бірінің сеніміне кіріп, оған тиесілі қаражатты пайыздық қарыз түрінде иемденген. Бұдан бөлек, жәбірленушінің ұлын мемлекеттік қызметке орналастыруға және сот ісін жүргізуге көмектесуге уәде берген. Бүгінде келтірілген шығын 15 936 930 теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 4-бөлігі, яғни, алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ал, ел-жұртты сарсаңға салған 26 жастағы жұмыссыз азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған. Енді оның қылмысы дәлелденсе, сот шешімімен мүлкі тәркіленіп, он жыл немесе өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, бес жылдан он жылға дейін темір торға тоғыту жазасы қарастырылуы мүмкін.

Дәл осындай алаяқтарға алданып, тығырыққа тірелгендерді әңгімеге тартсаң, көбінің мәселесі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты болып шыға келеді. Алаяқтар олардың атынан бірнеше рет несие рәсімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп берген. Әйтпесе, қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады. Заңгер Жасұлан Шыршықбаев тұрғындардың құқықтық сауаттылығының төмендігі ең бірінші кезекте өздерін әттеген-айлатып отырғанын айтады. Білікті маман банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайтынын, қажет болған жағдайда «бөлімшеге келіп кетіңіз» деп өтінетінін алға тартты.

– Кез келген маңызды мәселе телефонмен қоңырау шалу арқылы шешілмейді. Мұны барлығы білуі тиіс. Сізге қатысты қандай да бір мәселе туындаса, банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері алдымен өзін таныстырып, тиісті мекеменің кез келген бөлімшесіне келуіңізді сұрайды. Олай болмаған күнде олардың алаяқ екендігі айдан анық. Осыны ұмытпайық. Айта кететін тағы бір маңызды мәселе – әрбір интернетке қосылған компьютер мен планшетте, тіпті ұялы телефонда вирусқа қарсы бағдарламалар болғаны дұрыс. Өйткені, ол қажетсіз, күмәнді зиян келтіретін файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады.

Осы сайт арқылы бұрын тауар сатып алған таныстарыңыздың пікірін тыңдау да артықтық етпейді. Ал, біздің азаматтардың көпшілігі аз ғана уақыт алатын осы әрекеттерді орындауға құлықсыз. Керісінше, тұрғындар жеке құжатындағы және банк картасындағы мәліметтерді, аударымдар туралы квитанцияларды, кодтар мен құпия сөздерді оңды-солды таратуға бейім. Осыдан соң интернет алаяқтардың құрығына түскенін айтып байбалам салады. Қысқасы, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артпайынша, киберқылмыстың да саны азая түспесі белгілі, – деді Жасұлан Оразбекұлы.

Қорыта айтқанда, интернет алаяқтарының арбауына түспеу – әркімнің өз қолында. Табаныңызды тасқа тілдіріп, жанарыңызды жасқа жудырып тапқан қаржыңыздан қас пен көздің арасында айырылып қалмау тікелей өзіңізге байланысты. Бұл тұста заңгер айтқандай, сәт сайын құқықтық сауаттылықты арттырып отырудың зияны жоқ.

 

Интернет материалдары негізінде дайындаған Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support